«Жолдағы қабылдау» қайта жаңғырды

Ішкі істер министрі Ерлан Тургумбаевтың нұсқауы бойынша халықпен кері байланысты нығайту мақсатында республикамызда 5-6 сәуір күндері «Жолда қабылдау» мобильді акциясы өтті. Елордамызда мобильдік топтар екі күн қатарынан азаматтарды арнайы жабдықталған автобустарда қабылдап, қажетті мағлұматтар берді.
«Акцияның мақсаты – полиция қызметкерлерінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету болғандықтан, мобильдік топ құрамындағы әкімшілік полиция қызметкерлері жол қауіпсіздігі сұрақтарына қатысты жауап берді. Акция елордамыздың 6 нүктесінде: «Алма» сауда үйі ауданы, «Mega Silk Way» сауда-ойын сауық кешені, «Astana Mall» сауда-ойын сауық кешені, «Арнайы халыққа қызмет көрсету орталығы» ауданы, Орталық сауда кешені және Алматы ауданының мемлекеттік кірістер бойынша басқармасының ауданы сияқты қаланың 6 аумағында өткізілді. Бұл нүктелерде «Жолдағы қабылдау» деген жазуы бар автобустар орналастырылды. Біздің қызметке қатысты барлық кеңесті бір жерден алу мүмкіндігі туды», – деді Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Елжан Чупеков.
Мобильді топтар азаматтарға жол-қауіпсіздігі, көші-қон заңнамасы, автокөліктерді тіркеу, жүргізуші куәлігін алу, жеке куәлікті алу, төл-құжатты алу, автокөліктерге қосымша бөлшектер орнату және әкімшілік айыппұлдарды төлеу жөніндегі мемлекеттік қызметтерді көрсету сұрақтары бойынша кеңес берді. Нұр-Сұлтан қаласы ПД-нің әкімшілік, жергілікті, және көші-қон қызметінің басшылары «Жолда қабылдау» акциясы аясында азаматтарды қабылдады. Олар азаматтарға азаматтар көп шоғырланған жерлерде арнайы жабдықталған автобустарда әкімшілік айыппұлдар, полиция көрсететін мемлекеттік қызметтер және ішкі істер органдарын цифрландыру мүмкіндіктері туралы айтты.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ, Суретті түсірген БЕК ИМЕКЕШОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*