877 жүргізушіге цифрлық форматтағы қызмет

Жыл басынан Солтүстік Қазақстан облысында жүргізушілер қатары 702 адамға толықты. Полицейлер барлығы 2,5 мыңнан астам емтихан қабылдады.
СҚО Полиция департаменті тіркеу-емтихан алу бөлімінің қызметкерлері 1 тоқсанды қорытындылады. Облыс тұрғындарына екі бағытта: тіркеу және көлікті қайта тіркеу, жүргізуші куәліктерін беру бойынша 21395 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Көлік басқару құқығын 5219 адам иеленді. Олардың 702-сі құжатты алғаш алып отыр. Мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінің 5148 жиынтығы берілді. Оның ішінде 27-сі аса сұранысқа ие нөмірлер.
«Мемлекеттік қызмет көрсету саласын дамыту азаматтарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған», – дейді СҚО ПД Тіркеу-емтихан алу бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Сергей Гизбрехт. – Маңызды міндеттердің бірі – аудандардағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарында да біздің қызметкерлердің жұмыс орнын ашу. Мұның арқасында аудандардың тұрғындары жүргізуші куәлігін алу мен өз көліктерін тіркеу үшін облыс орталығына келуге мәжбүр болмайды. Бүгінде Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары Петропавл қаласынан басқа, Тайынша мен Булаево аудандарында, Явленка селосында жұмыс істейді. Екінші тоқсанда Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда, Шал ақын ауданында Мамандандырылған ХҚКО ашу жоспарда бар».
Бұдан бөлек, үстіміздегі жылы 877 мемлекеттік қызмет қашықтықтан көрсетілді. 677 солтүстікқазақстандық жүргізуші куәліктерін «электрондық үкімет» порталы арқылы электрондық-цифрлық қолтаңбаның көмегімен алды. 200 адам көліктерді қайта сату кезінде оларды тіркеуге қойған немесе тіркеуден шығарған. Бұл қызметтерді пайдалану үшін электрондық-цифрлық қолтаңба мен мемлекеттік баж салығын қашықтықтан төлей алу мүмкіндігі болуы жеткілікті. Кеңестерді 50-49-38 телефоны арқылы алуға болады.
Тағы бір жаңашылдық – көлік жүргізу бойынша емтихандарды автомектептерде оқымай-ақ тапсыру мүмкіншілігі. Жыл басынан теріскейде 34 адам жүргізуші куәліктерін осылайша алуға тырысыпты. Олардың тек 10-ы ғана сәтті тапсырған. Негізінен, кәсіби мамандардың көмегіне жүгінген абзал дейді полиция қызметкерлері. Оқу сапасына ерекше көңіл бөлінеді. Тіпті курстан өткендер алғашқы мүмкіндіктен емтихан тапсыра алмайтын кездер де болады. Үміткерлерге қайта дайындалу үшін арасы бір апта болатын 3 мүмкіндік беріледі. Үшеуінен де сүрінген адам жарты жылға емтихан тапсыру құқығынан айырылады.
3 айда облыста 13 үміткер қайталап оқып, дайындалуға мәжбүр болған. Қазір 620 адам соңғы, үшінші мүмкіндіктерін пайдалануға дайындық үстінде.

СҚО ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*