Қайсарлықтың үлгісі – Мәлік Қайбар

«Әке көрген оқ жонар» деген мақалдың дұрыс айтылғанын бүгінгі кейіпкеріміздің өмір жолынан байқауға болады. Мәлік Сұнғатұлы небары 27 жаста болса да, қызметте талай сатылардан өтіп, қазіргі таңда Түркістан облысы Полиция департаменті тергеу басқармасы бастығының орынбасары лауазымына тағайындалған. «Қандай жетістікке жетсем де, темірдей қатал әкенің тағылымды тәрбиесінің жеңісі деп білемін»,-деген Мәліктің әкесі – Сұңғат Тленшин ішкі істер саласындағы білікті басшы. Түркістан облысы Полиция департаментінің Тылмен қамтамасыз ету басқармасының бастығы қызметінде.
Шымкент қаласында туып-өскен Мәлік жастайынан полицей болуды армандайды. Жүрек түкпіріндегі арманын жүзеге асыру үшін 2009 жылы Алматы қаласы ІІМ Академиясына оқуға түсіп, 2013 жылы үздік бағамен бітіріп шығады. Оқуды тәмамдаған жас маман Шымкент қаласы Еңбекші полиция бөлімінің тергеушісі қызметіне орналасады. Әрбір қылмыс тергеушілердің араласуынсыз ашылмайтыны белгілі. Осындай қайнаған қызметтің ортасында жүрген жас маман небір қылмыс түрлерін тергеп, тәжірибе жинақтайды. Жұмысқа тұрған жылы лейтенант болып жүріп, 3 ай қатарынан қасақана кісі өлтіру фактісі бойынша 3 бірдей қылмыстық істі сотқа жіберіп, басшылық көзіне жұмысқа деген адалдығы, іскерлігімен көрінеді. Ауыз толтырып айтарлықтай талай қызметтерден өткен азамат «Тергеуші болу үшін бірінші кезекте шыдамдылық, әр іске, әрбір жәбірленушіге жаны ашып, көмек қолын созу, ашық сөйлесу, Жаңа заңдармен танысып отыру, әрбір іске жеке жақындау, көп оқып, ерінбеу керек» дейді. Ата-анасының қолғанаты, отбасының тұңғышы және жалғыз қарындасының қамқоршысы Мәліктің бүгінде асыл жары, 2 ұл 1 қызы бар, қара шаңырақтың иесі атанып отыр. Бала кезінен шенділерді көріп өскен Мәлік өзінің қызметін сүйіспеншілікпен атқарады. Қызмет барысындағы жауаптылығын, ұқыптылығын байқаған басшылар күрделі тапсырмаларды орындатып, сенім білдіреді. Өз еңбегімен көтеріліп келе жатқан білікті маман бүгінде бірқатар қылмыстарды тергеп, ашылуына ықпал етті. 2016-2018 жылдар аралығында Сайрам ауданы ТБ-нің бастығы қызметінде жүргенінде жасөспірімдер арасында және тойханада болған атыстар сынды істерді тергеп анықтаған. Жас та болса бас болған шенді өзінен кейінгі жастарға – жауапкершіліктің мол болып, немқұрайлылық танытпай, басшылықтың сеніп тапсырған тапсырмасын уақытылы, дер кезінде орындай білу үшін аянбай қызмет ету керек, білмегеніңді қайта сұрап, ізденіп, міндетті түрде жоспарың болып, мақсатыңа жетуге талпынуың керек» деп ағынан жарыла пікірін білдірді. «Ең бастысы қызметіңе қызығушылығың жоғары болса, алмайтын асу жоқ» – дегенді өмірлік ұстаным еткен Мәлік Сұнғатұлынан болашақта генерал шығатынына сенім білдіреміз. Қазірдің өзінде, еңбектері еленіп, түрлі деңгейдегі марапаттарды иеленіп, алғыс алып жүрген азаматқа жұмыста табыс тілейміз!

Айдана ҚАНАТБЕКҚЫЗЫ,
ТО ПД-нің баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*