Әзілқой полицей

Тәртіп сақшыларының арасында қызметпен қатар өнерді де қатар алып жүрген жастардың бірі – «Жайдарман» ойындарында полиция қызметкерінің рөлін ойнап жүрген ақтөбелік жігіт Ақтөбе облысы полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының жол-патрульдік полициясының полицейі, полиция аға сержанты Азат Тәженов.
Азат Ақтөбе қаласында қарапайым отбасында туып өскен. Қаладағы №42 орта мектепті бітіріп, М.Тынышпаев атындағы Ақтөбе көлік және коммуникациялар колледжінде оқып білім алған. 2012-2013 жылдар аралығында әскерде болып, Отан алдындағы борышын өтеген. Мектепте жүргеннен-ақ сыныпаралық көңілді тапқырлар ойындарына қатысып, кейін оқу орны қабырғасында да, әскерде де осы өнерінен қол үзбеген.
«КТА-да ойнап жүрген кезімізде команда капитаны маған «сенің түрің полицейге ұқсайды, полицей болып ойна» – дейтін. Содан мен тәртіп сақшыларына қатысты әзілдер айтып сахнаға шығып жүрдім. Уақыт өте келе өзім де жүрек қалауымен осы салаға келдім. Полицейлердің жұмысы күрделі әрі жауапкершілігі мол. Жұмысқа келген соң ғана барып бәрін нақты түсінесің. 2013 жылдан бері мен ішкі істер органы саласында еңбек етіп жүрмін. Бұл салада өз ісінің білгірі, патриоты көп» – дейді 27 жастағы жас тәртіп сақшысы Азат Тәженов.
Азат Тәженов 2014 жылдан бері «Парасатты полицей» байқауына белсене қатысып, Ақтөбе облысы ПД-нің намысын қорғап келеді. Ақтөбеліктердің «Серт береміз» командасы 2017 жылы тапқырлықтары мен білімділіктерін, алғырлықтарын көрсетіп, 20-дан астам команда ішінен озық шығып, республика бойынша Бас жүлдені жеңіп алды.
Азаттың қасындағы жолдастары да бірлесіп, сайыстарға бірге дайындалып, ортақ мақсат үшін бір кісідей жұмылады. Жасөспірімдер ісі жөніндегі инспектор Іңкәрбек Малаев, инспектор Марат Аймұханов пен ақпараттық-аналитика орталығының инспекторы Айжан Маратова бір үйдің баласындай ауызбірлікпен ынтымақтары жарасым тауып, полиция департаментінің абыройын қорғап жүр.
Республикалық байқауларда бақ сынап, озық атанған ақтөбелік тәртіп сақшылары әлі де талай белестерді бағындырудан үмітті. Полицияның күнделікті жұмысындағы қиындықтар мен қызықты сәттерді астарлы әзілмен халыққа жеткізу де оңай емес.
«Полицейлер – ел қорғаны. Тәртіп сақшысы болу – менің бала кезгі арманым еді. Бұл жұмыста төзімділік пен сауаттылық керек. Ең бастысы – білімділік. Жас кезімде спортқа қатыстым. Қазір де қолым бос уақытта әріптестеріммен футбол ойнағанды жақсы көрем. Отбасымда екі балам бар. Жұбайым да менің жұмысыма түсіністікпен қарайды. Біздің елімізде жастарға білім алып, ел игілігі үшін еңбек етуге бар мүмкіндік жасалған, – дейді полиция аға сержанты Азат Тәженов.
Елбасы жариялаған «Жастар жылы» аясында ісімен көпке үлгі болып жүрген еңбекққор әрі тапқыр жастарымызды насихаттау да қолға алынып отыр. Сондықтан, басты мақсат – осындай өнерлі жас тәртіп сақшылары туралы көпке жеткізу. Жастар – еліміздің ертеңгі болашағы. Адал еңбек етіп, елімізді көркейтуге, ел азаматтарының тыныштығын сақтауға үлес қосу басты парызымыз дейді олар.

Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*