Сыр сақшыларының мақтанышы

Дзюдо және самбо күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері, полиция аға лейтенанты Ержан Абдуллаев – елімізде танымал талай спорт саңлақтарын дайындаған Қармақшы аудандық спорт мектебінің түлегі. «Әке балаға сыншы» демекші, кенжесі Ержанның қайтпас мінезі мен дене бітімінің күреске бейімділігін байқаған әкесі Серікбай ұлын 1-сыныпқа берген жылы-ақ күрес залына апарды.
Сол уақыттан боз кілемде басталған қажырлы еңбек пен төккен тер өз нәтижесін беріп, Ержан жоғары деңгейдегі додаларда топ жара бастады. 2007 жылы самбодан Қазақстан Республикасының чемпионы атанып, ұлттық құрама сапында Азия чемпионатында 3-орынға қол жеткізсе, 2009 жылы дзюдодан өткен ел біріншілігінде қарсыластарының барлығынан үстем шығып, сол жылы Ливанда болған Азия чемпионатында да қола жүлдеге қол жеткізді. Сонымен қатар, дзюдодан 2013 және 2014 жылғы ел чемпионатының жүлдегері болды.
Осылай биік шыңдарды бағындырған спорттық ғұмыры жалғаса беретін бе еді, алайда полиция нысанды киімін киіп, қоғамдық тәртіп сақтау болған бала кезіндегі арманы Ержанды 2014 жылы ішкі істер саласына жетеледі. Сол жылы ішкі істер органдарындағы қызметін бастаған Е. Абдуллаев әрқашанда тепсе темір үзетін қайратты, жүрегінде оты бар батыл қызметкерлерден құралған Жылдам қимылдайтын арнайы жасаққа бағытталды.
Қырағылық пен төзімділікті және әрдайым арнайы машықтарды дамытуды қажет ететін қызметте жүрген Ержан спорттық бабын жоғалтпады. 2015 жылы жекпе-жек сайысынан ІІМ чемпионатында 2-орынды иеленсе, 2017 жылы Америка Құрама Штаттарында Бүкіләлемдік полицейлер мен өрт сөндірушілер арасында өткен әлем чемпионатында ел намысын қорғап, дзюдо күресінен 3-орын, греплингтен 2-орынды жеңіп алды.
Сол сияқты, 2018 жылы самбодан өткен ел чемпионатында топ жарса, осы жылы Алматы қаласында дзюдодан өткізілген «Конфедерация кубогында» командалық 3-орынға қол жеткізді.
Қызметте сауатты, адал, мінезі салмақты Ержан қазіргі таңда Қызылорда облысы Полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының аға инспекторы, полиция аға лейтенанты.
Өзінің тікелей міндеттерімен қатар, соңынан ерген жас қызметкерлерге бос уақытында жинаған тәжірибесімен бөлісіп, боз кілемде күрестің қыр-сырын үйретуден жалыққан емес.
Үлгілі отбасының отағасы Ержан мен зайыбы 2 ұл өсіріп отыр.

Қызылорда облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*