Түзеу мекемесіндегі мереке

Жуырда Алматы қаласы Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты ЛА-155/6 түзеу колониясының ауласында мереке өтіп, кернеген күмбірлеген күй мен әуелеген ән алысқа естіліп жатты. Мекеме қызметкерлері де, аталған колонияда жазасын өтеп жүрген жасөспірімдер де бұл күні ерекше көңіл-күйде болды. Күллі мұсылман еліне ортақ мереке – Наурыз мейрамын салтанатты түрде атап өту ЛА-155/6 түзеу мекемесінде жыл сайынғы дәстүрге айналған.
Биыл бұл мерекеге Жетісу ауданы әкімдігінің өкілдері мен мекемедегі ата-аналар комитеті де белсене атсалысты. Жасөспірімдер үшін, әсіресе, ең қуанышты сәт – «Басығараевтар» отбасылық ансамблінің келуі болды. Ансамбль өнерпаздарымен бірге сотталған балалар да өз өнерлерін ортаға салды. Солардың ішінде көрермен ризашылығына ерекше ие болған көріністің бірі – жазалы жасөспірімдердің қазақ әндерінен гитарамен орындаған попурии мен флеш-моб болды.
Наурыз мейрамының сәнін келтірген көрініс «Көрісу» кезінде балалар бұл салттың тәрбиелік мәнін түсінді. Адамдардың бірін-бірі кешіруі мен жаңа жылға аман жеткені үшін туыстардың бір-бірімен көрісуі олардың жан дүниесіне әсер еткені соншалықты, қазақтың бұл дәстүрін ешқашан ұмытпайтындай болды.
Адам өлтіруге оқталғаны үшін сегіз жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілген Сағыныш атты баланың жүрегінен төгілген өлең жолдары мерекеге жиналғандардың көңілін толқытып, көздеріне жас үйірді.

Сіз қияда, біз қырық төрт адамбыз,
Бостандықта қалды аңырап анамыз.
Темір тормен шегендеулі тағдырым,
Осы болар біздің ауыр жазамыз.

Сіз қияда, біз қырық төрт адамбыз,
Басқалардың ойларынша – наданбыз.
Шара бар ма тағдыр солай болса егер,
Бірақ та біз жақсы адам боп қаламыз.

Сіз қияда, біз қырық төрт адамбыз,
Бәріміз де жан емеспіз армансыз.
Бес жыл, мейлі он жыл болсын жазамыз,
Адам болып, босап тордан шығамыз.
Мереке кезінде Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің өкілдері, «Жоғары сынып оқушыларына арналған қаржы курсын» аяқтағандығы жөнінде 5 сотталған балаға сертификаттар табыстады. Мерекенің соңы көптеген ұлттық спорттық ойындармен аяқталды.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА, Алматы қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*