Бейбіт күннің батыры – Шалқар

Көліктегі полиция департаментінде Ішкі және сыртқы коммуникациялар басқармасының ұйымдастыруымен өзгенің өмірін құтқару жолында өз жанын пида қылған батырымыз – Шалқар Ақымғалиевті еске алу мақсатында ашық сабақ өткізілді. Оған Көліктегі ПД-нің басқарма қызметкерлері қатысты.
Сабақтың мақсаты – бүгінгі күннің батыры, ерлікпен қаза тапқан атыраулық полицей Шалқар Ақымғалиевтің ерлігі мен азаматтығын үлгі ету. Бұл оқиға естіген жанның бәріне батты. 21 наурыз күні сағат 21:52-де полицияға көпірде бір адамның суға секірмек болғаны жайлы хабарлама келді. Атырау қаласының полиция қызметкерлері дереу оқиға орнына жеткен. Солардың ішінде Шалқар Ақымғалиев те болды. Ол көпірден секірген атыраулықты құтқармақ болып мұзды суға батып, қайтыс болды. Отбасының тірегі, жалғыз асыраушысы 1 сәуір күні 25 жасқа толар еді.
Ашық сабақ барысында ерлік, батылдық, азаматтық борыш, адамгершілік сынды ізгі қасиеттерге ерекше тоқталып, бүгінгі күнде де арамызда осы жақсы қасиеттерді бойына сіңірген батырларымыз бар екендігі жайлы атап өтілді. Ер есімі – ел есінде қалатын сондай батырларымыздың бірі – Шалқар Ақымғалиев.
Мұндай іс-шараларды өткізіп, ерлерімізді еске алу – бізге, әсіресе жастарымызға үлгі-өнеге әрі мақтаныш. Осылайша, жастар санасына, халық жадына берік ұялату арқылы отансүйгіштік, батырлық, ерлік, адалдық қасиеттерге тәрбиелеуіміз қажет.

Көліктегі полиция департаментінің
баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*