Сайын даланың сардары немесе генерал-майор Дәулет Салханов туралы үзік сыр

Ғұмырын әскердің дамуына арнаған тұлғаны қалай суреттеуге болар? Қайраткер. Бәлкім, әскердің дамуына үлесін қосқан болса, әскери қайраткер деген сөз орынды болар. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – әскери қайраткер сөзінің мағынасына сай тұлға, генерал-майор Дәулет Қамарұлы Салханов.
Құқықтық тәртіп әскерінің басы-қасында болған кейіпкерімізді таныстырып жатудан аулақпыз. Ол – өз есімін әскер тарихына жазған жан. Бүгінгі таңда алпыстан асып, жетпіс жасқа аяқ басқалы отыр. Осындай өмір өткелдерін өткелі тұрған кезеңде біз генерал-майор Дәулет Салхановтың өмір жолына бір тоқтала кетіп, жастарға үлгі болсын деген ниетпен қызметі мен еңбегі туралы сөз еткенді жөн көрдік.

Тартпай тумас негізге
Ел аман, жұрт тыныш кезінде өмір сүреміз. Арманымызға қол созып, асығамыз, аптығамыз. Табынымыздан таусылсақ, бүкіл әлем кінәлі. Айға қол соза жүріп, әлемге өкпеліміз. Нарықтың ызғырығы соқса болғаны, бағытымыздан қайтып жататынымыз бар. Төзіміміз құрып, тағатымыз тозды ма? Жоқ. Бүгінгі жастарымыздан қуат қашты деп айта алмаймыз. Десе де, тарихи жады өшіп, ұмытыла бастады. Ата-бабамен арадағы рухани байланыстар әлсіреуде. Сондықтан да замана желіне қарағайға қарсы біткен бұтақтай мінезімен қарсы тұрған аға буын өкілдері біз үшін үлгі бола бермек. Дәулет Қамарұлы жастайынан қазақи тәрбиемен сусындап өсті. Ауыл ақсақалдарының әңгімелерін тыңдап, шежіресін жаттап, ру, ел тағдырына қатысты тарихи деректерге қанық болды. Абылай ханның кеңесшісі, данагөй жырау Бұқар бабамыз:
– Таудан аққан тас бұлақ,
Тасыса, құяр теңізге.
Қанша малы көп болса,
Бай қуанар егізге.
Жаманнан жақсы туса да,
Жақсыдан жаман туса да,
Тартпай қоймас негізге, – деп айтқан болатын.
Генерал Д. Салханов – ата тегі жағынан көңіл аударатын тұлғалардың бірі. Тегі жағынан Арғын, Арғын ішінде Жарылғаптан (Қаракесек-Болатқожа-Ақша- Бошан (Таз)-Бұлбұл-Шаншар-Жарылғап ) тарайды. Ал жеті атасына келер болсақ, Жолман жетінші атасы да, одан әрі – Тасыбай, Тасыбайдан – Ақтанберлі, Ақтанберіліден – Жаныс, одан – Сәтібай, одан – Салхан тарайды. Салханнан екі ұл: Мұхтар мен әкесі Қамар. Қамардан – Дәулет, Рахат, Болат, Дулат тарайды. Ал Дәулеттен ұлдары Талғат пен Рүстем туады.
Кейіпкеріміздің шыққан тегі туралы аз айтылып, аз жазылған жоқ. Соның бірі – Медеу Сәрсекеевтің «Тарақты және Қаракесек шежіресі» кітабы. Аталған кітапта оның ата-тегінің туған жері, өскен ортасы туралы егжей-тегжейлі жазылған. Ол кісінің үлкен атасы Сәтібай мен Салхан бүкіл Семей, одан қалды Арқа өңіріне беделі артқан, сөзі жүрген текті адамдар болғандығы жайлы деректер жетерлік.
Әкесі Қамар ақсақал болса, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері. Сонау қан майданда елін қорғап, немістің Кенигсберг қаласына дейін жетіп, Жеңіс туын тігуге қатысқан жауынгер-артиллерист. Анасы Бибігүл – жас ұрпаққа білім таратқан ұлағатты ұстаз. Нағашысы Темір де жас өренге үлгі болған. Ол – өмірін Отан қорғауға арнаған кәсіби әскери адам. Жоғарыда Бұқар бабамыз айтқан «Тартпай қоймас негізге» сөзінің мағынасы осында шығар. Дәулет Қамарұлының осындай биіктерді бағыдыруының, мінезінің темірдей шындалуының сыры оның негізінде және бабалар рухымен үндескен табиғатында болса керек.

Таңдау
Семей өңірінің Абыралы елді мекенінде 1949 жылдың 4 сәуірінде дүниеге келген Дәулет Қамарұлы – туған топырағының қасиетін бойына сіңіріп өскен азамат. Әр адамның өмірінде таңдау болады. Әсілі, азамат таңдау жасағанда қателеспегені дұрыс. Қазіргі жастардың басым бөлігі қаржыға байланысты мамандықтарды таңдайды. Шетел жұлдыздарын пір санайтындары да кездеседі. Өмірдеректері көрсеткендей, еңбексіз ақша ешкімді жақсылыққа апармаған. Маңдай теріңді төгіп жүріп, ел алдында абырой-құрметке бөленесің.
Абыралы ауылының орта мектебінде оқитын кейіпкеріміз осы өмір заңдылығын жіті түсінді. Ол үшін адал еңбек адамдары үлгі болды. Басты құндылық – Отан тыныштығы еді. Ата-анасы мен ағайын туыстары елім деп еңбек еткен жандар болған. Қамар ақсақал балаларын тек адал жолмен күн көруге үйретті. Оның үстіне, білімді болуға тәрбиеледі. Өзі де Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері болғасын, балаларының әскери адам болуын қалайтын.
1966 жылы баласы Дәулет болашақ өмірін әскери саламен байланыстыратынын естігенде, іштей қуанды. Сонымен не керек, жас өрен мектепті аяқтай салып, өзінің алдына нақты мақсат қойып, болашақта ел қорғайтын офицер болуға бел буды. Он сегіздің жалынымен алдынан кезіккен кез келген қамалды бұзуға ден қойды. Ақылы айбатына, қадірі қайратына сай жас жай емес, Ресейдің Сарытау (Саратов) қаласындағы Ф.Э. Дзержинский атындағы КСРО ІІМ Әскери училищесіне оқуға талаптанады. Ауылдағы қарапайым ағайын үшін жас талапкердің бұл таңдауы айға қолын сілтегендей болды. Әрине, ауылдың қара домалақ баласын жат елде ешкім маңдайынан сипап күтіп түрған жоқ. Оның үстіне, емтиханның бәрі орыс тілінде еді. «Өмір – толассыз тасқын, тоқтаусыз күрес» демекші, кейіпкеріміз өз таңдауы үшін күресуге дайын еді.
«Ортақ үйіміз – Кеңес Одағы» деп ән салған заманда одақтық республикалардың түкпір-түкпірінен өзі секілді үміткерлер әскери оқу орнының алдына жиналды. Топ-топқа бөлініп, әртүрлі сабақтар бойынша емтихандар тапсырды. Әскери азамат халқын қорғауға дайын тұру керек. Сол үшін ең бірінші кезек дене дайындығына берілді. Тепсе темір үзер тегеурінді ер осы аламаннан қалыс қалған жоқ. Ауылдың қара жұмысында шыныққан жас өз қатарластарынан оқ бойы озық келді. Басқа да сабақтар бойынша намысты қолдан бермей үздік көрсеткіштерге қол жеткізді. Барлық жағынан жақсы деген баға иеленген ол аталған әскери жоғары оқу орнына қабылданып, курсант атанды. Бірінші таңдау жасалды. Алда әлі талай асулар кездесетіні анық еді.
Күрескер курсант жат елде өз елінің абыройын төкпей, үздіктердің қатарын толықтырды. Төрт жылда саптық дайындық, қару-жарақ түрлері, спорт оның серігіне айналды. Оқу орны басшылықтары тарапынан мақтау қағазы мен грамоталар табыс етіліп отырды. Бұл оның талапшылдығының арқасында қол жеткен табысы еді. Сонымен, үш жылда ыстық көрінген оқу орнын аяқтайтын кез келді. Алғашқы «лейтенант» әскери шенін алған курсант Д. Салханов қолдағы жолдамасымен Алматы облысының Қаракемер кентіндегі 6654 әскери бөліміне взвод командирі міндетіне кіріседі.
Әскери өмір белгілі. Отан қайда бар десе, қолбасшылық қай жерде қажетсің десе, «Құп болады!» деп чемоданыңды жинайсың да, «Алға!» деп жүре бересің. Аталмыш әскери бөлімде табанды еңбек етіп, рота командирі, әскери құрама штабының офицері, полк штабының бастығы лауазымдарынан өтті.
1976 жылы өзін оң қырынан көрсеткен кейіпкерімізді кәсіби біліктілігін арттыру үшін Мәскеу қаласындағы М.В. Фрунзе атындағы Әскери академияға оқуға жібереді. Академияда білімін жетілдірген офицер әскери бөлімге орала салысымен өз білімін жүзеге асырды. Штаб бастығы ретінде жеке құрамның жауынгерлік даярлығын арттыруға үлесін қосады. Араға біраз уақыт салып, сол кездегі Ақмола қаласындағы 6636 әскери бөлімге командир етіп тағайындалады.

Командир – жеңістің әкесі
Ұлтымыздың біртуар перзенті Бауыржан Момышұлы: «Командир – жеңістің әкесі» деп айтқан болатын. Басқа офицерлік қызмет – бір төбе де, командир болу – бір төбе. Өзіңе сеніп тапсырылған жеке құрамның әр жауынгеріне жауаптысың. Өзің барлық жағынан үлгі болуға тиіссің.
80-жылдардың соңында заң бұзушылықтар молайып, адамдар темір тордың ар жағына көптеп қамалды. Сотталған және қамауға алынған адамдарды айдап апару және еңбекпен түзеу мекемелерін күзету Дәулет Қамарұлы басқаратын әскери бөлімге сеніп тапсырылған міндет болатын. Қылмыс әлемі қателікті кешірмейді. Қорқыту, үркіту, не болмаса, сатып алу әрекетіне барады. Командир өзі де батыр және жеке құрамды да батылдыққа үндеуі тиіс. Өйткені, артыңда жауынгерге сенген ел тұр. Кейіпкеріміз әкелік қамқорлықпен, қатал талапшылдығымен дараланды. Өзіне жүктелген міндеттерді адал орындай білді. Сол арқылы басшылық тарапынан зор сенімге ие болып, Ішкі әскерлер әскери округі штаб бастығының орынбасары қызметіне тағайындалды. Командирлік тәжірибе оны биік жетістіктерге жетуге шыңдады.
Осылайша қызмет атқарып жатқанда, Кеңес Одағының қабырғасы күйреді. Әр ел өзінің «ұлттық пәтерлеріне» көшті. Еліміз тәуелсіздік алды. Араға 26 күн салып, күш құрылымдардың ішінде ең бірінші болып 1992 жылдың 10 қаңтарында Ішкі әскерлер құрылды. Себебі, ішкі тұрақтылық бірінші кезекте тұрған еді. Отаны бөлек офицерлер кезек күттірмей өз елдеріне қайтып жатты. Жауынгерді бастап шығар офицерлер тапшылығы орын алды. Барлық жүк біздің кейіпкеріміз секілді ұлттық кадр, қара көз офицерлердің иығына артылды. Жаңа құрылған ұлттық әскерге еліміздің тәуелсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық қауіпсіздік, азаматтардың бостандығы мен құқығын қорғау, мемлекеттің әлеуметтік-саяси тұрақтылығын қамтамасыз ету, арнайы жүктерді және мемлекеттік маңызы бар нысандарды қорғау міндеттері жүктелді.
Қазақстан халқының бейбіт өмірі, қалыпты тіршілігінің бұзылмауына үлкен рөл атқаратын ІІМ Ішкі әскерлердің штабы әскердің миы іспетті болды. Мұнда уақытпен санасу болмайды. Күні-түні еліміздің түкпір-түкпірінен келіп жатқан жедел хабарлар шұғыл шешімді талап ететін. Республикамыздың әр қаласында орналасқан әскери бөлімдерге тез әрі қысқа да нұсқа тапсырмалар берілуі керек.
Дәулет Қамарұлы осы қызметтің қара қазанында қайнады. Бір қарағанда, кәсіби білікті сардарға өз қызметін орындау оңай көрінер. Шынтуайтына келгенде, 90-жылдардың басында жағдай күрделі еді. Офицерлер тапшылығынан бөлек, сардар мен сарбаздардың күнделікті әскери қызмет барысы, жатын орны, киім-кешегі, қару-жарағы мен тамағы, оған қоса, «штаттан тыс жағдайларды» реттеу штабқа келіп тірелетін. Оның үстіне нарықтық экономика тудырып отырған ауыртпашылық әскерді де айналып өтпеді. Әскери азамат тек соғыс шебері емес, кәнігі дипломат, әккі ұйымдастырушы, іскер болуы тиіс. Басқа біреу болса, қолын бір сілтеп, әскерден «қашып» кетер ме еді?.. Біздің кейіпкеріміз ұрпақ алдындағы жауапкершілікті түсініп, тағдырдың ауыртпалығын қара нардай көтере білді.
Әскерде «Ақша берсең, тапсырманы ақымақ та орындайды» деген астарлы әзіл бар. Айтты-айтпады, мықты болсаң, осындайда іскерлігіңді, тапқырлығыңды, одан қалды, азаматтағыңды көрсете біл!.. Өліара уақытта кейіпкеріміз заман сынынан сүрінбей өтті. Қиыншылықтарды жеңіп қана қоймай, қол астындағыларға да жеңімпаздық рухты дарыта алды. Сол себепті, оған алдымен дивизияға командирлікті, кейін құқықтық тәртіп әскескерінің Бас штаб бастығы лауазымын сеніп тапсырды. Сенім демекші, сара жолдан өткен сардарға ел мен Елбасы да сенім артты.

Сенім
Тоқсаныншы жылдардың басында Дәулет Қамарұлы ІІМ Ішкі әскерлер Қолбасшысының бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы лауазымына тағайындалды. Оған бүкіл әскердің штабын сеніп тапсырды. Барлық қызмет штаб арқылы тарап, өрбіп жатты. «Генерал» атағы жайында әскерилер арасында әзіл-шыны аралас: «Генерал – атақ емес, бақыт!» деген көпке тараған ұғым бар. Оған келіспеске болмас. «Генерал» атағын екінің біріне бере бермейді. Ол үшін күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей, талай етіктің табанын тоздырасың. Кең байтақ Отаныңның бір күні оңтүстігінде болсаң, ертеңінде солтүстігінде жүресің. Бұйрықтың аты – бұйрық. Қыстың аязды бораны, жаздың ми қайнатар аптап ыстығы, жаңбырлы күні, көктайғақ, батпақ, сулы жер, сусыз шөл тосқауыл болмауы тиіс. Ол есепке алынбайды. Қысқасы, Отан үшін кез келген уақытта бойыңыз дайын, ойыңыз жинақы жүруі тиіс.
Кейіпкеріміз де осындай талай түйткілді жағдай, күтпеген оқиғаларда әскери тапсырмаларды уақытында орындап, қол астындағыларға басшылық жасап, жауынгерлерін де, өзін де абырой биігіне көтере білді. Елбасы Н. Назарбаев сенім биігінен көрінген сардарға «генерал-майор» жоғары әскери атағын табыс етті. Әйтсе де, бұл сенімнің соңы емес еді. 1998 жылы генерал-майор Д. Салханов ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Бұл орден қоғамдық тәртіпті бұлжытпай сақтағаны, халық мүддесін қорғағаны, әскери және қызметтік міндеттерді орындауда көрсеткен ерлігі мен қайсарлығы үшін беріледі. Бір сөзбен айтақанда, ел мен Елбасы тарапынан берілген оң баға, риясыз сенім.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, кейіпкеріміз қиын-қыстау жылдары Ішкі әскерде басшылық қызметтерді қабылдап, келесі буын командирлеріне барлық жағынан кәсіби даяр әскерді тапсырып кетті. Қызмет барысында өзін білімді де білікті басшы, әкедей қамқор командир ретінде танытты. Қазіргі кезде онымен қызметтес болған, қол астында қызмет еткен сардарлар мен сарбаздар Дәулет Қамарұлын тек жылы сезіммен есіне алады. Он бес жылдай Бас штабты басқарған генерал Д. Салханов өзіне халқының алтынын емес, алғысын жинап, 2007 жылы құрметті еңбек демалысына шықты. Сонда да әскерден қол үзген жоқ. Жастарды тәрбиелейтін патриоттық шараларға белсене қатысады. БАҚ-та өз ойын еркін жеткізіп, жастарды ел қорғаушысы болуға шақырады. Жолдасы Шолпан Сәбитқызы екеуі өнегелі отбасы ретінде қырық жылдан аса бірге жүр. Шуақты шаңырақта Талғат пен Рүстем атты екі ұл тәрбиеленіп, ержетті. Немерелері Тайыржан мен Дания дүниеге келіп, ата-апасын балдай тәтті тілдерімен қуантуда. Тайыржан Назарбаев зияткерлік мектебінде оқиды, дарынды музыкант. Дания да білімге құштар бала.
Дәулет Қамарұлы – еліне еңбек сіңірген әскери қайраткер, Отанына адал азамат. Отызында орда бұзып, қырқында қамал аған, елуде ел ағасы атанған, алпыстан аттап, жетпіске жеткен генералдың ғибратты ғұмыры бүгінгі жастарға үлгі болса игі. Асылдар арамызда жүр.

Дарын СЕЙІТОВ, Нұр-Сұлтан қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*