Кезбенің күні

Көктем шықса қаңғыбастар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптайды. Көктем – қытымыр қыстан әрең шыққан қаңғыбастардың «аузы көкке тиетін» мезгіл. Себебі, үй-күйсіз жүрген кезбелер күн жылынғанда күнделікті нәпақасын табуға көшеге шығады. Көшеде өткен-кеткеннен қолын жайып қайыр сұрап, мазасын алатын, тіпті, қылмысқа баратын қаңғыбастардан қаланы тазарту үшін елордалық полицейлер рейдке шықты.
Наурыз айының 28-і мен 30-ы аралығында елорда аумағында өткен «Қаңғыбас» алдын алу шарасы аясында полицейлер үй-күйсіз жүрген кезбелерді анықтап, оларды қалыпты өмірге қайтаруға қолғабыс етті.
Нұр-Сұлтан қаласының ПД Сарыарқа ауданы Полиция басқармасының №27 учаскелік полиция пунктінің қызметкерлеріне ілесіп біз де рейдке шықтық. «Мұндағы мақсат – оларды әкімшілік жауапкершілікке тарту емес, қаңғыбастың жеке басын анықтап, туыстарына хабарлау. Үйлеріне жете алмай жүргендерге өз тарапымыздан көмек көрсету. Ол үшін өз қалтамыздағы ақшаға билет алып, автобустарға салып жіберіп жатамыз. Одан бөлек, Чехоева 14 мекенжайында бейімдеу орталығы бар. Тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдар сол жаққа жатқызылады. Қаңғыбастар көрінген жерге түнеп жүргесін міндетті түрде ішімдік ішеді. Олардың көбісі ішкілікке салынған. Ал ондай адамның ісі дұрыс болсын ба? Бейімдеу орталығына орналастырған күннің өзінде, қаңғыбастар ол жерде тәртіп бұзып, шығып қалып жатады. Өйткені, ол жерге қабылдау талаптары мен ішкі тәртібі бар. Қаңғыбастар осы қаланың тұрғындары және осында тіркеуде тұрған болса, біз оларды мәжбүрлі түрде наркологиялық ауруханаға жатқызамыз.
Қаңғыбастардың көп жағдайда құжаттары қолдарында болмайды. Ал бейімдеу орталығына түскенде, сол жердің әлеуметтік қызметкерлері оларға құжаттарын жасап береді. Ол жақта да арнайы мамандар олардың туыс-туғандарын тауып, қолхат арқылы беріп жіберіп жатады. Біздің тараптан көрсетілер көмек осы», – деді Сарыарқа ауданы Полиция басқармасы №27 учаскелік полиция пунктінің аға учаскелік полиция инспекторы, полиция-майоры Арнұр Маханов.
Өз аудандарының әр қуысын білетін полицейлер тұрғылықты мекенжайы жоқ жандардың қай жерлерді паналайтындарын біліп алған. Айтуларынша, олар темір жол вокзалының маңайы, базар айналасы, сауда үйлерінің маңы, мешіт, шіркеу айналасы сияқты жерлерде көп жүреді. Ал тіршілігі құж-құж қайнап жататын Сарыарқа ауданында халық нөпірі көп жиналатын мұндай орындар аз емес. Сол айтқан орындардан кезбелерді «аулауға» таң азанында шықтық.

«Адамдар өлтірмейді»

Күн ұясынан шығып, қалада тіршілік қыза бастаған кезде полицейлер кезбелерді «аулауға» шықты. Қаланың бұл ескі аумағында, әсіресе, вокзал маңайында адамдардың нөпірі бір мезет азайған емес. Күніне қаламызға темір жол вокзалы мен сапаржай арқылы 15 мыңға жуық адамның келіп-кететінін ескерсек, қайнаған өмірдің бір сәт саябырсымауы заңдылық сияқты.

Вокзал маңындағы аялдамада автобус күткен адамдардың қасына келдік. Күн жылынғанда қаңғыбастардың аялдамалардағы күту орындарына жатып алатынын полицейлер жақсы біледі. Бұл аялдамада да біреудің шалқая жатқанын алыстан байқап, бірден сонда беттедік. Бұл жерде автобус күтіп тұрған жұрттың қарасы көп. Қаңғыбас аялдама орындығында алаңсыз жатыр. Үсті-басы лас, жағымсыз иіс шығады. Ішімдік иісі бұрқырап тұр. Өздерін таныстырып, мән-жайды түсіндірген полицейлер бұл ер адамды автобусқа апарды. Кезбелікке салынған еркектің жасы шамамен қырыққа таяған. Тілін шайнап сөйлегенінен-ақ оның удай мас екенін түсіндік. Автобусқа отырғанда есін жиғандай болып, өзінің басындағы жағдайды айта бастады. Түсінгеніміз, Көкшетаудың тумасы, елордамыз Нұр-Сұлтанға былтыр нәпақа табуға келген. Бірақ, болмапты. Бір жыл үйде бос жатқан. Жатыпішер ағасынан жалыққан қарындасы үйден қуып шыққан.

– Мен сол жағалауда тұрамын, – деді есін жияр-жимастан. – Қарындасымның үйі бар сонда…

– Онда неге көше кезіп жүрсің? – деп сұрадық.

– Ұрсысып қалып, үйден қуып шықты. Жұмыс істемейсің, анау-мынау деп, – деді тілін шайнаңдап. Неліктен жұмыссыз жүргенін білмек болып сөзге тарттық.

– Жұмысқа тұрайын десем, мен қаланы білмеймін. Бір жерге барсам қайтадан үйді таба алмай қаламын, – деп күмілжіді…

Азып-тозып жүрген азамат Көкшетауға кетейін десе, автобусқа төлейтін ақшасы жоқ. Қалтасында билетке қайыр сұрап жинаған 300 теңгесі бар екен. Билетке ме, бір шыны бөтелкеге ме, бір Құдай білсін.

– Адамдар өлтірмейді. Біреуі киім береді. Ақша береді. Тамақ береді. Берген ақшаларын жинап жатырмын, – деп қалтасындағы бақыр тиынын қайта-қайта алып шығып көрсетті..

 

Кәсібі – қайыршылық

Вокзал аумағын торуылдап жүргенімізде, «Іздегенге – сұраған» дегендей, тағы біреуі алдымыздан шыға келді. Жолаушылардан қолын жайып шай-пайына қайыр сұрап жүр екен. Жасы отыздан асқан жігіт аяғын әрең сүйретіп басады, бір қолы істен шыққан, бет-аузы көгерген. Өзін Ерболат деп таныстырды. Жап-жас жігіттің мұндай күйге түскеніне ішіміз удай ашыды. Учаскелік пунктке апарып, ары қарай мән-жайды сол жерде сұрап білдік. Шығыс Қазақстан облысы тумасының елордамызға қоныс аударып келгеніне он жылдан асыпты. Туған жеріне қайтқысы келмейтінін айтты. Өйткені, отбасы, бауырлары осында тұрып жатқан көрінеді. Өзі болса, өлерменнің күйін кешіп жүріп, қайыр сұрауды кәсібіне айналдырған. Көрінген жерде түнеп жүргенін үстінен көңнің иісі шыққанынан-ақ түсіндік. Алайда, ол мұны жоққа шығарып, пәтерде тұратынын айтып сендіруге тырысты.

– Пәтерде тұрсаң, неге жуынбайсың? Үстіңнен шыққан қолаңса қолқаны қабады, – дедік сұраулы жүзбен.

–  Мен өз бетімше жуына алмаймын. Жуындырады. «Инвалидпін» ғой, – деп, неліктен мүгедек болғанын айтып берді. – Осы жылы қыстың күні үсіп қалдым. Ішімдік ішкен күйі далада ұйықтап қалыппын. Содан аяқтарым үсіп кетіп, ота жасап, башпайларымды кесіп тастады. Қолым да істемейді, – деді аянышты кейіппен. Оның әңгімесін тыңдап болғасын полицейлер:

– Ерболат, енді саған бізден қандай көмек қажет? – деп сұрады.

– Көмектесіп жіберіңдерші маған! Мен мүгедекпін. Пәтер беріңдерші! – деді еш саспастан.

Полицейлер қаңғыбастың жеке басын растап, дерекқор бойынша оның қылмысқа қатыстылығын тексерді. Тексере келе, оның осыған дейін бірнеше мәрте қылмыс жасағаны анықталды. Біреудің көлігін айдап кету, телефон ұрлау сынды қылмыстарды жасаған болып шықты…

Жадыра МЫРЗАХМЕТ, сурет Қанат КӨЛБАЕВТІКІ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*