Ұмытпаймыз, ұлықтаймыз өзіңді

75-1Қазақ даласының қабырғасын қақыратпаған, керегесін кергізбеген, шекарасынан жау аттатпаған Ерлердің даңқына мадақтау да, мақтау да лайық. Ел болып бесігімізді түзеп, тәмам жұрттың алдында көк туымызды желбіретіп мемлекет болғалы да, ерге – жүк, елге – сын болған заманның берекесін сақтаушы баяғы батырдың сынығы, бүгінгі ерлердің айбыны – Сақшылар болып жалғасқан. Сол борышты жолдың кейде баянсыз аяқталуы көңілге қаяу түсіргенімен, аспан астындағы бейбіт күнімізді сақтаушы Сақшыларымызға мәңгілік құрмет, алғысымыз да бар. Сондай ерліктің өшпес белгісін біз 1998 жылдың 20 қарашасында байқадық… Қарашаның алғашқы күні, Қарағанды қаласының Ішкі істер басқармасының жедел уәкілі, милиция аға лейтенанты Нұрлан Байғаскин қызмет бабында жүріп, ерлікпен қаза тапқан болатын…
Әуелі, шежірені тереңнен бастайық…
Нұрлан Сапуанұлы 1967 жылы Солтүстік Қазақстан облысындағы Жамбыл ауданының Киров атындағы ауылында туған. 1984 жылы орта мектепті аяқтап, Қарағанды қаласына ОКТУ-ға оқуға қабылданған. 1985 жылы әскер қатарына шақырылып, бөлім командирі дәрежесінде абыройлы борышын өтеген. 1996 жылы 18 сәуірде Ішкі істер бөліміне жұмысқа қабылданады. 1997 жылдың 30 мамырына дейін Қарағанды қаласы, Ленин ауданының Мемлекеттік тергеу комитетінің басқармасында қызмет атқарған Нұрлан Сапуанұлы 1997 жылдан 1998 жылдың қарашасына дейін Қарағанды қаласының ІІБ Қылмыстық іздестіру бөлімінің жедел уәкілі, милиция аға лейтенанты болып міндетін адал атқарған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қаладағы қоғамдық тәртіптің ахуалы қиын еді. Сол уақыттарда біздің полиция қызметінің қоғамдағы рөлі ерекше болды. Міне сондай сындарлы уақытта Нұрлан Сапуанұлы қалалық Ішкі істер басқармасына 1997 жылы мамыр айында келді. Қызметіне адал жігіт болатын. Алға қойған мақсатына жетпей тынбайтын қайратты, жігерлі азамат еді. Басқарманың іші қашанда қызу жұмыс ортасы болатын. Нұрлан Сапуанұлы өзі қылмыстық іздестіру тобының жедел уәкілі болғандықтан, қашанда ізденісте жүретін. Және іздеген мақсатына жетпей қоймайтын. Сондай мақсатты, алғыр еді. Өзінің нақты қылмыстық іздестірудегі жетістіктері үшін біздің Ішкі істер басқармасынан 8 шақты мадақтама алды. Әріптестері де Нұрланды қатты сыйлайтын. Марат Сержанұлы Искаковтың басшылығымен бірге қызмет істеген Бисат Шалтабаев, Галина Кахно сынды әріптестерімен сыйласқан Нұрлан қылмыстық іздестіру бөлімінің алдыңғы қатарлы қызметкері еді. Өзі Солтүстік Қазақстанның жігіті болса да, Арқаны жатсынбай, үлкендермен де, кішілермен де сыйласатын жомарт, ақкөңіл азамат болды. Қызметпен қатар, өмірде де жақсы сыйлас, сырлас достар болды. Әттең, сондай асыл азамат жайында тым ерте осылай естелік айтып отырамыз деп кім ойлаған..? Сол қаралы күнді бір сәтке еске алсақ… 1998 жылы қарашаның алғашқы күндерінің бірінде қаладағы «Қант орталығына» шабуыл жасалды деген ақпарат келіп түсті. Дереу дабыл қағылып, жедел ұстап-құрықтау операциясы бойынша жоспар құрылды. 14 қараша күні қауіпті қылмыскерлер отырған автокөлік қала ішіндегі жол қатынасында жол полициясы инспекторларының тоқтатуына қарамай сол жерде жол полициясының инспекторы Мәжитовті атып кетеді. Бірден Ішкі істер басқармасы күшейтілген режимде жұмыс істеуге негізделіп, күдікті болып саналған 2 қылмыскердің баруы мүмкін деген мекенжайларды торуылдап, екі қызметкерден жасақталған тоғыз топ құрып жедел бақылауға көштік. Пришахтинск шағын ауданындағы қылмыскерлер келуі мүмкін деген пәтердің бірінде Нұрлан Сапуанұлы мен Киров полиция бөлімінің қызметкері, сержант Николай Редченко болған еді. Қарашаның 20-сы күні сол пәтерге қылмыскерлер қаруланып келген кезде атыс болған. Сосын, кезекші бөлімнің хабарлауынан Нұрлан Сапуанұлының қаза тапқаны туралы ақпарат жарияланады…  Қазақ әрқашанда ең әуелі ұрпағын ойлаған ел. Сол тұрғыдан келгенде, әр уақытта атаулы мейрамдарда, біздің басқармада өтетін түрлі мерекелік іс-шараларда Нұрлан Сапуанұлының қызы Әлияны ІІБ басшылары шақырып, сыйлап, сыйлық жасап, әкесін еске алып, сырласумен бастайтын үрдіс қалыптастырған. Жалпы айтқанда, Нұрлан Сапуанұлының жанұясы ішкі істер басқармасымен тығыз қарым-қатынаста. Николай Редченкоға да құрмет, ілтипатымыз азайған емес. Ол азамат та өз парызын әлі күнге жалғастырып қатарымызда жүр. Ол әрқашан да құрметке лайық батырымыз. Сол қарашада болған оқиға желісін сол күні Нұрлан Сапуанұлының жанында болған Николай Редченконың өз ауызынан тыңдаған едік…  «…20 қараша күні, 1998 жылы… Әлі есімнен кетпейтін күн еді. Сол күні қыстың алғашқы қары жауған болатын. Біз әбден титықтап он бірінші тәулік бойы сол үйде торуылда болған едік. Сол үйдегі келіншекке қылмыскердің біреуі келуі мүмкін деген соң, кірпік ілмей күттік. Біз пәтердің ішінде қылмыскерлерді күтіп отырғанда есік қағылды. Үйдегі келіншекке «есікті аш» деп ымдады, Нұрлан. Өзі кіреберістегі қабырғаның артына жасырынды. Мен есіктің артында тұрдым. Есік ашылған бетте кіріп келген қылмыскердің біріншісі бұрыштағы айнадан Нұрланды байқап қалып бірден оқ атты… Атыс басталып кетті. Нұрлан құлап бара жатқанда, мен екіншісін сол жерде атып құлаттым. Біріншісін көрші бөлмеде қуып жетіп, «жайғастырдым»… Несін айтайын, еске алып, айтып отыру да оңай емес… Бір-екі минуттың ішінде болған оқиға… Үзілген тағдырлар…» Нұрлан Сапуанұлы қаза тапқаннан бері ішкі істер органының қызметкерлерімен бірлесіп, оның отбасына барынша рухани көмек көрсетіп, әр ай сайын хал-жағдайларын біліп, қолдап жүреміз. Өйткені, Нұрлан Сапуанұлының орнында кез келген сақшы болуы мүмкін еді. Нұрлан Сапуанұлымен қоштасқаннан кейін 1 жыл өткенде 1999 жылдың 27 тамызындағы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша Нұрлан «Әскери және қызметтік борышын үлгілі орындағаны және адамдардың конституциялық құқығын қорғаудағы көрсеткен ерлігі мен жан аямас қайсарлығы үшін» ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.  Қызметіне ғана емес, отбасына да адал жар, айбынды әке болған Нұрлан Сапуанұлының жары мен қызы да асқақ рухты әкенің, абзал азаматтың байрағын төмендеткен емес. Нұрлан Байғаскиннің қызы, заңгер Әлия Байғаскина әкесін сағына еске алады…  «…Мен әкемді ерекше жақсы көремін. Ол біздің отбасымыздың алтын қазығы еді. Анамды аялап сүйген, мені еркелететін әкеміз болды. Халық алдындағы борышы болғасын, көп уақытын қызметіне бөлді. Ортамызда болмағаны өкінішті, әрине. Кез келген адамға ата-анасынан артық жан табылмасы белгілі ғой. Мен де өз ата-анамды мақтан тұтамын. Олар маған қымбат көрінеді әрқашан. Әкемнің есіміне дақ түсірмей, өз биігінен төмендетпей әр уақытта абыройын асқақтатсам деген арман, мұратпен өмір сүрем. Әкем жанын қиған халыққа мен де өз қызметімді адал істесем деп, заң ғылымына ден қойып заңгер мамандығын таңдадым. Әкемнің есімі мәңгілік менің жүрегімде…». Алаш алаш болғаннан бері, ағаш өсіп бәйтерек болғаннан бері, қазақ даласының көмбесінде талай тарихтың талай сындарлы да, сырлы жолдары жатыр. Қазақ әлімсақтан бері батыр, жаужүрек халық. Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбайдай батырлары атқа қонса, Абылайдай ханы таққа қонса арқаланып, алты қырдың астынан дүбірі естілетін ел едік. Сол елдің бүгінгі ұрпақтары, еліміздің жастары өмірден заң мен ардың туын жықпай өткен Нұрлан Байғаскиндей, Ғазиз Байтасовтай, Қайрат Жұмабековтей бүгінгінің батырларын да ұмытпай, үлгі алып жүрсе деймін. Болашақ бүгіннен басталады. Тәуелсіз елдің табалдырығынан азаттық деген бақ аттады, алаш жұртының аспанында мамыражай күн туып, қазақтың басына бақыт құсы келіп қонды. Сол бақты аялай білейік, асқақтата білейік. Елімізде, жерімізде бақ пен бақыт, ал біздің қасиетті Қарағанды қаламызда тыныштық болсын! Нұрлан Байғаскиннің соңынан өз жолын қуған, әкесі сияқты заңды қорғайтын, адамдарды қолдайтын заңгер Әлиясы бар. Тарихтағы батыр Әлия бір төбе болса, батырдың қызы, асылдың сынығы болған заңгер Әлия да бір биіктен көрінері сөзсіз. Әке рухы қолдаған әулетке Тәңірі бақыт сыйласа керек-ті… Тамыр бүлкілі тоқтаса да, өмір дастанының алтын парақтары Нұрлан Сапуанұлының достары мен көзкөргендерінің естеліктерімен жазылуда. Көңілге қаяу түссе де, өмірге жаяу келген жоқ Нұрландай азамат. Міне осындай ерлердің даңқы мен нарқын білеміз. Есте сақтаймыз. Ұмытпаймыз. Ұлықтаймыз.

Қуаныш МЕДЕУБАЕВ, Қарағанды қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*