Сақшылар күмістен алқа тақты

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері волейболдан өткен жарыста екінші орынды иеленді.
«Динамо» дене шынықтыру спорт қоғамының дәстүрлі спартакиадасы жалғасуда. Бұл жолы күш құрылымдарының өкілдері волейбол алаңында өз араларында үздіктерді анықтау үшін бақ сынасты.
Шағын топтар арасынан мықты командалар анықталды: Солтүстік Қазақстан облысы ПД Жылдам қимылдайтын арнайы жасағы, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Қылмыстық атқару жүйесі департаменттері және Ұлттық ұлан Әскери институты. Соңғы екі команда арасында өткен тартыста Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің командасы жарыстың қола жүлдегері атанды.
Финалдық ойында жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың жауынгерлері мен ҰҚКД өкілдері кездесті. Бұл қос команда осы спорт түрінен соңғы бірнеше жыл қатарынан финалда жолығып келеді. Өткен жылдағыдай, биыл да Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері чемпиондық атаққа ие болды. Күміс жүлде тәртіп сақшыларына бұйырды.
Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қапез Дәулетбаев жеңімпаздарға кубоктар мен сыйлықтар табыс етті. «Командалық ойындардың кез келген түрі ұжымның топтасып жұмыс істеу қабілетін арттырады, – деді ол. – Погон таққан спортшылардың осылайша бас қосып, тәжірибе жинақтауы қызметкерлердің келешекте бірлесе қызмет өткеруіне септігін тигізбек».
Су тасқынына қарсы шараларға дайындық өтіп жатқандықтан, аудандық командалар қатыса алмады. Алайда, олардың спорттың басқа түрлерінен де шеберліктерін көрсетуге мүмкіндіктері бар. Алда гір спортынан, Макаров тапаншасымен атудан, Президенттік миляны бағындырудан жеңіл атлетикалық кросс, шағын футбол мен самбодан жарыстар өтеді.

Солтүстік Қазақстан облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*