«Сыр барысы» атанған сақшы

Самбо күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері, қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Жасұлан Досымов спортқа кештеу келген. Нақтырақ айтсақ, алғашқы жаттықтырушысы Әділбек Серікбаевтың күрес залына 7 сыныпта оқып жүргенде бас сұғыпты.
Сол уақытта ол өзі таңдаған спорттың күрес түрі болашақта мамандық таңдауға да әсер ететінін, әрине, білген жоқ.
Самбодан Қазақстан Республикасының 2006 және 2007 жылғы чемпионы, елдің құрама командасы сапында әлем чемпионатының қатысушысы, қазақ күресінен 2007-2008 жылдары Азия чемпионы атанған, 2003 жылдан бастап Қармақшы аудандық спорт мектебінде жаттықтырушы болып жұмыс істейтін, облысымызға ғана емес, республикаға танымал Жасұлан Досымов ішкі істер органдарында қызмет атқарғысы келетінін айтқанда, ауданның, облыстың спорт саласы басшылары оның таңдауына қарсы болып, құқық қорғау саласында күн демей, түн демей қызмет атқару барысында жаттығу мүмкіндігінен айырылып, күресті мүлде қойып кетуің мүмкін деген болатын.
Бірақ, спортта шыңдалған, алға қойған мақсатына жетпей қоймайтын қайсар жігіт дегеніне жетіп, 2009 жылы Қызылорда облыстық Ішкі істер департаментіне жұмысқа қабылданды. Қазіргі уақытта Қызылорда облысы ПД оқу-жаттығу взводының аға инспекторы, полиция майоры.
Ішкі істер саласында да жеткен спорттық жетістіктері аз емес. 2010 жылы «Тіл жанашары» қоғамдық бірлестігі мен «Тіл» республикалық ақпараттық-сараптамалық басылымының ұйымдастыруымен тұңғыш рет мемлекеттік қызметкерлер арасында қазақ күресінен өткен республикалық сайыста ІІМ-нің атынан күрескен Жасұлан Досымов бас бәйге – автокөлікті ұтып алды.
2011 жылы Қызылорда облысының «Сыр барысы» іріктеу сынында «Сыр сұңқары» атымен күрескен Жасұлан жеңімпаз атанып, «Қазақстан барысына» берілетін жолдаманы жеңіп алды. Сондай-ақ, ол самбо күресінен ІІМ-нің 3 дүркін жеңімпазы, 2 дүркін күміс жүлдегері, 1 рет қола жүлдегері атанды.
Қармақшы өңірінде дәстүрлі өткізіліп келе жатқан қазақ күресінен Кеңес Одағының батыры Т. Көмекбаев атындағы халықаралық турнирдің 4 дүркін чемпионы болса, 2 рет осы турнирде абсолютті салмақта «Түйе балуан» атағын жеңіп алған.
Үлгілі отбасының отағасы Жасұлан мен зайыбы 4 ұл-қыз өсіріп отыр.

Қызылорда облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*