Қуаныш сыйлаған қайырымдылық

Ішкі істер министрлігінің бастамасымен былтыр қолға алынған «Бақытты балалық шақты қорғау» жобасының аясында еліміздің бірнеше өңірінде республикалық қайырымдылық концерті өткен болатын. Аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балаларына және олардың ата-аналарына арналған игілікті шараның нүктесі 27 наурыз күні Нұр-Сұлтан қаласында Бейбітшілік және келісім сарайында қойылды.
Республика бойынша қайырымдылық кештің қонағы Қазақстанның эстрада әншісі, республикалық «Жас қанат» байқауының, халықаралық «Азия дауысы» фестивалінің лауреаты, «Дарын» сыйлығының иегері Бейбіт Қорған болды.
Ел ауызында «Пирамида» атанып кеткен Бейбітшілік және келісім сарайында осы күні келушілер қатары өте көп болды. Тыңдармандарының сүйікті әншісіне айналған Бейбіт Қорғанды көрермендері ерекше қошеметпен қарсы алды. Әнші астаналықтар алдындағы кешін «Жан ана» әнімен бастады.
«Барында бағасын білмеген соң, жоғында қадірін түсініп, анамызды сағынып жүрміз. Ендеше, аналарыңызды аялаңыздар! Аналардың құрметіне ду қол шапалақпен қошемет көрсетіп қоюларыңызды сұраймын. Жан анашым әрқашан да жүрегімде. Осы алғашқы әнімді аналардың құрметіне арнаймын», – деді ол. Осыдан соң Бейбіт көрермендерге отбасын – жан жары Бибігүл, ұл-қыздары Бексұлтан, Балзия, Баймұхаммедтерді таныстырып өтіп, келесі әнін отбасы мен жарына жолдайтынын жеткізді. «Қасымда бол» әні барлық асыл жар, аяулы келіншектерге арналды. Келесі кезекте осы қайырымдылық концерті басталғалы жанында жүрген інілері Бағдат пен Бекнұрларға рахметін жеткізген әнші Мұқағали Мақатаевтың сөзіне Мақсат Ынтықбаев әнін жазған «Жаным-ай» әнін орындады. Осыдан соң Бейбіт репертуарындағы тағы да бірнеше әнін көрермендерге тарту етті. Соның ішінде көпшілік жүрегіне жол тартқаны – ұлы Бексұлтан мен қызы Балзиямен бірігіп шырқаған «Қос қанатым» әні болды. Концертте әншінің көрермендер сүйіп тыңдайтын көпшілікке белгілі хит әндері де орындалды. Халыққа танымал «Сен», «Шоқ қыздар», «Тыңдашы, жаным» және «Қасымда бол» сияқты әндерді жиылған жұрт қосыла шырқады.
Концертке қатысу үшін Ұлттық ұлан мен Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің көркемдік ұжымы да шақыртылған болатын. Әсіресе, көрермендерді кішкентай әртістер – полиция қызметкерлерінің балалары өз өнерлерімен ерекше қуантты. Солардың ішінде Жанерке Өтеген, Нұрайым Қабдыл, Жасмин Тілеумбетова және тағы басқаларды атап өтуге болады. Одан бөлек, ішкі істер органдары қызметкерлері де өз өнерлерін ортаға салды. Ұлттық ұлан би ансамблі «Самғау», «Матростар биі», «Ұлы дала» билерімен көпшілік қошеметіне бөленсе, осы ансамбль триосы «Шабыт», «Туған ел» әндерін, ансамбль әншісі Ғайни Жұмашева «Елім-ай» әнін асқан шеберлікпен орындады. Ал Полиция департаментінің қызметкерлері – полиция майоры Динара Шаймарданова «Миллион алых роз» әнін, полиция капитаны Әсел Қозыбақова «Цвети, моя земля» әнін көрерменге тарту етті.
Кештің соңында Ішкі істер министрінің кеңесшісі Нұрділдә Ораз керемет ұйымдастырылған концерт үшін Бейбіт Қорғанға және концертке қатысушыларға алғысын білдірді.
«ІІМ-нің бұл жобасы қоғамда балаларға қатысты құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеу қағидасын қалыптастыруға, сондай-ақ, жасөспірімдер қылмысын төмендетуге бағытталған. Құқық сақшылары балалардың құқығын, олардың заңды мүдделерін қорғау, кәмелетке толмағандар арасындағы қадағалаусыздық пен құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелеріне ерекше көңіл бөледі. Бүгін елордамызда тиянағын тауып отырған республикалық қайырымдылық концерті осы бағыттағы профилактикалық шара болып табылады», – деді Нұрділдә Серікұлы.
Полиция департаменті Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Кішкентаев ведомство басшылығының атынан Бейбіт Қорғанға алғысхат табыстады. Ішкі істер министрлігінің бастамасымен былтыр қолға алынған «Бақытты балалық шақты қорғау» жобасының аясындағы республикалық қайырымдылық концерт бұған дейін Қостанай, Көкшетау, Павлодар, Өскемен, Талдықорған, Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан қалаларында өткен болатын. Бұл концерттің барлығында да кеш қонағы Бейбіт Қорған өнер көрсетті.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ, суреттерді түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*