Қытай елшісі алғысын білдірді

Қазақстан полициясы ұрланған қытайлық бизнесменді құтарды. Бұған тәулікке жетер-жетпес қана уақыт кетті.
Қазақстандық полицияға адам ұрланғаны жөніндегі хабарлама Қытай Халық Республикасы елшілігінен келіп түсті. Қытайлық бизнесменнің 37 жастағы зайыбы осы елшілікке көмек сұрап жүгінген екен.
Әйелдің айтуынша, оған белгісіз біреулер телефон шалып, күйеуін ұрлап кеткендерін хабарлап, 400 мың юань (22,5 млн теңге) талап еткен.
Қылмысты ашу мақсатында Алматы қаласының Полиция департаментінде жедел-тергеу тобы құрылды. Алғашқы минуттардан бастап полиция қызметкерлері барлық қажетті жедел және арнайы іс-шараларды жүргізді. Нәтижесінде, күдіктілердің жеке басы анықталды.
Сәл кейінірек полицияның жедел қызметтері арнайы бөлініс жауынгерлерімен ұрланған адамды құтқару бойынша операциялар жүргізді. Қылмысқа қатысушылардың барлығы ұсталып, қамауға алынды. Олардың әрқайсысының міндеті тергеумен анықталатын болады. Қазір өзге қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
«Қазақстан Үкіметіне, Ішкі істер министріне, Алматы қаласының полицейлеріне менің зайыбымның көмек сұраған өтінішіне көңіл қойып, мені жедел құтқарғандары үшін көп рахмет айтамын. Істің осылай тез шешілгеніне мен өте қуаныштымын. Қытай Халық Республикасының елшілігіне де арнайы алғысымды білдіремін. Мен Қазақстанға міндетті түрде тағы келемін. Мұнда адамдардың қауіпсіздігі бірінші орында тұрғанына көзім жетті», – деп ризашылығын білдірді жәбірленуші бизнесмен.
Кеше Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Чжан Сяо ІІМ-ге арнайы келіп, министрдің өзіне және барлық полиция қызметкерлеріне ұрланған Қытай азаматын тауып, құтқарғаны үшін алғысын білдірді.
Ол бұл істің тәулік ішінде тез ашылғанын естігенде таң қалғанын жасырмады. Елші қылмысты ашуға қатысқан ІІМ-нің барлық қызметкерлеріне өзінің алғысын айтып, бұл қазақстандық полицияның кәсібилігі мен жоғары жауапкершілігін көрсететінін атап өтті.
Чжан Сяо өз сөзінде екі елдің құқық қорғау органдары желісі бойынша жемісті ынтымақтастық болатынына сенім артып, бұл ынтымақтастық қос мемлекетке және оның халқына тиімді болатынын жеткізді.

ІІМ баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*