Толерантты тілдік орта

27 наурызда Қарағанды облысының Полиция департаментінде «Толерантты тілдік орта – рухани жаңғыру негізі» атты форум ұйымдастырылды.
Форумның басты мақсаты – ішкі істер органдарында мемлекеттік тілді дамыту, «Үш тұғырлы» тіл саясатын жүзеге асыру, бірнеше тілді меңгерген ішкі істер органдары қызметкерлерін, оның ішінде өзге ұлт өкілдерін насихаттау арқылы қоғамдық пікірге ықпал ету, қазақстандық полицияның имиджін көтеру.
Форум Қарағанды қаласының №21 орта мектебі кадет сыныбының хорымен басталды. Іс-шараның ресми бөлігін Қарағанды облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Қайыркен Әлиев салтанатты түрде құттықтау сөзімен ашып, қатысушыларға облыстық ПД бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Ерлан Файзуллиннің атынан алғыс хаттарын және бағалы сыйлықтарын табыс етті.
Облыстық тіл форумына Қарағанды облыстық ІІО-да қызмет атқаратын, мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, ойын ашық жеткізе алатын өзге ұлт өкілдері қатысып, өз әріптестерін мемлекеттік тілді оқып-үйренуге шақырды. Сондай-ақ, өздерінің өмірбаяны және еңбек жолына тоқталып, қойылған сұрақтарға толық жауап берді.
– Мен Қарағанды облысының Шет ауданында дүниеге келдім. Өзім орыстілді ортадан шықсам да, алдыма мақсат қоюдың арқасында қысқа мерзімде қазақ тілін тез үйреніп алдым. Менің ойымша, Қазақстанда тұратын әрбір азамат туған жердің ана тілін білуге, оның салт-дәстүрін қастерлеуге міндетті, – дейді форумға қатысушы Қарағанды қаласының ПБ Жедел криминалистикалық бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Д. Сафонов. Сондай-ақ, ол мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшірудің тиімді жақтарын айтып өтті.
Форумға қонақ ретінде шақырылған ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды Академиясының аға оқытушысы, филология ғылымының кандидаты, полиция подполковнигі Қ. Әбуғалиев, Қарағанды облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Г. Рзаев, Қарағанды облысы әкімі аппаратының Қоғамдық келісім мекемесі баспасөз бөлімінің басшысы И. Тоқмурзина мониторингтік талдау бөлімінің басшысы К. Хасянова, Қарағанды облысы «Халықаралық полицейлер Ассоциациясы» филиалының төрайымы А. Хегай, Қарағанды облыстық Тілдерді дамыту орталығының директоры А. Игенова және Полиция департаменті музейінің меңгерушісі А. Айтжанова қатысушыларға жылы лебіздерін білдірді.
Шара барысында сахнада Қарағанды қаласының дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының оқушылары домбырамен күй шертіп, Теміртау қаласы балалар үйінің тәрбиеленушілері мемлекеттік тілде патриоттық әндер шырқады. Ал Қарағанды облысының ПД «Нұр Орда» ансамблі сахнаны әуезді әнге бөлеп, көрермендердің көңілін бір серпіп тастады.

 

Нағима ӘШІМҚЫЗЫ,
Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*