Жеке құрам жаңа әліпбиге ден қоюда

Өткен жылдың 19 ақпанында Елбасы қол қойған «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлықтың талаптарын жүзеге асыруға Алматы қалалық Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы да атсалысуда.
Басқарма қызметкерлеріне арналған курс ашылып, жеке құрам латын әліпбиін үйренуге кірісті. Сабақ барысында жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері оқытылады. Латын графикасындағы қазақ әліпбиі бойынша дұрыс жазуды көрсететін ережеде қазақ тілінің орфографиялық нормалары кеңінен қамтылған. Дұрыс жазу мәдениетін қалыптастыратын басты нормативтік қағидалар болып саналатын ережеде ең алдымен ұлттық тілдің мүддесі көзделген.
Сабақ барысында жеке құрамға латын әліпбиінің терең тарихынан да мағлұмат беріледі. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында атап өтілген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында құрылған курсқа қатысушылар латын әліпбиін үйренуге ынталы.
«Аталған мақаланың «Таяу жылдардағы міндеттер» атты бөлімінде қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің маңыздылығы жан-жақты айтылған болатын. Оған көшу қысқа мерзімде атқарылатын жұмыс емес. Елбасы 2012 жылы жарияланған «Қазақстан-2050» Стратегиясында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін мәлімдеген болатын. Аталған мақалада 2025 жылға қарай іс қағаздарының, мерзімді баспасөздің, оқулықтардың латын әліпбиімен басып шығарыла бастайтындығы айтылса, ол уақыт та қыр астында тұр. Сондықтан біз жеке құрамға латын әліпбиін үйретуге зор маңыз беріп отырмыз», – деді Алматы қалалық Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы Кадр жұмысы бөлімінің аға инспекторы, полиция капитаны Сәкен Келгенбаев.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА, Алматы қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*