Баспанамен қамту – басты мәселе

27 наурызда Орал қаласының ПБ-да Батыс Қазақстан облысы ПД жанындағы Консультативтік-кеңесші органның отырысы өтті. Шараға облыстық ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бағдар Әбуов және басқарма бастықтары, Консультативтік-кеңесші органның белсенді мүшелері, Орал қаласы ПБ басшылары мен жеке құрамы қатысты.
Отырыста алғаш сөз алған кеңесші органның төрағасы Қазыбай Бозымов полиция қызметінің ашықтығы мен жариялылығын көпшілікке насихаттау, құқықтық мемлекетті нығайту мен рөлін арттыру, халықтың, қоғамның негізгі ойларын бірге шешу мақсатында облыс көлемінде біркелкі іс-шаралардың жүйелі түрде жүргізіліп отырғанын атап өтті. Отырыстың күн тәртібінде қаралатын екі мәселенің өзектілігіне тоқталып, жиналғандарды еркін пікір алмасуға, ұсыныстарын ортаға салуға шақырды.
Орал қаласының ПБ-дағы заңдылық пен қызметтік тәртіптің жай-күйі, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында атқарылған іс-шаралар туралы қалалық ПБ бастығының орынбасары, полиция полковнигі Наурызбай Ғұмаров баяндама жасады.
Ішкі істер органдарындағы негізгі басым бағыттардың бірі – сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу, жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол бермеу мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Жең ұшынан жалғасқан сыбайластықты болдырмау үшін нақты шаралар да қабылдануда.
2018 жылдың алғашқы 3 айында 4 қызметкерге қатысты қылмыстық іс қозғалған болатын. Ал 2019 жылғы 3 айда мұндай фактілерге жол берілген жоқ.
Жеке құрамның жол-көлік оқиғаларына жол бермеуі, жол ережелерінің сақталуын тексеру мақсатында Кадр жұмысы бөлімінің жауапты қызметкерлері жыл басынан бері 7 рейд өткізіп, онда бірде-бір теріс факті тіркелмеген.
Басқарманың 1-қабатында фронт-кеңсе ашылды. Оған келген азаматтардың өз сұрақтарына нақты әрі тез жауап алуға мол мүмкіндіктері бар.
Басқармадағы жеке құрам арасындағы тәртіптің жай-күйі туралы баяндаған полиция полковнигі Наурызбай Қайыршаұлы ұсыныстарды да атап өтті. Әдеп кодексін оқыту бойынша қосымша сабақтар ұйымдастырылып, жеке құрамның полицейлік, тәлімгерлік, офицерлік, ардагерлер кеңестерімен бірлесіп жұмыс істеуін, полиция имиджін көтеру, полиция қызметін халыққа жақындату мақсатында жұмыстың күшейтілуін алдағы күндердің еншісіне қалдырды.
Батыс Қазақстан облысы ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бағдар Әбуов полиция қызметкерлерінің азаматтармен сыпайы қарым-қатынас жасап, мәдеиетті сөйлеуге көңіл бөлінуін талап етті. Ал Консультативтік-кеңесші органның төрағасы Қазыбай Бозымов полиция жұмысын халыққа жариялау мақсатында ақпараттарды уақытылы әрі шынайы беруге, заң аясында жұмыс істеуге шақырды. Консультативтік-кеңесші органның мүшесі Асланбек Губашев алдағы күндері өтетін кезектен тыс аттестацияға бақылаушы ретінде қоғамдық құрылымдардың тартылуын ұсынды.
Келесі кезекте полиция қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайларын жақсарту үшін атқарылған бірқатар іс-шаралар туралы облыстық ПД Кадр саясаты басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковигі Мырзахан Батырқұлов баяндады. Осы күнге дейін 104 қызметкер ипотека арқылы үй алып, 111 қызметкер әртүрлі мемлекеттік бағдарлама бойынша баспанамен қамтамасыз етілген. Жалдамалы үйде тұратын қызметкерлер тексеріліп, 2 қызметкердің отбасына баспанасы өтеусіз жекешелендірілген. Полиция қызметкерлеріне баспана тұрғызу мақсатында «Солтүстік-Шығыс» ауданынан жер телімі қарастырылған. Ең бастысы, уақытпен санаспай, қызметтерін мінсіз атқаруы үшін тәртіп сақшыларының баспанасы болуы тиіс. Отырысқа қатысушылар осы мәселе туралы пікірлерін ортаға салды.
Отырыс барысында әрбір баяндамашыға Консультативтік-кеңесші орган мүшелері сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды.
Шара соңында департамент бастығының орынбасары Бағдар Әбуов облыстық Полиция департаменті жанындағы Консультативтік-кеңесші органның қызметіне белсенді қатысқаны үшін ККО төрағасы Қазыбай Бозымовқа Ішкі істер министрі, полиция генерал-майоры Ерлан Тургумбаевтың Грамотасын табыстады.

Батыс Қазақстан облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*