Өзіне қол жұмсау – ауыр күнә

Жуырда Алматы қалалық Мамандандырылған күзет қызметі басқармасында «Ішкі істер органдары жеке құрамының арасында өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын алу жолдары» атты семинар ұйымдастырылды.
Шарада баяндама жасаған Алматы қаласы МКҚБ Кадр жұмысы бөлімінің аға инспекторы, полиция капитаны С. Келгенбаев суицидтің алдын алу шараларына кеңінен тоқталып, қандай жағдайда да жеке құрамның өз әрекетіне саналы түрде баға беруі керектігін атап өтті.
«Адам бекерден-бекер өзіне қол жұмсамайтыны белгілі. Суицид – өмірдегі әртүрлі жағдайлардың әсерінен болады десек, бір нәрсенің шешімін таба алмай дағдарған қызметкерлер өзіне-өзі қол жұмсауы мүмкін. Бірақ, «Ақылдасып пішкен тон келте болмас» дегендей, шешілмейтін мәселе жоқ. Кейбір адамдар отбасындағы жанжалдардың салдарынан өз өмірін қиып жатады. Бір сәттік реніш үшін өмірмен қош айтысудың артында қалған жақындарына қаншалықты ауыр боларын ойланып жатпайды», – деді С. Келгенбаев.
«Адамның өзіне-өзі қол жұмсауы – шариғатқа жат. Мұндай жат нәрсенің алдын алу үшін жүректе иман болуы керек. Біздің дінімізде өзін-өзі өлтірудің күнәсі өте ауыр. Өмірді адамға Алла береді, біздің кеудеміздегі жан – Алланың аманаты. Жаратқанның аманатына қиянат жасаудан ауыр күнә жоқ екенін әрбір адам білуі, тек біліп қана қоймай, оны жан-дүниесімен сезінуі керек.
Мына өмірде күйзеліске түскен адамға көмектесу – мұсылмандық парызымыз. Өзіне қол сұғушылықтың алдын алудың бір жолы – дін дейтін болсақ, имандылық жолына адамды жас күнінен баулығанның пайдасы зор. Мектептердегі дінтану сабақтарында оқушыларға Ислам дінінің адам өміріндегі маңызын ерте бастан үйретсе, мұндай шариғатқа жат қылықтар тыйылар еді», – деді Алматы қаласы Орталық мешітінің наиб имамы Е. Көкірекбаев.
Алматы қаласы Полиция департаментінің психиатр дәрігері Е. Клещева да суицид мәселесі туралы баяндама жасап, күнәға шарасыздықтан шаршаған адамдар баратынын, сондай-ақ, оған қызмет барысындағы келіспеушіліктердің де себеп болатынын атап өтті. «Отбасындағы әлеуметтік ахуалдың нашарлауын да осындай жолмен шешіп жатқандар жоқ емес. Медицинада депрессия, невроз, депрессиялық психоздың алдын алуға немесе оны емдеуге аса қатты мән беріледі. Өйткені, осындай аурулардың асқынуы салдарынан суицидке баратындар көп», – деді психиатр дәрігер.
Суицид – дүние жүзін алаңдатып отырған дерт. Тіпті, экономикасы дамыған, бақуатты ел дейтін Жапонияның өзі суицид бойынша әлемдегі алдыңғы қатарда. Ал біздің елімізде осы бір дерттің алын алу үшін психолог мамандардың жұмысын жандандыру керек екені даусыз. Бұл туралы кеңінен әңгімелеген Алматы қаласы МКҚБ 3-полиция батальонының инспектор-психологы, полиция аға лейтенанты Н. Салқынбаева қазақстандықтарға қарағанда, шетелдіктердің психолог мамандарға жиі жүгінетінін де атап өтті.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*