Әскердегі заңдылық пен тәртіп

Отанды сүю – бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп, табыстау деген сөз. Барша қазақстандықтардың жұмысының түпкі мәні – осы.
Осы орайда, Отанды қорғаумен бірге, елдегі тыныштықты қамтамасыз ететін Қарулы Күштердегі заңдылық пен тәртіпті қадағалаудың маңызы зор. Бұл ретте, Ақтөбе гарнизонының әскери прокуратурасына да жүктелер міндет зор.
Еліміздің Қарулы Күштерінде 2019 жылы құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі бағдарламаның және «Армияда қылмысқа орын жоқ» бағдарламасының іс-шараларын іске асыру бағытында 6655 әскери бөлім мен Ақтөбе гарнизоны әскери прокуратурасының арасында тығыз байланыс орнатылды.
Осы орайда, «Армияда қылмысқа орын жоқ» бағдарламасын іске асыру жоспарының іс-шараларын орындау және әскери қызметшілер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында өткен жылы құқық бұзушылықтар мен суицид профилактикасы бойынша бірнеше «дөңгелек үстел» өткізілді. «Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтанышымыз» тақырыбында барлық әскери бөлімдердегі рәміздердің орналасу тәртібін қадағалау мақсатында ауқымды шара ұйымдастырылды.
Көктем және күз мезгілдерінде әскер қатарына шақырылушы азаматтарға бас әскери прокурордың үндеуі негізінде дәстүрге айналған «Прокурор сағаты» атты дәріс ұйымдастырылады. Атап айтқанда, әскери бөлімдер мен мекемелерде әскери қызметшілердің барлық санаттарымен «Қоғамдық болмыс пен тәртіпке қауіп төндіретін әкімшілік құқық бұзушылықтар», «Әскери қызмет, әскери міндет және қорғаныс бағытындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар» тақырыбында дәріс өткізілді және «нөлдік төзімділік» ұстанымын есепке ала отырып, әскери қызметшілер түсіндіру және жеке тәрбие жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар, «Жауынгерлік дос», «Мүлдем төзбеушілік» атты акция аясында дөңгелек үстелдер, сабақтар мен басқа да іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.
Болашақ Отан қорғаушыларға рухани жігер сыйлау мақсатында прокуратура қызметкерлері оларды «Сарбаз, сен елді қорғайсың! Сені заң қорғайды!» деген қанатты сөзбен демеп, сәт-сапар тілейді.
Сонымен қоса, «Отбасылық жанжалдардың алдын алу» тақырыбында сабақтар өтті. Қарулы Күштерде әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыстарды ұйымдастыру жөніндегі қызмет ашылған уақыттан бастап, аталған бағыттағы жұмыстар жандана бастады. Осы қызметті атқарушы лауазымды тұлғалар әскери қызметшілердің отбасыларымен тікелей жұмыс атқарады. Олардың әлеуметтік жағдайларын зерделеп, қажеттіліктерін анықтайды. Отбасыларда сау моральдық жай-күйді қалыптастыру бойынша жұмыстар ұйымдастырады.
Жоғарыда атқарылған іс-шаралардың тиімді нәтижесі көп күттірген жоқ. Өткен жылмен салыстырғанда, әскери қызметте бұйрыққа бағынбау (бұйрықты орындамау; бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кету; қызметке дәлелсіз себептермен мерзімінде келмеу; қорлау; қызмет өткеру ережелерін бұзу сияқты), әкімшілік құқық бұзушылық істер 20%-ға төмендеген. Ал әскери қызметпен байланысты емес әкімшілік құқық бұзушылық түріндегі деректер 30%-ға азайған.
Біздің мақсатымыз – бұл көріністерді әскер қатарынан толығымен жою. Оған толық мүмкіндігіміз бар.
Енді әскери қызметшілерді әкімшілік жауапкершілікке тарту ерекшеліктеріне тоқтала кетейік. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс әскери қызметшінің, прокурордың және тәртіптік жарғылардың, не арнайы ережелердің ықпалы қолданылатын өзге де адамдардың әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін әкімшілік жауаптылығын көздейді.
Әкімшілік кодекске сәйкес, әскери қызметшілер мен әскери жиындарда жүрген әскери міндеттілер қызметтік міндеттерін атқару кезінде жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін тәртіптік жарғы бойынша осы Кодекстің 651, 652, 676, 677, 680, 681-баптарында қаралған жағдайлардан басқа жағдайда жауапкершілікке тартылады.
Әкімшілік жаза қолдану құқығы берілген органдар (лауазымды тұлғалар) әскери қызметшілерге әкімшілік жаза қолданудың орнына кінәлі адамдарды тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы мәселелерді шешу үшін тиісті органдарға құқық бұзушылық туралы материалдарды беруі тиіс.
Ақтөбе гарнизоны әскери прокуратурасымен Ақтөбе гарнизоны бойынша әскери бөлімдер мен мекемелер әскери қызметкерлерінің әкімшілік жауапкершілікке тартылу мәселелері бойынша, әкімшілік айыппұлдардың уақытылы төленуі, жалпы әкімшілік құқық бұзушылық заңдылығының жай-күйіне жүйелі түрде талдау жасап отырады.

Гүлзат БИТОВА, Ақтөбе қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*