Шекпенінде құндызы бар шенді ару

Осыдан біраз жыл бұрын Шымкент қаласы базарларының бірінде өрт болып, сатушылардың заттары жанып кетіп, басым көпшілігі жиған-тергендерінен айырылып қалған болатын.
Тілсіз жаудың ортасында қалып, өртеніп жатқан тауарларын көрген сатушылар оны сақтап қаламын деген оймен өртке қарай ұмтылып жатты. Осындай сәтте халықты сабырға шақырып, қауіпті істерге бармас үшін полиция қызметкерлері тез арада көмекке келді. Полиция департаментінің бүкіл жеке құрамы, психологтар, полицейлер, баспасөз өкілдері сол жерге жұмылдырылды. Аянбай ақыл-кеңес айтып, моральдық көмек беріп жаттық. Кейбір адамдар оларды лаулаған өрттен сақтап қалғымыз келген біздің ниетімізді дұрыс түсінбей, тас секілді қолдарына іліккен заттарын лақтырып, тәртіпсіздік жасап жатты. Алайда, біз қанша жерден өзімізге тұрғындар тарапынан қауіп болып жатқанын түсініп жатсақ та, сақшы болып Отанға деген міндетімізді атқарып тұрдық. Тұрғындарды да кінәлай алмаймыз. Себебі, оларды да түсінуге болады, шиеттей бала-шағасын бағу үшін пайдасын көріп отырған жалғыз кәсібінен айырылып жатыр», – дейді полиция өмірінің ыстығы мен суығына төзіп келе жатқан шенді ару Гүлнәр Көмекбайқызы.
Бұл оқиға – Түркістан облысы ПД Жедел жоспарлау орталығы кезекшілік бөлімінің маманы Гүлнәрдың айтқан қызмет жолындағы кездескен түрлі оқиғаларының бірі ғана. Нәзік жанды шенді ару – 1972 жылы Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысы, Ордабасы ауданында, Көмекбай мен Күлзипаның шаңырағында дүние есігін ашқан, Алла берген 7 сәбидің бірі. Әкесі Көмекбай Сакимбаев – физика пәнінің, анасы Күлзипа Сакимбаева – математика пәнінің майталман маманы. 40 жылдан астам уақыт бойы оқу ордаларында шәкірт тәрбиелеп, білім саласына сүбелі үлестерін қоса білген ұлағатты ұстаздар. Міне, осындай білімді ұстаздардың тәрбиесін көрген қыз өзінің қызметінде де сол ата-анасы бойына сіңірткен ілімін жүзеге асырып, жас мамандарға ақыл-кеңесін беріп, қоғамға жан-жақты пайдасын тигізуде.
«Білім – бастан таймайтын бақ. Сондықтан әрқашанда білімдеріңді жетілдіруден жалықпаңдар!» – дейтін әкесінің көреген сөздері Гүлнәрдың жадында жаттаулы. Ол өзінің ұл-қызына да осы сөзді өсиет ретінде үнемі айтып отырады. Соның да бір парасы болар, қызы Дана мен ұлы Омар білімді жас маман ретінде шыңдалып келеді. Атап айтқанда, Дана Ақылова қазір Алматы авиация академиясында білім грантын жеңіп алған. Биыл 3-курс студенті. Ал ұлы Омар Ақылов – Соколов-Сарыбай тау-кен байыту кәсіпорнында білікті қызметкер.
Гүлнәр мен оның әпкесі Орынкүл Ешенкуловаларды шекпенінде құндызы бар, шенінде жұлдызы бар полицей арулар деп атуға болады. Себебі, Орынкүл Ешенқұлова – Ішкі істер министрлігінде қызмет атқарып жүрген майталман мамандардың бірі. Білмегенін үйретіп, білгенімен бөлісіп жүрген кәсіби қызметкер, полиция полковнигі. Үнемі әпкесінен ақыл сұрайтын Гүлнәр Орынкүлді өзіне үлгі тұтып, бой түзейді. Әр сөзінде әпкесінің жасаған қамқорлығын, айтқан ақыл-кеңестерін сөз арасында тілге тиек етіп отырады.
2006 жылдан бері полиция қызметінде жүрген Гүлнәр Көмекбайқызы – қазіргі Түркістан облысының Полиция басқармасында тұңғыш рет ашылған Жедел жоспарлау орталығына қабылданған, іріктеуден өткен тәжірибелі мамандардың бірі. Сол жылдан бастап оның ішкі істер органдары саласындағы қызметі жалғасып келеді. Шені – полиция майоры.
«Арнайы шараларды, елді мекендерде дағдарыс жағдайлары орын алған сәтте полиция қызметкерлерінің алғашқы болып жетіп, көмек көрсету іс-әрекеттерін ұйымдастырамын. Төтенше жағдай болған кезде қанша адам шығу керек, барлығын алдын ала әзірлеп қойған жоспар бойынша ұлтараздық немесе жаппай тәртіпсіздіктер туындаған кезде, халық көтерілуге жақын қалған уақытта хабарлама келіп түскен уақыттан бастап әрекет етеміз. Ол үшін арнайы топтың құрамдары бекітіледі», – дейді Гүлнар Ешенқұлова.
Шенді арудың алған марапат-мадақтары да аз емес. ІІМ тарапынан «Құқық тәртібін қамтамасыз етуде үздік шыққаны үшін», «Қазақстан полициясына – 20 жыл» және «Қазақстан полициясына – 25 жыл» төсбелгі, медальдарын алған. Түркістан облысы Полиция департаменті басшылығының тарапынан да қызметін мінсіз атқарғаны үшін берілген алғыс хаттары мен мадақтамалары баршылық. Бұл дегеніміз – төгілген тердің, еселенген еңбектің еленгендігі.
Гүлнармен сұхбаттасу арқылы мен оның өзіндік қиындығы бар қызметін түсінгендей болдым. Айтқан әңгімесінен де өте керемет әсер алдым. Әйел адам бола тұра, қылмыскерлерді құрықтайтын салада ер-азаматтардан кем түспей, қызметін мінсіз атқарып жүргені мені таңқалдырды. Әңгіме барысында бойшаң, аққұба, сұлу арудың өне бойынан өжеттілікті сезіндім. Қос шынарымыз Әлия мен Мәншүктің бүгінгі бет-бейнесіндей дерсің. Әріптестері арасында еңбекқорлығымен, табандылығымен зор беделге ие екендігі байқалып тұр. Қызметтегі әріптес достары да кабинетіне келіп, қажетті кеңестерін сұрау арқылы көңілге қонымды жауаптарын алып, алғыстарын айтып кетіп жатыр. Бұл да бір шенді арудың бойындағы білімін, қызметтегі толысқан тәжірибелілігін танытып тұрғандай.

Гүлнәр АБДУЖАППАРОВА, Түркістан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*