Бақытты отбасы

Отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Өйткені, адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында ер жетіп, ата-ананың тәрбиесін алады.
Мен оның бойынан табандылық, адамгершілік, қызметіне адалдықты көремін. Бүгінгі әңгімем менің әріптесім, көпбалалы отбасынан шыққан, өзі де 6 баланың әкесі болып отырған Жаңаберген Мамай туралы болмақ.
Мамай 1981 жылы қарапайым құрылысшы отбасында дүниеге келген. Жастайынан ата-анасы берген мол тәлім-тәрбиенің арқасында өмірге деген құлшынысы, алға қойған арман-мақсаты болды. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, әкесінің жақсы мінезі мен асыл қасиетті бойына дарыған Мамайдың бала күнінен арманы полиция қызметкері болу еді. Бір қызығы, Мамайдың ағасы мен інісі, жеңгесі мен келіні де ішкі істер органында қызмет атқарады. Солардың жұмыстарына қарап, қатты қызығып өскен әріптесіміз 1998 жылы мектеп бітіріп, 1998-2002 жылдары Алматы қаласындағы Қазақ академиялық университетінің құқықтану факультетінде оқып, 2003-2004 жылдары Отан алдындағы әскери борышын өтеп келді.
Еңбек жолын 2008 жылы түзеу колониясында бақылаушы болып бастаған. Қылмыстық атқару инспекциясында инспектор, аға инспектор, ЗК-169/4 мекемесінде жедел уәкіл қызметтерін атқарған. Сержант шенінен бастаған Мамай қиындығы мен қуанышы қатар жүретін салада 10 жылдан астам уақыт қызмет атқарып келе жатса да, отбасынан бір алшақтаған емес.
Қазіргі уақытта ҚАЖД Кезекші қызметінің аға инспектор-кезекшісі, әділет капитаны Жаңаберген Мамай көпбалалы отбасылар қатарына жатады. Жан жары Жұлдыз екеуі – «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай», 6 балаға тәлім-тәрбие беріп отырған бақытты отбасы. «Отбасының басты қызығы, алтын тіреу діңгегі – бала. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол», – дейді әріптесім. Департаменттің спорттық іс-шараларына отбасы мүшелері белсенділікпен қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр.
Қызмет барысында Мамай жақсы жетістіктер мен қызметіне адалдық танытқаны үшін департамент бастығының грамотасы және алғыс хаттарымен марапатталған. Біз де әріптесіміздің отбасына амандық тілеп, мәуелі бәйтеректей жапырағын кеңге жайған бақытты отбасы болсын деп тілейміз.

Дана ДОСТАНОВА, Қызылорда облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*