Ұстазы жақсының ұстамы жақсы

Ішкі істер органдарында әйел заты қызмет атқаратынын естігенде үрке қарайтын заманнан өтсек те, қиындығы қырық атқа жүк болар ауыртпалығы мол салада еңбегі ерен нәзік жандар бағалауға лайық-ақ. Неге десеңіз, «Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» деп пәлсапалаған қазақ әйелдің басты орны отбасы, ошақ қасы екенін ықылым заманнан айтқан. Екі айрықтың басын қосу әсте оңай емес. Сондықтан шығар, қызы мұғалім немесе дәрігер мамандығын таңдаса, ата-ана басын қуана изейтін.
Шынында, дүниенің заңдылығын сызып тастап, форма киіп, органдарда жүрген әйел-аналарымыздың еңбегі ерлік-ақ. Ал ішкі істер органдарында 17 жыл қызмет етіп келе жатқан Павлодар облысы ПД Көші-қон қызметі басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Гүлжан Айтқазина – шенді келіншек қана емес, отбасының ұйытқысы, үш баланың анасы. Өмірге ұрпақ әкеліп, бала тәрбиелеп, отбасы мен жұмысты қатар алып жүрген ардақты ана. Ұзын бойлы, көзі мөлдіреген, қою қара шашын иығынан асыра жиып, жымиып қана жүретін келіншекті жай көрген жұрт полиция майоры десе, сенбес. Үйінде кілем қағып, банка жауып, нан илеп, тамақ пісіреді дегенге де иланбас еді. Гүлжан Айтқазина бәріне үлгереді. Екі ұлы – студент, қызы – мектеп оқушысы, өзі – отбасы алдындағы жауапкершілігін, қызметі алдындағы міндетін толық сезінетін ерекше жан.
Ішкі істер органдарындағы қызмет ету мерзімі 17 жыл ғана болғанымен, сержанттықтан басталған көші-қон қызметіне дейінгі аралықта 7 қызметтің әртүрлі сатыларынан өтті. Бұл ішкі істер органдарындағы маңыздылығы басым ақпараттық жүйелермен арпалысқа толы жұмыстың ортасында жүрді. Есептік тіркеу тәртібіндегі тиянақты тірлігі, кезекші бөлімдермен, патрульдік жасақтармен, жедел топтармен кезекшілікте болу – Гүлжан Айтқазинаның өміріндегі мектеп қана емес, жарқын кезеңдері саналады.
Полиция майорының өміріндегі үлкен мектептің бірі жаңадан ашылған Жедел басқару орталығы болды. Республика бойынша 2006 жылы Павлодарда бірінші ашылған полиция жасақтары мен кезекші бөлімдері жаңа форматқа көшірілген жаңа бөлімшенің құрылуы мен дамуына Айтқазина да үлес қосты. Компьютерленген кезекші бөлімді құру қызыққа да, қиындыққа да толы еді. Онда навигация жолымен полиция жасақтарын көрсете отырып, электрондық картамен басқару жүйесі арқылы жұмыс атқарылды. Сол Павлодар жедел басқару орталығының негізін қалаушы, тәжірибелі басшылардың бірі Ю. Колесников жаңа бөлімшені басқаруға бекерден-бекер таңдалған жоқ еді. Талдау және жоспарлау бөлімінің қызметкерлеріне: «Сіз қазір қалай жұмысты жүйелейсіз, ол ары қарай солай жүреді. Сіздердің талдауларыңыз, енгізген мәліметтеріңіз қалай түзілді, солай кетеді. Бұл – мұхиттың үстіндегі алып кеме. Қалай бағыттасаң, солай жүзеді», – деп айтудан жалықпайтын. Сондықтан қарамағындағыларға мықты ұстаз бола білді.
Шынында, мықты ұстаздың сабағы мен өз мамандығына адал қызметкерлердің арқасында жаңа форматты жүйенің тиімділігі көп ұзамай көріне бастады. Сол кезеңде вокзал маңындағы алаңда орнатылған камераның көмегімен алғаш рет жас жігіттің өлімінің себепкері анықталды. Куәгер табылмай, іс тұйыққа тірелгенде, қыршынынан қиылған азаматты өлтірген қаскөй жәбірленушінің кеудесіне пышақпен соққы жасап жатқаны камераға айдан анық жазылып қалған. Қаншама машинаны ұрлау ниетімен айдап кету, зұлымдықтың фактілері анықталды десеңізші…
Міне, осы жолдардың бәрінен өткен Гүлжан Айтқазина баспасөз қызметінде шыңдалды. Сол жылдары басқарған сауатты басшы Нина Цысьтың тәжірибе мектебіне қойып кетті. Департаментте өздері шығарған жеке басылым «Досье» газеті болды. Жақсы маман қашан да, қай жерде де қажет. Гүлжан Айтқазина ысылып, біраз тәжірибе жинаған кезінде көші-қон қызметіне шақырту алды. Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Жасұлан Жиенбаев білікті кадрды аттай қалап алдырды. Негізгі қызметі – ҚР аумағынан тыс, тұрғылықты жерге кетуге ниеттенген адамдардың құжаттарын рәсімдеу мәселелерінде азаматтарға көмек көрсету. Әрине, адамдар – түрлі мінезді. Біреуі алаңдаушылықпен келеді, бірі құжаттарын ұқыптылықпен реттеп жүреді. Қойылған алуан сұрақтарына сабырлылықпен жауап беріп отыратын полиция майорын бәрі сыйлайды. Рәсімнен өту мерзімі мен тәртібін қиналмай түсіндіреді. «Осының бәрі – қызметте қандай да бір жетістіктерге жетсем, өмір жолымдағы ұстаздарымның үйреткені», – дейді Гүлжан.
«Органға мен кеш келдім. 28 жасымда осы салаға аяқ басқанымда, менің екі ұлым болды. Дегенмен, бар күш-жігерімді арнап, өзімді сынап көргім келді. Төрт жылдан кейін Тергеу басқармасының бастығына рапорт жазғанымда, ол кісі мені қабылдамады. Жас еместігіме сілтеме жасаған. Дегенмен, өкінбеймін, жақсы физикалық дайындығым бар, барлық нормативтерді өте жақсы тапсырамын. Бір рет төмен баға алғаным жоқ. Ретіне қарай үнемі дайындалып жүремін. Аттестациялау кезінде кәсіби дайындығы бар қызметкерлердің қатарынан көрінгім келеді.
Өз ұстаздарымнан үлкен құрметпен Гульфира Сатдарованы ерекше айтып өткім келеді. Өзімнің қызметіме қатысты үлкен ақылшы болды. Владимир Корж мақсатқа жету үшін ауқымды ойлауды, тереңнен көруді үйретті. Гүлнар Бекетова – күшті талдаушы, әділ, әрбір жағдайға қажетті тәсілді таба білетін адам. Ол маған өз қызметімде бүгінде пайдаланып жүрген қуатты талдау және жоспарлау мектебін берді.
Павлодар қаласының көші-қон қызметінде инспектор Орынтай Қалиева өмір бойы осы бағытта полиция қызметкері бола жүріп, подполковник атағына жетіп, қазіргі уақытта зейнетке шықты. Ол кісіден үйренгеніміз өте көп. Кез келген жағдай біз үшін күрделі болып көрінбейді, бәрі кәсіби тәсіл арқылы шешіледі», – дейді ұзстаздарын құрметпен еске алған полиция майоры.
Бүгінде өзі де кейінгі буынға ұстаз болып қалған Гүлжан Айтқазина бар тәжірибесі мен білгенін үйретуден жалықпайды. Мамандығын мақтанышы санап, таңертең жұмысына жайдары шығады. Кешке үйіне асығады, өзін күтіп отырған көзінің үш қарашығы бар. Ұлдары ана жолын қуғысы келмейді. Шығармашылыққа бейім, музыкамен әуре. Мейлі, тыныштық пен тәртіптің күзетшілері болуды армандайтын жастар таусылмас. Біздің кейіпкеріміздің де арманы асқақ, осы жерде тоқтап қалмақ емес.

Суретті түсірген Жадыра ШАМҰРАТОВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*