Көлік сақшыларының көрсеткіштері жоғары

Ұлыстың ұлы күніне орай, Көліктегі Полиция департаменті және оның желілік бөліністерінің қызметкерлері дәстүрлі мерекелік іс-шара ұйымдастырды.
Астана стансасындағы Желілік полиция басқармасында мерекелік дастарқан жайылды. Салтанатты шараны ЖПБ бастығы, полиция подполковнигі Мақсат Құрмантайұлы ашты.
«Наурыз мейрамы – көктемгі жаңарудың айшығы. Шығыс күнтізбесі бойынша Наурыз – жылдың басы әрі көктемгі күн мен түннің теңелуіне дәл түсетін мезгіл. Шындығында, бұл мереке – барлығымыз үшін көктемгі жаңарудың, махаббат пен достықтың нышаны», – деп атап өтті ол.
Іс-шара барысында спорттық жарыстар да шет қалған жоқ. Қарағанды-Сұрыптау стансасындағы Желілік полиция бөлімінің жеке құрамы мен ішкі істер органдарының ардагерлері арасында волейболдан және қол күрестен сайыс өтті. «Спорт – денсаулық кепілі» демекші, қызметі мен дене дайындығын қатар алып жүретін көлік сақшылары өздерінің шымыр да шапшаң екендіктерін көрсетті. Жарыс алаңында жеңуді көздеген командалар тартысты доданы қыздыра түсті. Жеке құрам қызметкерлері қызметтік киімін бір сәтке спорттық киімге ауыстырып, бір серпіліп қалды.
Жарыс қорытындысы бойынша I орынды Тергеу бөлімшесінің командасы алса, ІІ орынды ардагерлер, ІІІ орынды Қарағанды-Жолаушылар стансасындағы ЖПБ қызметкерлері иеленді. Сондай-ақ, «Үздік ойыншы» номинациясын Анықтау бөлімшесінің анықтаушысы, полиция капитаны М. Ысқақов иеленді. Спорттық шара тартысты әрі қызықты өтіп, жүлделі орын алған құрама командалар мен тартысты ойын көрсеткен қызметкерлер марапатталды.
Петропавл стансасындағы Желілік полиция бөлімінің жеке құрамы Наурыз мерекесін жақсы көрсеткіштермен қарсы алды. «Динамо» спорттық қоғамының ұйымдастыруымен Ұлыстың ұлы күні қарсаңында шағын футболдан бөлімшелер арасында жарыс ұйымдастырылды. Петропавл стансасындағы ЖПБ бөлімшелерінен құралған командалар қызметте қандай жақсы көрсеткіш көрсетсе, спортта да сондай жетістіктерге ие. Барлық тамашалауға жиналған қауымды ЖПБ бастығы, полиция подполковнигі Қанат Тұрғанбеков есігін айқара ашып келген Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтады. Кеш соңы Петропавл қаласы Мәдениет үйінен келген әртістердің ән-шашуына ұласты.

Көліктегі ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*