«Бату-хан»: милиционерден ел басшысына дейін

20 наурызда елімізде жаңа Президентімізді тағайындап, тарихи саяси өзгерістер орын алып жатқанда, Ресейдің де кейбір өлкелерінде облыстар мен ұлттық республикалардың басшылары ауысты. Солардың қатарында Қалмақ Республикасын бірнеше жыл басқарған Алексей Орлов орнынан кетіп, В. Путиннің жарлығымен кәсіпқой рингте «Бату-хан» лақап атымен танымал кикбоксшы Бату Хасиков ел басшысы болып тағайындалды.
Әрине, әзірге ол – Қалмақ Республикасының басшысы міндетін уақытша атқарушы. Дегенмен, қарапайым милиционер әрі спортшының мемлекет басшысы лауазымына дейін көтерілуі назар аударарлық дүние екені мәлім. Сондықтан бұл мақаламызда «Бату-хан» туралы бірсыпыра мәлімет беруді жөн санадық.
Бұған дейін біз Б. Хасиковтың милиционер, саясаткер, республика Халық Хуралының (Парламентінің) депутаты болғандығын естімесек те, кәсіпқой рингте «Бату-хан» лақабымен шығып жүрген танымал спортшы екенін білетін едік. Қазіргі Ресейдің бүкіл еуропалық аумағын, қарт құрлықтың біраз жерін жаулап, табанының астында ұстаған Шыңғысханның немересімен аттас кикбоксшы Ресейге өзінің кім екенін, батыр бабасының қандай болғанын паш етіп, сес көрсетіп жүргендей көрінетін.
Кәсіпқойлар арасында әлемнің бірнеше дүркін чемпионы 1980 жылы 28 маусымда Мәскеуде дүниеге келгенімен, балалық шағы Қалмақстанның Лагань қаласында өткен. 6 жасында оны ата-анасы футбол үйірмесіне беріп, 11 жасынан бастап каратэ-кекусинкаймен айналысқан спортшы бірқатар ірі жарыстарда топ жарады. Кейін Бату қоян-қолтық ұрыс, жауынгерлік самбо, джиу-джитсу, тай боксы сынды спорт түрлерінен өз бағын сынап көрді. Ал 2005 жылдан бастап кикбоксқа біржола ауысты.
2005-2010 жылдар аралығында Б. Хасиков кикбокстан Ресейдің үш дүркін жеңімпазы және Еуропа чемпионы атанды. Орта салмақта осы спорт түрінде танымал бес үздік ұйымның үшеуінің белбеуін иеленді. Альберт Краус, Майк Замбидис, Уоррен Стевелманс, Гаго Драго сынды танымал кикбоксшылар Батудың алдында тізе бүкті.
2003-2008 жылдар аралығында Бату Хасиков милиция қатарында еңбек еткенін ерекше айтып өтуге болады. Осы салада ол милиция аға лейтенанты шеніне дейін көтерілген. Ал 2008 жылы наурыз айында Қалмақ Республикасы Халық Хуралының (Парламентінің) депутаты болып сайланғаннан кейін милиция қызметінен кеткен. Айта кетейік, Халық Хуралында Бату жастар істері және спорт комитетінің мүшесі болды.
«Бату хан» бүгінде «Спорттық ел үшін» бүкілресейлік қоғамдық қозғалыстың көшбасшысы. Бұл қозғалыстың қызметі саламатты өмір салты құндылықтарын насихаттауға бағытталған. Сонымен бірге, ол – Fight Nights компаниясының негізін қалаушылардың бірі. Бұл ұйым кәсіби жекпе-жектер индустриясы және телевизиялық контент жасау саласындағы промоутерлік компания болып табылады.
2007 жылы «Бату-хан» алғаш рет киноға түсті. Жалпы, 2007-2015 жылдар аралығында ол төрт көркем және екі деректі фильмде түрлі рөлдерді сомдады.
Қалмақстан басшысы әлеуметтік желіде де белсенді. Инстаграм желісінде өзінің жеке парақшасын жүргізіп отырады. Бату Хасиков қазіргі күні өз республикасы басшысының міндетін уақытша атқарушы болғанымен, алдағы қыркүйек айында өтетін сайлауға түсуге ниетті.
Еңбек жолын қатардағы милиция қызметкері болып бастап, ел басшысы лауазымына дейін көтерілген кәсіпқой спортшының өмірі көпке үлгі.

Ескендір ТАСБОЛАТ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*