300 сержант офицер атанады

Ақмола облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Ержан Саденов аймақ тұрғындарымен кездесуде биыл 300-ден астам сержант офицер атанатынын атап өтті.
Көкшетауда Полиция департаментінің бастығы Ержан Саденовтің тұрғындармен есептік кездесуі өтті. Іс-шараға 350-ден астам ақмолалық қатысты. Сонымен қатар, кездесудің трансляциясы «Инстаграм» және «Фейсбук»танымал әлеуметтік желілері беттерінде тікелей эфирде жүргізілді.
Ең алдымен, ведомство басшысы азаматтарды ведомствоның 2018 жылғы жедел-қызметтік жұмысының қорытындылары және өңірдегі құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмысқа қарсы күресте полиция қабылдап жатқан шаралар туралы хабардар етті. Сонымен қатар, Ержан Саденов ішкі істер органдарын жаңғырту бойынша Жол картасын жүзеге асыру аясында 2019 жылға арналған басым міндеттерді де атап өтті.
Баяндамада көрсетілгендей, 2018 жылы облыста қылмыс санының тұрақты төмендеу үрдісі байқалады. Атап айтқанда, кісі өлтіру, зорлау, тонау, қарақшылық, бұзақылық, мал ұрлау фактілері азайды. Барлық мүдделі органдардың ортақ күшімен кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтарының алдын алу бойынша үлкен жұмыс жүргізіліп, бұл өз кезегінде оң нәтиже беруде. Атап айтқанда, биылғы 2 айда полиция қылмысқа қарсы күресте айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді.
Алдын алу жұмыстарының оң нәтижелерінің бірі – жол-көлік оқиғаларының саны мен олардың салдарының ауырлығының төмендеуі. Өткен жылы жол-патрульдік полициясының жасақтары 99 мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзудың алдын алды, облыстың автожолдарында 2300 мас жүргізуші ұсталды.
Полицейлердің бірінші кезектегі міндеттерінің бірі – есірткі бизнесіне қарсы әрекет ету. 2018 жылы тәртіп сақшылары бір тоннадан астам есірткі затының заңсыз айналымының жолын кесіп, заңсыз есірткі айналымымен байланысты 200-ден астам заң бұзушылық анықталды. 77 есірткі сатушы ұсталды. Ведомство басшысы есірткіге тәуелді ақмолалықтардың саны 100 адамға азайғанын атап өтті.
Департамент бастығы өз баяндамасында бірқатар проблемалық мәселелерді атап өтті. Бұл – ең алдымен, бөтеннің мүлкін ұрлау. Аймақта мүліктік қылмыстардың алдын алуға бағытталған «2018-2020 жылдарға арналған ұрлыққа қарсы іс-қимыл» бағдарламасы жүзеге асырылуда.
Сондай-ақ, полиция жұмысында электрондық әкімшілік өндірісті одан әрі енгізу туралы айтып өтті. Осы жылдың 1 сәуірінен бастап ведомство электронды форматта әкімшілік іс жүргізуге көшуді жоспарлап отыр, ал жол-патрульдік полициясының жасақтары қызмет атқару кезінде ұялы планшеттерді пайдаланатын болады.
Ведомство басшысы мемлекеттік қызмет көрсету мәселелерін де атап өтті. Қазіргі таңда полиция ақмолалықтарға мемлекеттік қызметтің 30 түрін көрсетуде. Ал әкімшілік рәсімдерді жақсарту үшін өңірде арнайы ХҚКО және көші-қон қызметі құрылған. Осындай пункттер облыстың бірқатар аудан орталықтарында жұмыс істейді. Өткен жылы тәртіп сақшылары тұрғындарға 525 мың мемлекеттік қызмет көрсетті.
Ержан Саденовтің айтуынша, бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, саптық бөлімшелердің сержанттық лауазымдарын, негізінен жол-патрульдік полициясын офицер санатына ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оған 300-ден астам полиция қызметкері қатысады.
«Біз азаматтардың полицияға сенімін арттыру, қызметкерлердің кәсіби деңгейін жоғарылату, қоғамның сенім деңгейі мен халықтың қауіпсіздігін бағалау өлшемдерін өзгерту бойынша барлық шараларды қабылдаймыз», – деп атап өтті баяндаманың соңында департамент бастығы.
Спикердің сөз сөйлеуінен кейін кездесу қатысушылары ведомство басшысына өздерін қызықтыратын сұрақтарды қойып, полиция жұмысы туралы пікірлерімен бөлісу мүмкіндігіне ие болды. Айта кету керек, есептік кездесуде департаментте арнайы «Call-орталығы» жұмыс істеді, сонымен қатар, іс-шараға тікелей қатысуға мүмкіндігі жоқ азаматтар өз сұрақтарын электрондық пошта, әлеуметтік желілер, сондай-ақ, ресми интернет-ресурстар арқылы жіберді.

Ақмола облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*