Қылмыс 11,3 пайызға азайды

Қоғамдық тыныштық пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген құқық қорғау қызметкерлерінен қарапайым халық қай кезде болса да үлкен жауапкершілік күтетіні сөзсіз. Еліміздің кез келген азаматы полицейлерді тыныштықтың қорғаны, заңдылық пен тәртіптің сақшысы деп білуі керек. Ал тұтастай алғанда, ел тыныштығының тірегі мен азаматтардың конституциялық құқығының қорғаушысы бола білу – полиция қызметкерлерінің тікелей міндеті.
Жылдағы дәстүр бойынша Шу аудандық Полиция бөлімінің қызметкерлері аудан тұрғындарының алдында өткен жылы атқарған жұмыстары туралы есеп берді. Атап айтқанда, 2018 жылы ауданда қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ішімдік пен нашақорлықтан сақтандыру, қылмыс пен заң бұзушылықтарды болдырмау мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды. Бұл бағытта «Құқықтық тәртіп», «Іздеу», «Пәтер ұрлығы», «Жасөспірім», «Тұрмыс», «Автобус» және «Борышкер» сынды жедел алдын алу іс-шаралары дер кезінде жүргізіліп, қылмыс санының азаюына өз септігін тигізді. Мысалы, былтырғы жылдың 12 айында жалпы тіркелген қылмыстың саны 2017 жылға қарағанда 11,3 пайызға төмендеді. 2017 жылы ауданда 542 қылмыс орын алса, өткен жылы 481 қылмыс тіркеліп, оның ашылу көрсеткіші 68,2 пайызға жетті. Бұл – аудандағы қылмысқа қарсы күрестің барынша күшейтілгенін білдіреді.
Сонымен қатар, тонау қылмысы, пәтер ұрлығы, ұялы телефон ұрлығы сияқты қылмыстар 2017 жылға қарағанда едәуір азайған болса, өткен жылы қарақшылық пен ауыр дәрежелі зорлау қылмысы мүлде тіркелмеген. Есепті кездесу барысында аудан тұрғындары тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, тиісті жауаптар берілді.

Жамбыл облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*