Әр иттің міндеті бар

Техника мен қазіргі заманауи аппаратураның тұрақты дамуына қарамастан, күн сайын қылмыстарды ашудағы қызметтік иттердің рөлі артып келеді. Жануардың тұмсығы адамның мұрнына қарағанда он мыңдаған көп иісті ажырататыны – таңқаларлық нәрсе. Бұл қасиет қылмыстарды «ізін суытпай» ашуда өте қажет.
Жамбыл облысы Полиция департаментінің Кинологиялық қызмет орталығында кинологтар иттерді өздерінің жалпылай іздестіру бейіндері бойынша жарылғыш, есірткі және психотроптық заттарды, қаруды іздеу үшін, патрульдік-бекеттік және айдауылдау-қарауылдық қызметті атқаруға дайындайды. Адам өлтіру, тонау, ұрлық, хабар-ошарсыз жоғалған адамдарды іздеу – осы істердің кез келгенін ашуда қызметтік-іздестіру иттері бар кинологтар үлкен көмек көрсетуде.
Мәселен, 2018 жылы қызметтік иттердің көмегімен 255 қылмыс ашылып, 400 келіге жуық түрлі есірткі, оның ішінде 8 келіден астам героин табылды. Биылғы екі айда қызметтік-іздестіру иттері 32 қылмысты ашуда басты рөл атқарып, 78 келіден астам есірткі заты табылды.
Орталық мамандарының қамқорлығындағы иттер арасында неміс және бельгиялық овчаркалар, лабрадорлар, спаниел секілді алуан түрлі тұқымды иттер бар. Тәртіп сақшылары осындай серіктерімен бірге үнемі қызметтік іссапарларға да шығады. Өз кезегінде кинолог-мамандар өзі дайындаған қызметтік иттердің иіс сезу қабілетін іс барысында тиімді пайдалануға мүдделілік танытуда.
Кинологиялық қызмет орталығында 12 кинолог жұмыс істейді. Орталыққа полиция подполковнигі Юрий Наливкин жетекшілік жасайды. Ол тәртіп сақшыларына төрт аяқты жануардың көрсетер жәрдемі маңызды рөл атқаратынын жақсы біледі. Сондықтан баптау мен үйрету жүйесіне үнемі үлкен күш жұмсалу керектігіне үнемі назар аударады.
– Кинолог маман үшін ең бастысы – иттерді жақсы көру, түсіну, – дейді Юрий Петрович. – Ит – қызметтегі ең сенімді серігің. Онымен жұмыс істеу үшін тіл табыса білуің керек. Өйткені, жан-жақты дайындықтан өткен кинолог мамандар ғана қылмыстың ашылуына септігін тигізеді. Ит иіс сезу арқылы бізге қару-жарақты, жарылғыш заттарды және есірткі құралдарын анықтау мен іздестіру кезінде көмектеседі. Әрбір иттің өз мінезі бар, әрқайсысына жеке көзқарас қажет.
Халық көп шоғырланатын жерлерде патрульдеуге жуас иттер жіберіледі, ал қабаған иттер аса қауіпті қарулы қылмыскерлерді ұстау кезінде қажет. Шағын спаниелдер есірткіні іздеу кезінде өте ыңғайлы, әсіресе, тауар тиелген үлкен жүк көліктерін, жолаушылар автобустарын тексеру кезінде пайдаланылады. Ал жарылғыш заттарды табатын иттердің мінезі салмақты болғаны жөн. Себебі, жарылғыш затты іздеген кезде алдымен сақ болу керек. Ал есірткіде керісінше тыным таппай іздеу жүргізу талап етіледі. Олар осы секілді арнайы мінездеме бойынша ажыратылады.

Жамбыл облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*