Әділет полковнигі Талғат МОЛДАЖАНОВ: Сотталғандарды өмірге оралту – жұмыстың басты көрсеткіші

Бүгінгі қылмыстық атқару жүйесінің басты ерекшелігі – ізгілендірудің әлемдік стандартына сай жасақталып, жүйеленгендігі. Яғни, біздің еліміздің қылмыстық саясаты әлемдегі алдыңғы қатарлы, дамыған мемлекеттердің ең озық деген тәжірибесін өзіне үлгі етіп, бірқатар қылмыстық жазаларды ізгілендіре отырып, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазалардың ауқымын кеңейтуге, яғни сотталғандарды жаңа өмір бастауға, адал еңбек етуге тәрбиелеуге бағытталған саясатты ұстанып отыр.
Іссапарда болған кезімізде Павлодар облысы бойынша ҚАЖД-да осы бағыттағы жұмыстардың көптеп және жүйелі түрде атқарылып жатқанындығына көз жеткіздік. Әсіресе, Пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандар арасында қайта қылмыс жасауды болдырмау, сотталған адамдарды еңбекке тарту және бостандыққа шыққаннан кейін мемлекеттік ұйымдар тарапынан көмек көрсету жағы қалай жүріп жатыр деген сұрақтарымызға жауап алу үшін Павлодар облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы, әділет полковнигі Талғат Молдажановқа жолыққан едік.

Талғат Александрұлы, еліміздегі ҚАЖ бойынша «Ерікті тәлімгерлер институтын» енгізу бойынша жұмыстардың тиімділігі туралы жиі айта бастадық. Сіздің департаментте де ерікті тәлімгерлер институтын енгізу бойынша белсенді жұмыс жүруде. Осы туралы кеңірек айтып өтсеңіз…
– Бұл жоба облыстың Пробация қызметінде жүзеге асырылуда. Нәтижелер бар. Мысалы, ТК иесі нысанды салған кезде пробация қызметімен ынтымақтастық мақсатында Павлодар қаласының пробация қызметінде есепте тұрған сотталғандарды жұмысқа алған. Сонымен бірге, түзеу мекемелерінде сотталғандардың еңбекке тартылуы бойынша да біраз шаруалар атқарылуда. Айталық, Павлодар облысы мекемелерінің аумағында 9 ЖК жұмыс істейді. Негізінен жиһаз дайындаумен, ағаш өңдеумен, киіз үй дайындаумен айналысады. Жеке кәсіпкер арқылы 192 сотталған жұмысқа орналастырылды. Кәсіпкерлер қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыс істейді. Сотталған адамның тапқан барлық ақшалай қаражаты оның жеке шотына аударылады және тек сотталғанның қалауы бойынша жұмсалады. Қазіргі уақытта түзеу мекемелерінің аумағына ЖШС мен ЖК тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.
Осы бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және Пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың кешенді стратегиясын іске асыруға байланысты атқарылған жұмыстарды шолып өтіңізші.
– «Тең-теңімен» қағидаты бойынша пилоттық жоба алғаш рет Ақсу қаласының Пробация қызметінде 2017 жылы ұйымдастырылды. Ақсу қаласынан 37 жастағы кәсіпкер, «УАК-80» ЖШС директоры С. Болашанов Пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесуді жалғастыруда.
Осылайша, қол қойылған пилоттық жобаға сәйкес, «тең-теңімен» қағидасы бойынша 2018-2019 жылдары С. Болашанов қаңтар айында Ақсу қаласының Пробация қызметі есебінде тұрған 3 адамды (Ерғалиев, Функ, Кравченко) жұмысқа орналастырды. Оның ішінде Е. Ерғалиев 90 мың теңге айлықпен жүргізуші, В. Функ 90 мың теңге айлықпен әртүрлі саладығы жұмыскер, Е. Давальченко 80 мың теңге айлықпен слесарь ретінде жұмыс жасауда.
Павлодар ауданының Пробация қызметі аудандық «Жұмыспен қамту және әлеуметтік көмек көрсету» ММ «Жақсылық жаса» акциясы шеңберінде әлеуметтік көмек ұйымдастырды. Оның ішінде асырауында кәмелеттік жасқа толмаған үш баласы бар В. Косяченкоға 1 тонна қатты отын және кеңселік керек-жарақтар тарту етілді.
2019 жылғы 1 наурызда ӘҚК көрсету аясында өмірлік қиын жағдайда жүрген, денсаулық жағдайына байланысты жұмыс істемейтін, асырауында кәмелеттік жасқа толмаған екі мүгедек баласы бар Б. Көшкінбаевқа азық-түлік түрінде көмек көрсетілді. «Светофор» дүкенінің директоры А. Омарованың атынан демеушілік жасалды.
Әлеуметтік іс-шараларға қатысуға кәмелеттік жасқа толмағандарды тарту бойынша жұмыстар қалай жүріп жатыр? Оларға нақты қандай қолдау көрсетілді?
– Әрине, бұған қатысты да мысал көп, бұл жерде бәрін айту мүмкін емес. Мысалы, Павлодар облысы бойынша ҚАЖД Май аудандық Пробация қызметі есебінде 1998 жылы туған сотталған Антон Поздняков тұрады. Қазіргі уақытта ол аграрлық-техникалық колледждің 2-курсында оқиды.
Сондай-ақ, сотқа дейінгі тергеуге түсетін адамға қатысты әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету шеңберінде кішкентай баласы бар (8 ай) және тұрақты тұратын жері жоқ адамға Ақсу қаласы Пробация қызметі білім бөлімімен бірлесіп, «Павлодар қаласының ана мен бала үйінде» оның кішкентай баласымен тұруына жағдай жасады.
Успенка ауданының Пробация қызметі есебінде тұрған сотталған Николай Вольф тұрғылықты жері бойынша Успенка ауданы Таволжан ауылына жұмысқа орналастырылды.
«Жаңа технологиялар арқылы білім алу» жобасы сіздің департаментте қалай өріс алуда? Сотталғандар бұл мүмкіндікті пайдаланып жатыр ма? Сондай ақ, «Оңалту түрмесі» пилоттық жобасы қалай іске асырылуда?
– Павлодар облысы бойынша ҚАЖД-да «Жаңа технологиялар арқылы білім алу» жобасы әрі қарай жүзеге асырылуда. АП-162/2 мекемесінде 2018 жылдың 15 қазанынан бастап «Діни философияның негіздері», «Қазақ журналистикасының тарихы», «Механика», «Жапонша сөйлесейік» мамандықтары бойынша 4 сотталған (оның ішінде 1 сотталған босатылды) 3 апталық курстан өтті. АП-162/3 мекемесінде 2018 жылдың 29 қазанынан бастап «Механика» мамандығы бойынша 5 сотталған оқыды. Қорытынды тесттер Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне тексеру үшін жолданды.
2018 жылдың бірінші жартыжылдығында АП-162/4 мекемесінің базасында «Оңалту түрмесі» пилоттық жобасы жұмыс жасай бастады. Жобаға 18 сотталған қатысуда. Жергілікті атқарушы органдармен тығыз қатынас жүргізіліп отырады. Босатылуға дайындалушылардың жұмыспен қамтылуы, білім алуы, денсаулық мәселелері қарастырылады. Сотталғандармен психологиялық жұмыс қажеттіліктеріне қарай жеке түрде жүргізіледі.
Ал «Қақпа алдындағы кездесу» жобасы аясында бостандыққа шыққан сотталғандардың саны қанша?
– 2019 жылдың 2 айы ішінде Павлодар облысы бойынша ҚАЖД мекемелерінде бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды жұмысқа және тұрмыстық орналастыру бойынша «Қақпа алдындағы кездесу» пилоттық жобасы 3 рет жүзеге асырылды. Оның нәтижесінде, 11 сотталған босатылды. Сонымен бірге, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған сотталғандарға біржолғы жәрдемақы көзделген. Әлеуметтік-құқықтық көмек шеңберінде Пробация қызметтері жұмысқа орналасуға және медициналық жәрдем көрсетеді.
Сіздің саланың қызметі аса зор жауапкершілікті, мықты ерік-жігерді қажет ететіні белгілі. Дегенмен, қауырт тірлік арасында қызметкерлердің де тәрбие жұмыстарына мән берілуі керек деп ойлаймыз. Әсіресе, патриоттық тәрбиеге тоқталсаңыз…
– Павлодар облысы бойынша ҚАЖД-да 436 қызметкер еңбек етеді. Жеке құрамды патриоттық тәрбиелеу бойынша іс-шаралар – патриоттық тәрбиелеуді ғылыми-зерттеумен қамтамасыз ету; патриоттық тәрбиелеуді ақпараттық-жарнамалау; жеке құрамның моральдық-психологиялық дайындығы жүйесінде патриоттық тақырыбында ерлік сабақтары, ашық есік күндері, кездесулер мен мерекелік іс-шаралар; ардагерлермен жұмыс, спорттық және мәдени іс-шаралар, ІІМ мен Қазақстан тарихындағы арнайы күндер және әскери даңқты күндерге арналған іс-шаралар ұйымдастырылады. Қызметкерлер республикалық және қалалық халық шығармашылығы фестивальдеріне қатысады. Сонымен қатар, жас мамандардың ант қабылдаулары мен Қазақстан Республикасының Әнұранын орындау бойынша іс-шаралар өтеді.
Өз міндетіне адал, қалтқысыз қызмет еткен қызметкерлерді еңбегіне қарай марапаттап отыратын шығарсыздар?
– Әрине, 2018 жылы 262 қызметкер марапатталды. Соның ішінде Ішкі істер министрінің құқығымен – 117, ҚАЖК төрағасының құқығымен – 8, ҚАЖД бастығының құқығымен 137 қызметкер сый-құрметке ие болды.
Жуырда Павлодар облысы бойынша ҚАЖД-да 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне орай іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шарада өз лауазымдарын адал атқарған қызметкерлер, мысалы, ҚАЖК төрағасының грамотасымен әділет аға лейтенанты А. Егізбаева, әділет аға лейтенанты М. Сыздықовалар марапатталды. Қызметкерлерді марапаттау олардың өз міндеттеріне деген жауапкершілігі мен сүйіспеншіліктерін арттыру мақсатында өте қажет.
Марапаттаудан бөлек, ҚАЖД қызметкерлерін көтермелеу, әлеуметтік қамтамасыз ету қалай жүргізілуде?
– Бүгінгі таңда жеке құрам мен олардың жанұяларының әлеуметтік жағдайларын қамтамасыз ету бойынша: материалдық қамтамасыз ету (ІІМ қызметкерлері еңбекақысының көтерілуі); тұрмыстық проблемаларды шешу (тұрғын үйлері жоқ қызметкерлерге тұрғын үйді жалдап тұрғаны үшін өтемақы төленеді); медициналық-әлеуметтік жұмыс (қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелеріне тегін медициналық көмектер көрсетіледі, қызметкерлерге арналған санаториялық емдеуде жеңілдіктер қарастырылған, спорттық-сауықтыру шаралары ұйымдастырылады); әлеуметтік-психологиялық көмек (жеке құрам арасындағы аға инспектор-психолог қызметкерлерге психологиялық-оңалту көмегін көрсетеді); әлеуметтік мәдени және ақпараттық жұмыс (музейлер мен тарихи орындағы серуендер, қызметте қайтыс болған қызметкерлерді еске алу бойынша шаралар, құттықтаулар мен мерекелік іс-шаралар) ұйымдастырылады. Қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасы да жүзеге асуда. 2018 жылы әртүрлі бағдарлама бойынша 24 адам пәтер алды.
Департаменттегі мемлекеттік тілді дамыту жұмысына байланысты не айта аласыз?
– Павлодар облысы бойынша ҚАЖД-да қазақ тілінің мемлекеттік басқару тілі ретінде қолданылуы қатаң бақылауға алынып, «Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» және «Қазақстан Республикасының тілдер туралы» Заңының талаптарын іске асыру мақсатында жүзеге асырылады.
Іс-қағаздары түгел дерлік мемлекеттік тілде жүргізіле ме?
– ҚАЖД мен барлық мекемедегі өткізілген іс-шаралар жергілікті басылымдарда екі тілде жарияланып отырады. 2016 жылдың тамыз айында «Қазтест – қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі» бойынша 294 қызметкер, ал 2017 жылдың сәуір айында 73 қызметкер тест тапсырды. Облыс бойынша барлығы 367 адам тесттен өтті.
Сонымен қоса, Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департаменті және АП-162/1, 2, 3, 4, 10 түзеу мекемелерінің қызметкерлеріне латын графикасының әліпбиі таныстырылды. 2018 жылы қыркүйек айында Павлодар облысы бойынша ҚАЖД және оның бөлімшелеріндегі қызметкерлерден латын графикасының әліпбиін зерделеу мақсатында ашық сабақ жүргізіліп, диктанттар алынды.
Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Жадыра ШАМҰРАТОВА,
Астана-Павлодар-Астана

 

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*