Полиция полковнигі Балғабай НАҚЫПОВ: Жедел қызмет иелеріне әлеуметтік қолдау қажет

Құқық қорғау саласында ұзақ жыл еңбек етіп, ел алғысына бөленген отставкадағы полиция полковнигі Балғабай Нақыповпен болған сұхбат барысында қазір көп көтеріліп жүрген өзекті мәселелер әңгіме арқауына айналды. 1975 жылы қатардағы қылмыстық іздестіру инспекторы болып еңбек жолын бастап, Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД бастығының бірінші орынбасары, ІІМ Шымкент кәсіби даярлау оқу-жаттығу орталығының бастығы лауазымдарына дейінгі қызмет баспалдақтарынан өткен ардагердің айтары да мол екен. Біздің сұхбатымыз негізінен қазіргі ішкі істер саласындағы реформалар төңірегінде өрбіді.

Балғабай аға, еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері ширек ғасырдан астам уақыт ішінде құқықтық мемлекетті қалыптастырудың жолында ауқымды реформаларды басынан өткерді. Осы жайында пікіріңізді білсек…
– Тәуелсіздік алғалы бері біршама күрделі мемлекеттік құрылыстар бой көтерді. Солардың қатарында мемлекетіміздің ішкі тәртібін, қылмыспен күресті күшейту мен оның алдын алу, ел бірлігі мен ынтымағын сақтау мақсатында құқық қоғау органдары қызметтерінің тиімділігін арттыруға бағытталған бірнеше реформа жүргізілді. Бұл реформалар құқық қорғау саласына тың серпіліс беріп те жатты. Дегенмен, түбегейлі өзгерістер болып, адам құқығы қорғалып, халық тыныш өмір кешіп жатыр деп айту ертерек болар.
Құқық қорғау саласына өзіңіздің ізіңізді қалдырдыңыз. Ал енді Тәуелсіз Қазақстанның полициясы туралы не айтар едіңіз?
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев егемендік алған 27 жылдан астам уақыт аралығында құқық қорғау саласына аса көңіл бөлді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ІІМ уақыт талабына сәйкестену мақсатында көптеген ізденістер жасады. Қызметкерлерді шетел тәжірибесінің тиімді жақтарын үйренуге жіберіп, білімдерін, біліктілігін жетілдіріп жатты. Әрине, экономикалық ахуал, өндірістік орындардың тоқтауы, жұмыссыздықтың артуы елдегі кримоногендік жағдайға кері әсерін тигізбей қоймады. Қылмыстың жаңа түрлері пайда бола бастады. Құқық қорғау органдарының, оның ішінде ішкі істер органдары құрылымында біраз өзгерістер орын алды. Мысалы, ІІМ құрамынан тергеу, қылмыстық іздестіру мен басқа да шұғыл қызметтер саласы бөлініп, Мемлекеттік тергеу комитеті құрылды. Қылмыстық атқару жүйесі Әділет министрлігіне, өрттен қорғау қызметі Төтенше жағдайлар министрлігіне берілуі, кейін ІІМ-ге қайтып қосылуы сияқты үлкен құрылымдық өзгерістер болды. Полиция қызметкерлері формасының сырт пішіні, түсі, бас киімі де өзгеріске түсіп жатты. Сонымен қатар, бірнеше кезеңнен тұратын жаппай аттестациялау жүргізілді. Оның бастапқы екі кезеңі дұрыс бағытта өтті.
Сонымен қатар, Елбасымыз ұсынған «Ұлт Жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламасына сәйкес ұсынған 30-қадам – жергілікті атқарушы органдарға және жергілікті қоғамдастыққа есеп беретін Жергілікті полиция қызметін құру тапсырмасы болатын. Бұл жүргізілген реформалардың нәтижелілігі, әрине, алдағы уақыт еншісінде.
Елбасы өткен жылдың қазан айында кезекті Қазақстан халқына Жолдауында «Халық құқық қорғау органдарының жұмысын түбегейлі жақсартуды күтіп отыр. Бұл, әсіресе, полиция қызметіне байланысты. Полиция жазалаушы таяқ емес, азаматтың көмекшісі болуы қажет», – деген болатын.Осы талап үдесінен қаншалықты шыға алудамыз?
– Иә, өте дұрыс айтасыз, халық Қазақстан полициясы ел азаматтарының құқығы мен бостандығын, қылмыстық озбырлықтан қорғай білетін, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ете алатын, жаңа заманауи техникамен жабдықталған кәсіби күштік құрылым болғанын қалайтыны сөзсіз. Президенттің сенімді түрде берген түбегейлі реформа жүргізу тапсырмасын орындауға Ішкі істер министрлігі кірісіп те кетті. Осы тапсырмаға байланысты, ішкі істер органдарында түбегейлі өзгерістер жасау үшін ІІМ-де арнайы жұмыс тобы құрылып, жобалық ұсыныстар дайындалып жатқандығы жайлы, сонымен қатар, полиция қызметкерлерін түгелдей аттестациядан өткізу және елімізде алда тәртіп сақшыларының жаңа формасы қолданысқа енгізілгелі отырғанын хабарлап, Елбасына алғашқы нұсқасын ұсынып та үлгерді. Бүкіл республика көлемінде барлық облыстық Полиция департаменттері, қала мен аудан Полиция басқармалары мен бөлімдері алғашқы дайындық жұмыстарына кірісіп кетті.
Қызметтегі әрбір тәртіп сақшысының әскери-қызметтік дайындығы және конституциялық заңдармен қатар, қолданыстағы тікелей мақсат пен міндеттерін айқындайтын, басқа да қызметтік ерекшеліктерге байланысты арнайы нормативтік актілерді, бұйрықтарды білуі, оны орындау тәжірибелілігі пысықталып жатыр. Егер осы мақсатқа жете білсе, полиция халықты жазалаушы емес, шын мәнінде қорғаушы болатынына сеніммен қараймыз.
Өздеріңіз халық өкілі ретінде қандай ой-ұсыныстар ұсындыңыздар?
– Соңғы жыл көлемінде Түркістан облыстық ақсақалдар алқасы, қалалық ардагерлер кеңесі мен қалалық қоғамдық келісім кеңесінің белсенді мүшелері бірлесіп, ел тыныштығы мен бірлігі үшін қоғамдық орындардағы тәртіп, кримогендік жағдай, учаскелік полиция инспекторларының әлеуметтік жағдайларын көтермелеу, оларға қызметтік пәтер мен автокөлік бөлінуі, басқа да қажетті іс-шаралар жөнінде ой-ұсыныстарымызды Түркістан қаласы әкімінің қатысуымен өткен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жиынында айттық. Сонымен қатар, қоғамдық пікір туғызып жүрген құқық бұзушылық деректері мен онымен күресті ұйымдастыратын, алдын алу шараларын жүргізетін полиция қызметі пәрменділігінің төмендігі де әңгіме болды. Әрине, бұл бүкіл полиция жұмысын мүлдем жоққа шығару емес, олай бағалау дұрыс болмас. Бүгінгі таңда өз қызметіне адал қарайтын, бойында кәсіптік біліктілігі жоғары, азамат құқығы мен бостандығын қорғау басты борышым деп, уақытпен санаспай тыныштық күзетінде жүргендер баршылық.
Жаңа форма жайлы көзқарасыңыз қандай?
– Қазіргі заманға сай, қызметік міндетті орындауға ыңғайлы, жарасымды ауысымдық үлгідегі форма болғаны дұрыс. Дегенмен, әдемі, сәнді үлгідегі форманы киіп алғанымен, оның ішіндегі дене пішіміміз қандай? Күш-жігеріміз ше? Қашқан қылмыскерді қуып жетіп ұстай аламыз ба? Қылмыскермен бетпе-бет келгенде, тайсалмай қайсарлық таныта аламыз ба? Шабуыл жасаған қылмыскерге қарсылық білдіріп, қорғану әдістерін қолдана ала ма? Міне, бірінші соған көңіл аударуымыз керек. Меніңше, бұл – ойланатын, аса мән беретін мәселе.
Яғни, кадр дайындау басты мәселенің бірі деп есептейсіз ғой?
– Әрине. Президенттің 2012 жылдың 8 сәуірінде «Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестациялаудан өткізу туралы» Жарлығы қоғамының бүгінгі таңдағы талабына лайықты болу мақсатын көздеген, қайтсек ішкі істер саласын жақсартамыз деген ойдан туған мәселе болғандықтан, құқық қорғау жүйесінің жаңа кадрлық сұранысын қалыптастыруға бағытталған кең ауқымды, маңызды іс-шара деп түсініп, ой-пікірімді 2014 жылы ІІМ-нің «Сақшы» газетіне жария еткен болатынмын. Жасыратын несі бар, ішкі істер саласының соңғы кездері жиі сыналып жатқаны рас. Әрине, бекерден-бекер емес. Әлі де кадр мәселесі түбегейлі шешіліп жатыр деп кесіп айту дұрыс болмас. Бұл жерде бір нәрсені айта кету керек, қызметтің қай түрі болса да сол саланың негізгі міндеттерін жетік білген және мінсіз атқара білетін нағыз маман қажет. Өкініштісі де сол, ішкі істер органдарында кәсіби майталмандардың салмағы аз болып тұр. Қылмыстық ізге түсу функцияларындағы жауапты қызметтердің бірінде сауатсыз маман отырса, іс түбегейлі шалағайланады. Қылмыстың ашылмауының негізгі себептерінің бірі – оқиға орнын сапасыз және ұқыпсыз қарау. Нәтижесінде, қылмысты ашудың кілті болып табылатын маңызды дәлелдемелер жоғалып қалады.
Аса ауыр қылмыстар орын алғанда облыстан, ІІМ-нен арнайы кәсіби мамандар көмекке келеді. Өйткені, жақсы із кесушілер, тергеушілер аппаратқа іріктеліп алынған. Олардың арасында кезінде төменгі аудан мен қалада істеп, тәжірибе жинақтағандары да бар. Солай болуы да керек шығар. Ал біз кәсіби мамандардың жетіспейтінін айтуға ұялып, жамап-жасқанғандай боламыз. Қылмыстарды жасыру фактілері де орын алып жатты ғой. Шындап келгенде, нағыз мамандарды ІІМ-нің арнайы мектептері, Академияларда ғана дайындайды. Бірақ, арнайы академияларды тәмамдаған қызметкерлер жетіспегендіктен, полиция қызметіне азаматтық негізде заңгерлік білім алған мамандарды жұмысқа қабылдауға мәжбүрлік туындайды. Олар алғашқы дайындық орталықтарынан өтіп келгенімен, қызметтік міндеттерді орындауға аса дайын болмағаны байқалып тұрады. Есесіне ел арасында ішкі істер органдары қызметкерлерінің біліктілігіне күмәндана қарайды, сенімсіздік танытып жатады.
Сіздің ойыңызша, нағыз полиция мамандарын даярлауда бізге не жетіспей жатыр?
– Өз көзіммен көргендерімді айтар болсам, 1994 жылдың жазында тәжірибе алмасу мақсатында Ахмет Ясауи университетінің бір топ ғалымдарымен бірге Түркия астанасы Анкараға барғанда, полиция қызметкерлерін дайындау жүйесімен танысу мүмкіндігі болды. Бірінші жалпы әскери лицейге апарды. Онда 11-12 жастағы жасөспірімдерден іріктеліп алынған балалар оқиды екен. Негізгі оқитын пәндері мектеп оқу бағдарламаларына сәйкес, қосымша әскери тарих пен әскери-оқу, әскери-саптық жаттығу, әскери тәртіп сабақтары жүреді. Өйткені, аты аталғанда орнынан тұруы, жауап беруінде, тақтаға шығып, жүруінде, қадам басуларында әскери тартымдылық байқалады. Ары қарай алғашқы дайындық денгейіне, биімділігіне байланысты әскери не полиция колледждеріне таңдау жасайды. Колледжден соң біліктілігін арттырамын десе, полиция Акамемиясына оқуды жалғастыруға жолдама беріледі екен. Полиция колледжі мен Академияның оқу ғимаратары және әскери-жаттығу алаңдарымен танысу мүмкіншілігі болды.
Америкада да полиция мамандарын дайындау ерекшеліктері бар. Полицейлікке қабылдау үшін азаматтық білім алғандарды полиция академиясына сынақпен қабылдап, сала бойынша арнайы бағдарламамен 3 айлық, қызметтік міндеттеріне байланысты 6 айлық, 1 жылдық курстарда оқытып, оның білімін, біліктілігін, қабілетін, қиындыққа шыдамдылығын тексеріп, психологиялық тестілерден өткізіп барып қана қызметке жолдама береді.
Бізде университетті кеше тәмамдағандарды жұмысқа ала береді. Олардың арасында әскер қатарында болмаған, сапта жүре алмайтын, саланың қыр-сырын ажырата алмайтын, қолына қару ұстап көрмегендер де кездесіп жатады. Ащы болса да шындық. Сондай-ақ, ішкі істер органдары қызметкерлерінің бойына өжеттік, қайсарлық, батылдық сияқты қасиеттер міндетті түрде керек. Мүмкін басқа салаға бұл қасиеттер маңызды емес шығар, бірақ, тәртіп сақшыларына, әсіресе, күнделікті қызмет барысында қылмыскерлермен жиі бетпе-бет кездесіп тұратын қылмысты іздестіру, учаскелік полицейлер, жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің бойында батырлық болғанын құптар едім. Сонымен қатар, өз мамандығына деген сүйіспеншілік те ауадай қажет. Жалпы, бұл қызметтің ерекшелігіне, қиын тұстарына төзе білетін, өзіне сенімділігі бар, яғни полицияға жүрек қалауымен келген мамандармен толықтырылып отырса, қызметтерін сенімді әрі сүрінбей атқарар еді деп ойлаймын.
Шілде айынан бастап тәртіп сақшыларының жалақысы көтеріледі дегенге қатысты ойыңызды білсек…
– Полиция күні-түні қызметтік міндеттерін уақытпен санаспай, қылмысты ізін суытпай ашу, қылмыскерді анықтау, ұстау сияқты шұғыл жұмыстарды, кезек күттірмейтін тергеу амалдарын жүргізіп, 2-3 күндеп демалыссыз, үйін, отбасын, бала-шағасын көрмей қызметте жүреді. Қызметіне лайықты еңбекақы ала ма? Полиция қызметі уақытпен нормаланбаған, «өзің қалауыңмен келгенсің» деген ұғым қалыптасқан сияқты… Күні-түні атқарған қызметтерін ескеріп, қосымша еңбекақы беріп жатқаны да сирек болар. Бала-шағасы, жары таңертең қызметке кеткен отағасының қашан оралатынын білмейді. Келгенде де аман-сау келетініне толық сенімсіз, алаңдаумен күтеді. Бұл оңай жұмыс емес. Сол үшін де олардың еңбегін ескеріп, әрқашан да қолдау қажет.
Жаңа тағайындалған Ішкі істер министрі, полиция генерал-майоры Ерлан Тургумбаев Үкімет отырысында өзінің қызметтегі алғашқы ұсыныстарының бірі ретінде полиция қызметкерлері жалақысының төмендігін баса айтқан болатын. Әрине, полиция қызметкерлерінің еңбекақысы қайта қаралып, едәуір көтеріліп жатса, қаржылық жағдайы мен әлеуметтік қорғалуына көңіл бөлінсе, ертеңіне алаңдамай, қызметтік борышына, антына сенімді қызметін жалғастыратынына қолдау болатыны және «Азаматтар санасында полицейлер жазалаушы емес, керісінше, қиын жағдайда көмек көрсетуші» деген түсінік орнығуына оң септігін тигізетіні сөзсіз.
Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Бауыржан БЕРІКҰЛЫ,
сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*