Атадан жалғасқан абыройлы жол

Павлодар қаласы Полиция басқармасы бастығының кадр ісі жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі Борис Алимбаевпен кездесіп, әңгімелесу барысында нағыз полицейлер династиясының өкілін ғана емес, интернационал әулеттің жалғастығын көргендей болдық. Оның атасы да, әкесі де, өзі де өмірін полицияға арнаған. Атасы – қазақ, әжесі – орыс, анасы – неміс. Осы үш ұлттың қаны араласқан ұрпақ өзінің әкесі мен атасын ерекше құрметтейді, олар туралы айтары да мол.

Атаның жолы
Атасы Бораш Рахимұлы Алимбаев 1926 жылы дүниеге келіп, жасы 18-ге толмаса да, 1944 жылы майданға аттанған. Белоруссия майданы құрамында Кенигсбергті (Шығыс Пруссия) алуға қатысып, жеңісті Эльба өзенінде қарсы алған. Соғыс біткеннен кейін де 5 жыл бойы солдат шинелін тастамаған. 50-ші жылдары, яғни соғыстан кейін елге келіп, милиция қызметіне кірісіп, қатардағы қызметкерден бастап, жедел бөлімде, Екібастұзда Социалистік меншікті жымқыруға қарсы күрес бөлімінде 13 жыл абыройлы қызмет еткен, «Кеңес милициясының үздігі» атанған. Кавказға үлкен көлемде астыртын асырылған бидай ұрлауға қатысты қылмыстық істі ашқан еңбегі, кәсіби қызметі мен шеберлігі ескеріліп, сол кездің құрмет белгісі ретінде Кеңес Одағының марапаты мен атаулы бағалы сағатына ие болған.
Атасы қайтыс болғанда кішкентай Борис тоғыз жаста болған екен. Атасының «Біздің айналамызда балаларымыз бен немерелеріміздің аман-сау, күліп-ойнап отырғаны қандай бақыт, біз осылардың бұлтсыз аспаны, жарқын өмірі үшін соғыстық қой» деп отырғаны есінде қалыпты.

Әкенің ізі
Бористің әкесі Борис Борашұлы Алимбаев Павлодар облысы, Железин ауданында туған. Техник-механик болып біраз жыл еңбек еткеннен кейін депутаттық қызмет атқарған. Ал органға 1983 жылы сәуір айында келген. Сол кездегі Қазақстан Компартиясы Павлодар атқару комитетінің жолдауымен Шарбақты аудандық Ішкі істер бөліміне кадр және саяси бөлім бастығының орынбасарлығына тағайындалады. Бұл жерде ол қызметкерлердің тұрғын үй және әлеуметтік мәселелерін шешуге көмектеседі. Аудандық Ішкі істер бөлімінде көркемөнерпаздар ұжымын ұйымдастырып, халықтың қажетіне жарайтындай еңбек етіп, алғыс алады.
Алматыдағы ІІМ милиция мектебін сырттай бітіріп, 1992 жылы Шарбақты ауданында ІІБ криминалдық милиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, ал 2000 жылы Успен айданында ІІБ бастығы қызметіне бекітілген. Бұл жерде Борис Борашұлы өзінің іскерлігі мен көшбасшылық қабілетін жарқырата көрсеткенін білетіндер әлі күнге айтып жүр. Зейнетке шыққанша тыным көрмеген ол бүгінгі таңда да қол қусырып отырмай, Шарбақты ауданында Ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде нәтижелі еңбек етуде.

Әулет жалғасы
Ал осынау полицейлер өкілінің бүгінгі жалғастырушысы Борис Борисұлы 1980 жылы дүниеге келген. Павлодар заң колледжін 1999 жылы бітіріп, еңбек жолын Павлодар қаласының оңтүстік бөлімінде учаскелік полиция инспекторы ретінде бастаған.
Ішкі істер саласына келетіндердің көпшілігіне тән ерекшелік, олар бала кезінен өзін осы саланың адамы ретінде елестетеді, полицей формасына деген құштарлығы мен құрметі ерекше болатыны бар. Біздің кейіпкеріміз Борис Борисұлы да атасының, әкесінің жолын жалғастыруды арман етіп, кішкентайынан олардың қат-қабат қызметін көріп, халық алдындағы беделіне, қоғаммен байланыстағы қадамдарына куә болып өсті. «Мен үшін полицей қызметі әр уақытта өте қызықты, жаныңды баурайтындай тартымды көрінетін. Әкем мені қасына ертіп жүретін, әсіресе, жалпы көпшілік қатысатын мәдени шаралар өткен кезде ұжымның ауызбіршілігін, олардың қызметке көзқарасын, міндеттеріне адалдығын көріп, көңілге түюші едім. Мұның бәрі маған соншалықты әсер ететін де, өзімді өскен кезде тек қана полицей ретінде елестетуші едім. Сондықтан атам мен әкемнің жүріп өткен жолы, өнегелі өмірі менің келешек кәсібімді таңдауыма зор әсер етті деп есептеймін», – дейді ол.
Борис Борисұлының өзі де бала-шаға өсіріп отырған әке. Үш баласы бар. Қызы музыка бағытын таңдаған болса, ұлдары өсе келе аталары секілді елге адал қызмет етеді деген сенімі мол. «Кейде шаршаған кезде мамандығыңызды өзгерткіңіз келмей ме?» – деп сұрадық. «Жоқ, ол не дегеніңіз, ешуақытта ондай ой ойлаған емеспін. Әкемнің тәрбиесі, өмірден түйген-білгенін үйреткен тәлімі оған мұрша бермейді. Біз үнемі әкем екеуміз сөйлесіп, қызмет туралы айтамыз, ол өзінің ой-пікірлерін, өмірлік тәжірибесінен кеңес береді. Мен оны әкем ғана емес, ұстазым деп білемін. Уақытқа бағынбайтын, үнемі қарбалас тірлік кешкен полиция қызметі мен үшін өте қызық, бұл өмір стилі деуге болады», – деп жауап берген кейіпкерімізге қарап ойланып қалдық. Қандай жағдайда да сабырынан айырылмайтын, өте салмақты да салиқалы адамдар болады ғой. Кейіпкерімізден сол орнықтылықты көргендей едік, сондықтан да оның сөзіне сендік.
Борис Борисұлы осы кезге дейін көптеген қызмет баспалдақтарынан өтіп үлгерген. Атап айтқанда, учаскелік полицей, жедел қимылдайтын бөліністерде, департамент штабында бастықтың орынбасары, әкімшілік полиция басқармасында бастықтың орынбасары, облыстық Жергілікті полиция қызметі, т.б. сатыларға өткен сайын осы қызметтің бүге-шігесін біліп, жықпыл-жықпылына еніп бойлай түседі. Ол әрбір қызметте 3-5 жыл болып, тәжірибе жинақтаған. «Қайда барсам да алдымнан тек жақсы адамдар кездесті. Учаскелік полицей болғанда А. Айтпаевтан, арнайы мекеме бөліністерінде М. Болатовтан, әкімшілік полицияда Қ. Исмағұловтан, Е. Рысбаевтан, Б. Ашжановтан, Ю. Колесниковтен, С. Розалиевтен, С. Құсетовтен, т.б. аға буыннан тәлім алып, олардың бай тәжірибесінен үйреніп, адамгершілік қасиеттеріне де куә болдым. Қазіргі жұмысымда да жастарды тәрбиелеуден, тәлімгерлік етуден аянып қалмаймын, білгенімді үйретуге тырысамын. Ең бастысы, жастармен кездескен кезде оларға айтарың болады, кейде өз басыңнан өткен қызметтік жағдайлар туралы сұрап жатады. Сондайда осынау жауапкершілігі мол қызметім туралы айтып бере аламын. Әрине, қиындықтар бар, бірақ жұмысты істеу керек. Егер полиция болмаса, халық кімнен барып көмек сұрайды? Мен өз қызметімді мақтан етемін», – дей келіп, өз атасына, әкесіне, қызмет жолында қолдау білдірген тәлімгерлері мен басшыларына ризашылығын білдіргеніне қарап, оның тәрбиелі, жақсылықты ұмытпайтын мейірбан жан екеніне көз жеткізе түстік.

Жадыра ШАМҰРТАОВА, Астана-Павлодар-Астана

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*