Латын қарпіне көшудің төрт пайдасы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы, қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», – деген болатын.
Латын әліпбиі – көне және халықаралық әліпби. Ол біздің дәуірімізден бұрын VІІ-VІІІ ғасырларда пайда болған. Еліміздің латын әліпбиіне көшуі – ұлтымыз үшін жасалған маңызды қадам. Латын әліпбиін қолдану түркі және жалпы әлеммен ықпалдасуға, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашады. Ұрпақ болашағы мен ұлт тұтастығы үшін қабылданған мұндай шешім күллі әлеммен бірлесе түсуімізге, ұрпағымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы, қазақ тілін жаңғыртуға, мемлекеттік тіл мәртебесін арттыруға ықпалы зор. Жалпы, түркі халықтарымен бірге болудың бір үлкен жолы – осы ортақ әліпбиде жүру.
Латын графикасына көшуге байланысты «Не үшін біз кирилл қарпінен бас тартамыз? Қазақтар латынға емес, 900 жыл бойы пайдаланған арабтың өрме жазуына неге көшпейді?» деген сұрақтар жиі қойылады. Мәселенің басты себебі, әлем жаһандану процесіне ұмтылуда. Латын қарпі қазіргі кезде жаһанданудың графикасына айналды. Ол жаңа технологиямен, компьютермен, сапалық жетістіктермен байланыстырылады. Тіпті, жапон фирмаларының өздері жапонша атауларын латын қарпімен жазғанды дұрыс санайды. Қытайда да экономиканың өндірушілері әлемдік нарыққа шығу және әлемдік деңгейдегі тұтынушыға түсінікті болу үшін латын қарпін қолданатындығы белгілі. Латын қарпі брендтік графикаға айналып отыр. Оған көшу уақыт талабынан қалмау үшін, әлемдік кеңістікке табысты интеграциялану үшін, бір қызығы, интеграцияланып қана қоймай, өзінің кескін-келбетін сақтап қалу үшін маңызды болып отыр.
Кирилл қарпін, керісінше, әлемнің көп елі білмейді. Ресей, Украина, Белоруссия, Қазақстан, Қырғызстан, Болгария, Сербия, Моңғолия және Македония сияқты елдерден басқа ешкім қолданбайды. Кейбір славян мемлекеттері, мысалы, Польша, Чехия кирилл қарпін емес, латын қарпін қолданады және бұрынғы кеңестік елдер, мысалы, түркітілдес мемлекеттерді айтпағанда, Молдавия бірден латын қарпіне көшіп, жалпыәлемдік ақпараттық кеңістікке еніп отыр.
Шетелдерде тұратын қазақтар өз қандастарымен ана тілінде сөйлескенде, латын қарпіне негізделген замануи ақпараттық желілерді пайдалануды барған сайын арттырып отыр. Қазақстан жастарының шет тілдерін меңгеруге деген ұмтылысы, қоғамды компьютерлендіру, интернетті пайдалану, шығыс мәдениетінің телеарна, кино арқылы ықпал етуі, еуропалық сапаға ұмтылу – осының барлығы біздің қоғамды «латын қарпінің құшағына» еріксіз әрі біртіндеп тартып келеді.
Білім және ғылым министрлігі Түркі академиясының президенті Шәкір Ыбыраев әліпбиді латынмен ауыстырғанда біздің ұтатын жақтарымыз деп мыналарды атап көрсеткен болатын: Біріншіден, тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі негізінен латынды қолданады. Бізге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек.
Латын әліпбиіне көшу – қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз. Біз латын әліпбиіне көше отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылып, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақ анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталуындағы артық кірме сөздер мен дыбыстардан арыламыз. Сондықтан латын әліпбиіне көшу біз үшін, болашақ үшін әлдеқайда маңыздырақ.

М. САРҚҰЛОВА,
М. Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты
Мемлекеттік тіл және
ақпарат бөлімшесінің инспекторы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*