Полиция подполковнигі Жасқайрат ҚАЙЫРОВ: Профилактиканың маңызы зор

Павлодар облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметінде болғанымызда, азаматтардың игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстардың көп екендігіне көз жеткіздік. Мұндағы жол-патрульдік полициясы батальонының кавалериялық взводы саяжай орамдарында, сондай-ақ, Баянауыл ауданының демалу орындарында қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етеді. Сондай ақ, такси парктері, «103» қызметі және басқа да апаттық қызметтермен өзара іс-қимыл бойынша меморандум жасалып, оларға қылмыстар туралы бағдарлар беріліп отырады.
Тағы бір айта кетерлігі – үй тұрғындарымен, ПИК өкілдерімен подъездерде және аулаларда сигнализация, терезе торларын, жарықты, домофондарды, бейнебақылау камераларын орнату туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп отырады. Ұрлық жасағаны үшін 2306 адам, соның ішінде 612 пәтер тонаушы, 77 мал ұрлаушы ұсталған, сомасы 40 млн теңгеге жуық 200 бас мал табылып, иелеріне қайтарылған.
Павлодар облысы ПД Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі Жасқайрат Қайыров бізге жұмыс жайын баяндап өтті.
«Бұл жыл өзінше ерекше жыл болып отыр. Қызметке деген көзқарастарымызға өзгеріс енгізіп, тұрғындардың пікір-көзқарасына басымдық беруді басты мақсат етіп қойып отырмыз. Бұрын халықтың алдында есеп бергенде қанша қылмыс ашылды, қанша пайызға қысқарды деген сандарға тоқталатын болсақ, бүгінде маңыздысы біздің қалай жұмыс істеп жатқанымызды көрсету болып отыр.
Мысалы, біз бір не екі қылмыс ізі суымай ашылды десек, халық тарапынан ол қылмыс неге орын алды, неден туындады деген сұрақ туындайды. Жақында құқық бұзушылық, тұрмыстық жағдайдағы қылмыстардың алдын алу, «Жасөспірім және заң» т.б. толып жатқан алдын алу шараларын өткізген болсақ, оның бәрі көшедегі тәртіп, жол апаттарының алдын алу мақсатын көздейді. Биылғы жаңалық – интернет-ресурсқа күнделікті жұмысымызды беріп отырамыз. Бұрын аптасына бір не екі рет берілетін болса, қазір әр жұмысты сол арада халықтың назарына ұсынамыз. Учаскелік полиция инспекторлары бұрын әр үш айда бір есеп өткізетін болса, қазір ол есептің орнына фото-видео есеп берілетін болды. Мысалы, ауыл әкімі, мемлекеттік қызметкерлердің соған қатысуын ұйымдастыруға тырысамыз.
Бұған мал дәрігерлерін де тартып жатырмыз. Наурыздың 1-інен сәуірге дейін мал ұрлау қылмыстарының алдын алу акциясын өткізудеміз. Ауылдық округ әкімі, мал дәрігері, учаскелік полицей бірлесіп, әр үйді аралап, қораларға кіріп, мал есебін біліп, соның ішінде ертең бағарда шартқа отырғанда ыңғайлы болу үшін мал дәрігері биркалау, чип қондыру мақсатында малды тіркеп, құжаттар дайындайды. Учаскелік полицей малды жаю, бағу және малдың жол ережесін бұзуға қатысты ережелерді таныстырады. Былтыр бізде он жол апаты болды, соның бірі малдың жолға шығып кетуінен орын алды, бір адам қаза тапты», – дейді.
Полиция подполковнигі Жасқайрат Қайыровтың айтуынша, қылмыс жасалған орындарды талдау малды көбінесе жайлаулардан ұрлайтынын көрсетеді. Онда малдар ешбір қараусыз өздері жайылып жүре береді. Осы жағдайларды жою мақсатында үй жануарлары иелеріне жануарларды сақтау, орталықтандырып бағу, таңбалау және биркалауды ұйымдастыру бойынша шараларды қабылдау туралы ақпарат берілген.
«Жарыққа шағылысатын бас жіп, биркаларға эксперимент жасай келе, мал ол бас жіпсіз үш метрден ғана көрінетін болса, ал жарық шағылыстыратын бас жіппен елу метрден көрінетініне көз жеткіздік. Сондықтан бұл бүгінгі таңда тиімді болып отыр. Қазір учаскелік полицейлер осы мақсаттағы жұмыстарды өткізіп жатыр.
Аудандағы бөліністерге қатысты екі мәселе бар. Ол – мал ұрлығы мен отбасылық жағдайда орын алатын қылмыстар. Егер осыны қатаң бақылауда ұстаса, ауылдағы учаскелік полиция инспекторына халықтың сенімі ұлғаяды. Осы үш жыл арасында мал ұрлығына қатысты көптеген жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде, мал ұрлығының 29 пайызға азайып отырғанын көреміз. Ауылдарда айыппұл тұрағы бар, яғни бос, өз бетімен жүрген малды сонда қамаймыз. Мал шаруашылығымен айналысатын адамдардың сол малды уақытша қарағанына да ақы төленеді, мұның бәрі заң жүзінде іске асырылып отыр.
Ал отбасылық жанжалдардың алдын алу бағытындағы шаралар үнемі жүргізіліп отырады. Қазір әкімдіктер көпбалалы, не тұрмысы нашар отбасыларға көмек беру жұмыстарын бастап кетті. Біз 500-ден астам отбасын тіркедік. Қазіргі таңда әлеуметтік көмекке баса мән берілуде. Осындай профилактикалық шаралар өз нәтижесін береді деп үміттенеміз», – дейді ЖПҚ бастығы.
Жергілікті полиция қызметі ойын-сауық мекемелерінде тыныштықты бұзғаны үшін азаматтар тарапынан шағымдар түсуіне, сондай-ақ, аталған мекемелерде әртүрлі құқық бұзушылықтардың болуына байланысты тұрғын үйлерде немесе оларға жақын орналасқан дәмханалар мен мейрамханалардың жұмыс регламентін 23.00-ге, қалғандарын 01.00-ге дейін белгілеу мәселесі бойынша облыстық мәслихатқа ұсыныс тастаған. Өз кезегінде мәслихат тиісті өтінішті Парламент Мәжілісіне жолдады. Қазіргі уақытта ол ұсыныс қаралуда. Облыста, қалада жедел жағдайды жақсарту мақсатында апта сайын түнгі уақытта жексенбі және мерекелік күндері жедел және арнайы бөліністердің, Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлерінен тұратын арнайы топтармен рейдтік іс-шаралар жүргізіледі.
Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі Жасқайрат Қайыров жолдағы бейнекамералардың қоғамдық тәртіпті бақылауда орасан зор пайдасы мен көмегі барын айтады. «Мысалы, жол ережесін сақтауға байланысты екі патрульді жібереміз, олар әдетте камера жоқ жерде жүреді. Арнайы машина бар екенін білмейтін жүргіншілер әдетте ереже бұзуға бейім келетіні бар. Камера жеткілікті. Қызметтік көліктер видеотіркегіштермен 100 пайыз қамтылған. 1 сәуірден бастап тек қана планшетке жазамыз деген министрліктің тапсырмасына сәйкес жұмыс істеп жатырмыз. Бізде бұл да жеткілікті деп есептейміз. Бұл бағытта дивайстардың, сонымен қатар, қосымша жасақтардың көмегі көп болып тұр.
Мереке күндері аппараттағы қызметкерлердің көпшілігі қоғамдық тәртіпті қадағалауға үлес қосады. Қалай дегенде де былтырғы мен биылғы жылдың арасында қоғамдық тәртіптің бір ізге түскені байқалады. Қазір халық темекі тұқылын бұрынғыдай кез келген жерге лақтыра бермейді. Өйткені, сол үшін 579 адам жауапқа тартылды», – дейді ол.
Павлодар қаласында Жедел басқару орталығына жалғанған 117 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Екібастұз, Ақсу қалалары мен облыс аудандарында 130 бейнебақылау камерасы орнатылған. Полицияның бастамасымен 2018 жылы жекеменшік фирмалар облыс орталығындағы 350 тұрғын үйге 3 мыңдай камера орнатты. Оның 402-сі Павлодар қаласының учаскелік полиция пунктеріне орнатылған. Солардың көмегімен 500-ге жуық қылмыс ашылған, сонымен қатар, 20 мың әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.
Бұдан өзге, «Қазақтелеком» АҚ арқасында 200 тұрғын үй аулалары мен подъездерінде орнатылған 1724 бейнекамерамен «Әуелік бейнебақылау» жобасы жүзеге асырылуда. «Цифрлы Қазақстан» үкіметтік бағдарламасы аясында Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында 2 мың бейнебақылау камерасын орнатуға, «112 Бірыңғай диспетчерлік қызметін» құру, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында облыс әкімімен бірлесіп, «Павлодар облысында қауіпсіздікті цифрландырудың жол картасын» жасау келісілген.

Жадыра ШАМҰРТАОВА, Астана-Павлодар-Астана

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*