Тыныштық күзетіндегі ұландықтар

Ұлттық ұлан 5514 әскери бөлімінің жеке құрамы күн сайын Талдықорған қаласының қоғамдық тәртібі мен қауіпсіздігін күзету бойынша жауынгерлік қызметке шығады. Сырт көзге байқала бермегенімен, олар күн сайын болып жататын түрлі жағдайларда батылдық пен қырағылықтың үлгісін көрсетіп келеді.
Мысалы, 20 наурыздың кешінде Қабанбай батыр көшесімен келе жатқан 5514 әскери бөлімнің әскери жасағы (құрамында қатардағы жауынгерлер Данияр Халимов, Ризабек Олжин, Сәт Комшабай бар) №66 үйдің 1-қабатының өртеніп жатқанын көріп, бірден өздерінің басшылық кезекшісіне, медициналық жедел жәрдемге және өрт сөндіру қызметіне хабар береді.
Сарбаздар бұл жағдайда әр минуттың маңызды екенін жақсы білгендіктен, дереу үй тұрғындарын сыртқа шығара бастайды.
5514 әскери бөлімнің әскери жасақ кезекшісі, капитан Ерлан Жетібаев жағдайды анықтаған соң, оқиға орнына басқа бағыттарда патрульде жүрген жеке құрамды да тұрғындарға көмек көрсетуге және үйді қоршауға алу үшін шақырды. Дереу Ұлттық ұланның 13 әскери қызметшісі азаматтарға көмекке келді.
Медициналық жедел жәрдем, өрт сөндірушілер және ішкі істер органдарының қызметкерлері келгенше, әскери жасақ күшімен 16 тұрғын қауіпсіз жерге шығарылды.
Талдықорған қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының өрт есеп тобы 1 сағаттың ішінде қызыл жалынды толық сөндірді.
Ұлттық ұланның 5514 әскери бөлімі жеке құрамының жылдам әрі жігерлі іс-қимылының нәтижесінде, өрт шыққан үйдің тұрғындары аман қалды.
Өрттің «Семиречный колбас» дүкенінен шыққаны анықталды. Ал тұрғындар Ұлттық ұлан сарбаздарына алғыстарын жаудырды.
Дәл осы күні Талдықорған қаласының Полиция департаментіне жаппай төбелес болып жатқан жердің мекенжайы айтылған хабар келіп түседі. Әскери жасақ кезекшісі, лейтенант Арман Қасенов бастаған құрамында қатардағы жауынгерлер Владислав Гаррас, Шамшидин Анафия, Бейбарыс Лестер бар әскери жасақ жаппай төбелес болып жатқан ауданға қарай асығады.
Ұлттық ұлан сарбаздарын байқаған бұзақылар жан-жаққа қаша жөнеледі. Дегенмен, әскери жасақ 5 адамды ұстап, қалалық Батыс полиция бөліміне төбелестің себебін анықтау және бұзақылық әрекеттер бойынша процессуальдық шешім қабылдау үшін алып келді.
Өрт кезінде тұрғындарды құтқару және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде көрсеткен ынта-жігерлі іс-әрекеттері үшін 5514 әскери бөлімінің командирі жеке құрамға алғыс айтып, марапаттады.

Данара БАЙМАҒАМБЕТОВА, Алматы облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*