Ұжымды біріктірген ұлық күн

Жамбыл облысы Полиция департаментінің басшы және жеке құрамы «Наурыз – ынтымақ, бірлік мерекесі» деген атаумен жаңару мен жасампаздықтың бастауы болған Наурыз мейрамын атап өтті.

Іс-шара барысында департаменттің Ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің басшысы Гүлсара Мұхтарқұлова жиналғандар алдында Наурыз мейрамының тарихы туралы сөз сөйлеп: «Наурыз – мемлекетті бекем ететін мейрам. Наурыз – имандылықтың, ақыл-ойдың мейрамы. Ерлік пен бірліктің, жарқын жасампаздықтың, адамды ұлты мен нәсіліне, тілі мен дініне бөлмейтін, келісім мен кешірімге бой ұсынған жалпыхалықтық ізгі мереке», – дей келе, әріптестерін мерекемен құттықтады.

Жамбыл облысы Полиция департаментінің Ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің мамандары мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтумен қатар, осы Наурыз мерекесін де айшықтап, өзіндік үлес қосуда. Бұл жолы мекемедегі қазақ тілі курсының тыңдаушыларымен бірлесіп, достық пен жаңаруды дәріптейтін «Наурыз – ынтымақ, бірлік мерекесі!» тақырыбындағы сахналық көріністері көпшілік көңілінен шықты.

ПД Медициналық бөлімінің эпидемиолог дәрігері Құрманғазы Керімбаев қазақтың қонақжай қариясының образын шынайы көрсетті. «Жомарт адам дос көбейтеді» дегендей, тату көршілердің дархан пейілін ерекше ашып көрсете білген ПД Штабының аға инспекторы, полиция подполковнигі Евгений Штепенко, ПД музейінің меңгерушісі Гульчехра Зияутдинова, ПД ӘПБ инспекторы, полиция майоры Анжелика Пронина, Тараз қаласының ПБ қызметкерлері – полиция лейтенанты Фурхат Қадыров, полиция капитаны Арман Тоқбергенов, полиция капитаны Рашид Мамедов, ПД ТҚБ технигі, полиция аға сержанты Диана Борозенцева әріптестерінің ризашылығына бөленді.

Сондай-ақ, іс-шара барысында өнерлі жастардың орындауындағы әсем ән-жырлар кештің көркін келтіріп, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Қызметкерлер күнделікті қызметте біліктілігін танытып қана қоймай, көктемгі той-думанға белсенді қатысып, мерекені ұйымшылдықпен қарсы алды.

Іс-шара соңында молшылықтың белгісіндей Наурыз мейрамының сәнін аша түскен ақ дастархан жайылып, басты дәмі – наурыз көже таратылды. Осындай мазмұнды әрі танымды іс-шаралар алдағы уақытта да жарасымды жалғасын табады.

Жамбыл облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*