Неге шетелде емделуге мәжбүр?

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қатерлі ісіктің қай түріне шалдыққандар шет елдерге емделуге баратынын айтты.

Кеше Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында депутат Кәрібай Мұсырман шетелге емделуге баратын онкологиялық науқастар туралы сұрады.

«Көптеген қазақстандықтар өз бойларында қатерлі ісік дерті анықталғаннан кейін емделуге шетелге кетіп жатады. Көбінесе Отүстік Кореяға, Қытайға және Ресейге барады. Өйткені, елімізде онкологиялық науқастарды емдеудің кейбір тиімділігі жоғары әдістері қолданылмайды. Мысалы, ядролық және протонды терапия, сондай-ақ, донорлардың жетіспеушілігіне байланысты жілік майын (сүйек кемігін) ауыстыру шектелген. Сонымен қатар, науқастардың дәрігер біліктілігіне сенімсіздігі әрі стационарлардағы жағдайларға көңілдерінің толмауы да орын алып отыр», – деді депутат.

Осы орайда, К. Мұсырман қандай онкологиялық ауруларды тек шетелде емдету қажет екенін сұрады. Өз кезегінде министр Елжан Біртанов елімізде арнайы комиссия жұмыс істейтінін, бұл тұрғыда шетелге жіберілетін науқастардың тізімі қаралатынын айтты.

«Біріншіден, елімізде протондық терапия болмағаннан кейін жыл сайын балаларды шетелдік орталықтарға жіберудеміз. Сонымен қатар, 20-ға жуық науқасты гамма-терапияға бағыттаймыз. Биыл Ұлттық нейрохирургия орталығында арнайы орталық ашылып, келесі жылдан бастап бүкіл ем-домды елімізде қамтитын боламыз», – деді министр. Оның сөзіне қарағанда, жыл сайын қан ауруларына шалдыққан балалар да шет мемлекетке трансплантацияға жіберіледі.

«Бүгінде Қазақстандағы екі орталықта трансплантация жасаудамыз. Бірақ, кей жағдайларда донорлар болмаған соң донорларды қарастыру аясында халықаралық орталықтарға бағыттаймыз. Бұл мәселе бақылауда, жыл сайын өзіміздегі трансплантациялардың санын көбейтіп жатырмыз. Осы ретте шетелге жіберілетін онкологиялық аурулардың деңгейі төмендеп келеді», – деді Е. Біртанов.

Үкімет сағаты барысында министр елімізде 181 мың пациент қатерлі ісік диагнозымен диспансерлік бақылауда тұрғанын айтты. Министрдің айтуынша, халықаралық статистикаға сай, Қазақстан қатерлі ісіктен сырқаттанушылық пен өлім көрсеткіштері жоғары елдер қатарына жатады. Соңғы 20 жылдың ішінде елімізде қатерлі ісікпен сырқаттанушылықтың 8%-ға өсуі байқалады. 2018 жылы 35 753 адам алғаш рет есепке алынды, оның 44,3%-ын ерлер және 55,7%-ын әйелдер құрайды. Обырдан қайтыс болғандардың арасында ерлер 53,8%-ды құрап отыр. Алғаш ауырғандардың 60%-ға жуығы – 18 жастан 63 жасқа дейінгі еңбекке қабілетті жастағы адамдар.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*