Жаңа құрамның алғашқы басқосуы

Өткен аптада ІІМ-де Ішкі істер министрі, полиция генерал-майоры Ерлан Тургумбаевтың төрағалығымен Ішкі істер органдарының қызметі мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің жаңартылған құрамдағы бірінші отырысы өтті.

Шараны алғысөзмен ашқан Ішкі істер министрі Ерлан Заманбекұлы Қоғамдық кеңес мүшелеріне белсенді азаматтық позициясы мен ішкі істер органдары қызметіне айрықша назар аударғандары үшін алғысын білдірді.

«Полиция қызметінің басты ұстанымы – ашықтық пен айқындық. Қазақстандық полиция азаматтардың құқығы мен заңды мүдделерін қорғау бойынша қоғаммен ашық диалогқа әрқашан дайын. Қоғамдық кеңес – полиция жұмысын жақсарту, полицияның халыққа жақын болуы, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қылмысқа қарсы күрес саласында мемлекеттік және үкіметтік емес секторлардың ынтымақтастығын, құқықтық сананы және заңға бағынушылықты арттырудың тиімді құралы. Кеңес қызметі ең алдымен қоғаммен тығыз қарым-қатынас орнатуға ықпал етеді, халық пен полиция арасында өзара қарым-қатынас проблемалары туралы алдымен хабардар болуға мүмкіндік туғызады», – деп атап өтті министр.

Содан соң министр ҚК-нің жаңадан жасақталған құрамын жеке-жеке таныстырды. Кеңестің жаңа құрамына азаматтық қоғамның 20 өкілі – белгілі қоғам қайраткерлері, заңгерлер, құқық қорғаушылар, журналистер және ҮЕҰ-ның өкілдері кірді. Атап айтқанда, олар: заң ғылымдарының докторы, професор Марат Қоғамов, «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі Президиумының төрағасы Рүстем Қайдаров, Ішкі істер органдары және Ұлттық ұлан ардагерлері қазақстандық кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков, Парламент Мәжілісінің депутаты Қанат Мусин, Қазақстандық адвокаттар одағының президенті Ануар Түгел, заң ғылымдарының докторы Бахтияр Булеулиев, медицина ғылымдарының докторы Жақсыбай Жұмаділов, публицист, қоғам қайраткері Татьяна Костина, заңгер, қоғам қайраткері, медиатор Ержан Нүрпейісов және т.б.

Ерекше айта кететіні, Ішкі істер министрлігінен Қоғамдық кеңестің жаңа құрамына Кадр саясаты департаментінің бастығы Серік Сүйінбаев, Өзіндік қауіпсіздік департаментінің бастығы Қуат Оспанов, Заң департаментінің директоры Сергей Пономарев, министрдің кеңесшісі Нұрділдә Ораз, Штаб департаментінің бастығы Нұрлан Рамазанов кірді. Бұл жаңа құрам 2019 жылдан 2022 жылға дейін жұмыс істейді.

Министр кеңес мүшелерін таныстырып болған соң, оларға ішкі істер органдарындағы реформа туралы айтып берді. Сондай-ақ, ішкі істер органдарын жаңғыртудың 2019-2021 жылдарға арналған жол картасын іске асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. «Жол картасы 54 шараны қамтитын 9 негізгі бағыттан тұрады. Бірінші бағыт – ішкі істер органдарының штаттық құрамын қысқарту. Бүгінгі күні біз полицияның штаттық санын 11 пайызға, Қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлерін 10 пайызға қысқарттық. Сонымен қатар, ІІМ штабы 15 пайызға қысқарды. Және 1180 басшылық қызмет (оның 96-сы орталық аппарат бойынша) қысқартылды. Сонымен біре, бүгінде сержанттық құрамды офицерлік құрамға ауыстыру кезең-кезеңмен жүргізілуде.

Екінші бағыт – полиция қызметкерлерінің еңбекақысын өсіру, әлеуметтік қорғалуын жақсарту. Бүгінде қызметті оңтайландыру бюджет қаражатын 16 млрд теңгеге үнемдеуге мүмкіндік берді. Бұл қаражат полиция қызметкерлерінің жалақысын өсіруге бағытталады. Соның есебінен жол-патрульдік полициясы қызметкерлерінің жалақысы 65 пайызға, жедел-тергеу бөлімше қызметкерлерінің айлығы 55 пайызға артса, учаскелік инспекторлар, ведомстволық оқу орындары оқытушыларының жалақысына 25 пайыз қосылады. Полицейлердің еңбекақысын өсіруді 2019 жылдың 1 шілдесінен бастаймыз», – деді ведомство басшысы.

Ерлан Тургумбаев аталған Жол картасын іске асыруда Қоғамдық кеңестің белсенді атсалысатынына сенім білдірді. Отырыс барысында министр Қоғамдық кеңес жаңа құрамының төрағалығына М. Нәрікбаев атындағы ҚАЗМЗУ құқықтық әділ сот және ғылыми құқықтық сараптамалар жөніндегі ғылыми-зерттеу жобасының жетекшісі, профессор Марат Қоғамовтың кандидатурасын ұсынды. Бұл ұсыныс кеңес мүшелері тарапынан бірауздан қолдау тауып, Қоғамдық кеңестің төрағасы болып Марат Қоғамов сайланды.

Отырыста Кеңес мүшелері атынан сөйлеген Ануар Түгел: «Марат Шекішұлының төраға болып сайлануын толықтай құптаймын. Ол кісінің Қоғамдық кеңеске төрағалық етуімен көптеген істер атқарылды. Сол үшін де оның кандидатурасын қос қолдап қолдаймын. Бұл жылды Елбасымыз Жастар жылы деп жариялаған соң, Қоғамдық кеңестің жаңа құрамы да жастармен толығып отыр», – деді.

Жаңа сайланған төрағаның басшылығы Қоғамдық кеңес ІІО жаңғырту жөніндегі жол картасын орындау мақсатында әзірленген полицияның қызметін бағалаудың жаңа критерийлер жобасын қарады. Талқылаудан кейін Кеңес мүшелері ішкі істер органдарының қызметін жетілдіруге және нәтижелі реформалауға бағытталған конструктивті ұсыныстар жасады.

 

Жадыра МЫРЗАХМЕТ,

суретті түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*