Павлодарда криминогендік жағдай тұрақты

 Полиция полковнигі Серік БҰХАЕВ:

    Павлодар облысы солтүстік жақтан Ресей Федерациясының Омбы, солтүстік-шығысында Новосібір облыстарымен, шығыс жақтан Алтай өлкесімен, оңтүстігінде Шығыс-Қазақстан және Қарағанды облыстарымен, батыс жағынан Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарымен шектесіп жатқандықтан, Онтүстік-Сібір және Ортасібір темір жол магистралі бойынша автокөліктік, авиациялық, электрондық, құбырлық және өзен көлігімен үнемі қатынас үзілмейді. Оңтүстікке қарай (Шымкент қаласына) ең ірі мұнай құбыры, Қазақстан мен Ресейдің түрлі өңірлеріне тартылған электр қуатын алысқа тарату желілері, Ертіс-Қарағанды-Жезқазған арнасы, Ресейге елдің орталығы мен оңтүстігіне баратын темір жолдар өтетініне бұрын мән бермеппіз.

Осындай тоғыз жолдың торабындағы облыстың ішкі-сыртқы тыныштығын, тәртібін, қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін Полиция деапартаментінің аса жауапты міндеті, атқарар жүгі қандай екенін шамалауға болатындай. Біз арнайы іссапарды Павлодар облысының ПД бастығы орынбасарының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Серік Бұхаевпен сұхбаттасудан бастадық.

 

Серік Аспандиярұлы, сұхбатымызды облыстағы криминогендік жағдайды жақсарту бойынша жасалып жатқан жұмыстардан бастасақ. Жергілікті полиция қызметінің қоғамда тәртіпсіздік пен құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілікті» қалыптастыру, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру бойынша іс-шаралар кешенінің нәтижесіне тоқталсаңыз…

– Қоғамда құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» принципін қалыптастыру мақсатындағы шаралар соңғы 3 жыл ішінде қылмыс деңгейін едәуір төмендетуге мүмкіндік берді. Егер 2015 жылы 10 мың халыққа 221 қылмыстық құқық бұзушылықтан келсе, 2018 жылы бұл көрсеткіш екі есеге қысқарып, 131 деректі құрады. Бұған полицияның ғана емес, басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың профилактикалық жұмысын күшейту және азаматтардың құқықтық сана-сезімі мен қырағылық деңгейін арттыру нәтижесінде қол жетіп отыр. 2018 жылдың қорытындысы бойынша тіркелген құқық бұзушылықтың саны 7,3%-ға (10629-ден 9849-ға), соның ішінде ауыр қылмыс 17%-ға (555-тен 460-қа), бұзақылық 23%ға (153-тен 118-ге), тонау 19%-ға (343-тен 278-ге), қарақшылық бір жарым есе (28-ден 18-ке), зорлау бір ширекке (54-тен 41-ге) төмендеді. Ауыр және аса ауыр қылмыстардың, тонау және алаяқтықтың жалпы ашылуы жақсарды.

– Қазіргі уақытта ең көп тіркелетін қылмыс түрі – ұрлық-қарылық. Оның алдын алу үшін қандай іс-шаралар атқарылуда?

– Биылғы жылдың қаңтар айында Ішкі істер министрлігі тарапынан заңға ұрлық, алаяқтық, бөтеннің мүлкін иемдену және ысырап ету үшін қылмыстық жауапкершілікті қатаңдату бойынша түзетулер енгізілді. Жаңа заңнама бойынша бірнеше рет жасалған ұрлық үшін мүлкі тәркіленіп, екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жауапкершілік қарастырылады. Жол-патрульдік полициясы батальонының кавалериялық взводы құрылды. Олар саяжай алаптарында, сондай-ақ, Баянауыл ауданының демалу орындарында қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етеді.

Такси парктері, «103» қызметі және басқа да апаттық қызметтермен өзара іс-қимыл бойынша меморандум жасалды. Оларға жасалған қылмыстар туралы бағдарлар беріліп отырады. Үй тұрғындарымен, ПИК өкілдерімен подъездерде және аулаларда сигнализация, терезе торларын, жарықты, домофондарды, бейнебақылау камераларын орнату туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.

Қылмыс жасалған орындарды талдау малды көбінесе жайлаулардан ұрлайтынын көрсетеді. Онда малдар ешбір қараусыз өздері жайылып жүре береді. Осы жағдайларды болдырмау мақсатында үй жануарлары иелерінің мәліметіне жануарларды сақтау, орталықтандырып бағу, таңбалау және биркалауды ұйымдастыру бойынша шараларды қабылдау туралы ақпарат жеткізілді.

Нәтиже бар. Атап айтқанда, ұрлық жасағаны үшін 2306 ұры, соның ішінде 612 пәтер ұрлаушы, 77 мал ұрлаушы ұсталды. Жалпы құны 40 млн теңгеге бағаланған 200 бас мал табылып, иелеріне қайтарылды. Жолаушылар тасымалымен айналысатын автопарк иелерімен бірге жүргізілген жұмыс кездесулерінің нәтижесінде, қоғамдық көліктердің 50%ына (автобустар мен трамвайлар) бейнекамералар орнатылды. Соның нәтижесінде жасалған қылмыстар саны үштен біріне төмендеді (31%, 148–ден 102-ге). Соның ішінде қалта ұрлығы 2 есе (53-тен 29-ге) азайып отыр.

Қылмысқа қарсы күресте қызметтік-іздестіру иттерінің рөлін атап өткен жөн. Солардың көмегімен ашылуынан күдер үзген қылмыстар ашылды. Осыған байланысты, облыста кинологиялық қызмет кеңейтілді. Иттері бар кинологтар тек облыс орталығында ғана емес, Успен, Шарбақты, Ертіс, Тереңкөл және Май аудандарында да бар. 2019 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін олар барлық қалалық және аудандық полиция бөлімдерінде жұмыс істемек. Иісті іздерді пайдалану арқылы қылмыстарды ашу үшін одорологиалық зертхана құрылып, мамандар мен қызметтік-іздестіру иттері даярланды.

Патрульдік қызмет полицейлері жарқылдайтын маягы бар «Девайс» жарық диодты модульдерімен жабдықталды. Бұл азаматтардың түнгі уақыттарда полиция қызметкерлеріне дер кезінде жүгінуіне мүмкіндік береді. Патрульдік полиция қызметкерлері аулаға қойылған автокөліктердің терезелеріне салоннан ұрлаудың алдын алу жөнінде жадынамалар орналастырады.

– Ал мас күйінде жасалатын қылмыстар деңгейіне сараптама жасап бере аласыз ба?

– Ақпан айының қорытындысы бойынша жалпы тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар санын төмендетудің оң динамикасы байқалды. Жасалған талдау әрбір екінші кісі өлтіру немесе денсаулыққа ауыр зиян келтіру қылмыстары алкогольді асыра пайдалану салдарынан болатынын көрсетеді. Сондықтан департаменттің негізгі күші маскүнемдікпен күресуге және аса ауыр және ауыр қылмыс түрлерінің алдын алуға бағытталған.

Мас күйінде жасалған қылмыстардың 56%-ға төмендегеніне қарамастан, полиция қызметкерлері 21 жасқа толмағандарға алкоголь өнімдерін сату және алкоголь заңнамасын бұзудың алдын алу бойынша тұрақты түрде жұмыстар жүргізуде. Бүгінгі таңда құқық қорғау органдары алкогольдік заңнаманы бұзудың 34 фактісін анықтады. Оның ішінде мамандандырылған әкімшілік соттың шешімімен 3 жеке кәсіпкер лицензиядан айырылды, ал 31-нің лицензиясының әрекеті тоқтатылды.

– Шекарада орналасқан аймақ болғандықтан, келім-кетім кісі де, алыс-беріс те көп болатыны белгілі. Осы тұрғыда нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестегі жұмыстарыңыздың нәтижесі қандай?

– 2018 жылы 455 есірткі қылмысы анықталды. Оның 76-сы есірткі заттарын ірі көлемде сатумен және сақтаумен байланысты. Сондай-ақ, 463 келі есірткі тәркіленсе, оның 695 грамы – героин. Былтыр қыркүйек айында облысқа еліміздің оңтүстік аймағынан келген Екібастұз қаласының екі тұрғынынан ірі партияда есірткі заты алынды. Оның 278 келісі – марихуана және 436 граммы – «гашиш». Ал желтоқсан айында бұрын сотты болған павлодарлықтан 40 келі «марихуана» алынды.

Еуропадан синтетикалық есірткіні жеткізудің ірі арнасы жабылды. Жедел іс-шаралар өткізу кезінде жасырын, Интернет желісі арқылы синтетикалық заттарды сатқаны үшін облыстың төрт тұрғыны анықталды және ұсталды. Тінту іс-шаралары барысында 12 млн теңгеден астам сомаға 2 келіден астам зат тәркіленді. Қазіргі уақытта күдіктілер қамауда, оларға сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде.

Өткен ақпан айында жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде Алматыдан Екібастұзға есірткі жеткізу арнасының жолы кесілді. Жалпы, осы жылдың басынан бастап 96 келіден астам есірткі заты тәркіленді.

Соңғы жылдары жалпы республика бойынша жол қауіпсіздігі үлкен мәселеге айналды. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін техниканың соңғы жетістіктерін де енгізіп, түрлі амал-тәсілдер қарастырылып жатыр. Көрсеткіш жақсарды ма?

– 2018 жылдың қорытындысы бойынша жол-көлік оқиғаларының саны 3%-ға немесе 29 жағдайға төмендеді. Дегенмен, ЖКО салдарынан қаза тапқандар саны 19%-ға немесе 11 жағдайға артқан. Апаттардың негізгі себептері жүргізушілердің жол ережесіне салғырт қарауы, атап айтқанда, жылдамдықты сақтамау және қарсы жолаққа шығып кету, сондай-ақ, автожолдардың нашар жағдайы да себептердің бірі.

Жол қауіпсіздігі бағыты бойынша 84 мыңнан астам ереже бұзушылық анықталды. Әкімшілік жауапкершілікке 76 мың жүргізуші және 8 мыңнан астам жаяу жүргінші тартылды. Оларға 643 млн теңге айыппұл салынды. Жолдарды зерттеу нәтижесі бойынша 1228 нұсқама шығарылды, 4 млн теңгеге жуық айыппұлды құраған әкімшілік жауапкершілікке 151 лауазымды азамат тартылды.

Травматизм профилактикасы мақсатында департамент ұсынымы бойынша қозғалыс қарқыны жоғары оқу орындары маңында орналасқан 22 жаяу жүргіншілер өткелдеріне жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер назарын аударатын сәулелендіру шамдары бар стробоскоптар орнатылды. Осындай стробоскоптарды орнату осы жылы да жоспарда бар.

Осы жерде бір мысал еске түсіп отыр, 2018 жылы қараша айында түнгі уақытта Астана-Шідерті тас жолында кенеттен жолға шыққан жылқының кесірінен ЖКО орын алған болатын. Көлік жүргізушісі алған дене жарақаттары салдарынан оқиға орнында көз жұмған. Осыған орай, Полиция департаменті облыстық ветеринария басқармасымен бірлесе отырып, малдарға арналған түнгі уақытта жарық шашқыш мойын жібі мен құлақ биркалары үлгілері дайындалды.

– Облыста бейнебақылау камералары жеткілікті ме?

– Павлодар қаласында Жедел басқару орталығына қосылған 117 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Екібастұз, Ақсу қалалары мен облыс аудандарына 130 бейнебақылау камерасы орнатылған. Полицияның бастамасымен облыс орталығында 2018 жылы 350 тұрғын үйге жеке меншік фирмалар 3 мыңдай камера орнатты. 402 камера Павлодар қаласының учаскелік полиция пунктеріне орнатылған. Олардың көмегімен 500-ге жуық қылмыс ашылып, 20 мың әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Облыс әкімінің қолдауымен жол-патрульдік полициясының қызметкерлері әкімшілік өндірісті электронды форматта жүргізулері үшін планшеттер және принтерлермен қамтамасыз етілген.

Павлодар облысында полиция жұмысының ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етіп, халықты полицияға жақын ететін, жалпы халықтың сенімін арттыра түсетін көптеген жұмыстар жасалып жатқанын білеміз. Негізгілерін атап көрсете аласыз ба?

– Полиция қызметкерлеріне келіп түскен шағымдарға, хабарламаларға, ақпараттарға, БАҚ және ғаламтор жарияланымдарына күнделікті мониторинг жүргізіледі және оларды қарау бойынша уақытылы шаралар қабылданады. Мысалы, «Денсаулық жолы» акциясы ұйымдастырылып, оның барысында департамент госпиталінің дәрігерлері көпбалалы отбасылардың барлық отбасы мүшелерін медициналық тексеруден өткізді. Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін жылқыларды және қызметтік иттерді жақыннан көріп тану мүмкіндігі жасалды. Балалар салт атқа мініп, жануарларға жем-қорегін беріп, олармен араласып, осылайша, өз қорқыныштарын жеңіп, ерекше әсер алды.

Қызметкерлердiң кәсіби дайындығынан бөлек, отансүйгiштiк тәрбиесiне зор мән берілетін шығар. Сондай-ақ, олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысасыздар ма? Департаменттің, тіпті, елдің мақтанышына айналған мықты жігіттерді де атай кетсеңіз…

– Алдымен жеке құрамның кәсіби деңгейі мен спорттық даярлығына ерекше көңіл бөлінеді. Оларды әртүрлі тәрбиелік шараларға қатыстыру арқылы патриоттық тәрбиені де басты орынға қоямыз. Одан бөлек, табельдік қаруды жетік меңгеру үшін заманауи интерактивті атыс тирі жұмыс істейді. Жеке құрам шынайы жағдаяттарға бір табан жақын жағдайлардағы тактикалық іс-әрекеттерді оқып үйренеді. Олардың қатарында халықаралық дәрежедегі 2 спорт шебері, 11 Қазақстан Республикасының спорт шебері және 47 спорт шеберіне үміткер бар. Өткен жылы Касабланка (Марокко) қаласында өткен самбо күресі бойынша әлем чемпионатында департамент қызметкері, полиция подполковнигі Ерлан Сыздықов қола медальді жеңіп алды. Полиция аға лейтенанты Нұрсұлтан Хасанов Анапа қаласында өткен кикбоксинг бойынша Әлем Кубогында алтын жүлде иеленді.

Жеке құрамның әлеуметтік мәселелері де назардан тыс қалмайды. Тұрғын үйге мұқтаж полиция қызметкерлері үшін 225 пәтерден тұратын бес подъезді тоғыз қабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оны пайдалануға беру 2019 жылдың маусым айына жоспарлануда.

Ал мақтануға тұрарлық азаматтарымыз жетерлік. Биыл қаңтар айында Тереңкөл ауылында полиция аға сержанты Маруф Мансуров пен полиция кіші сержанты Әсет Әбдіқанов өртеніп жатқан үйден мүгедек ер адамды аман алып шықты. Ал ақпан айында Ақсу қаласы ПБ учаскелік полиция инспекторлары – полиция майоры Ақылбек Теміржанов, полиция капитаны Ержан Қожахметов және полиция аға лейтенанты Мұрат Сұлтанов боран кезінде адасып кеткен екі балықшыны құтқарды.

– Қоғамдық тәртіпті сақтауға азаматтар да қатыса ма?

– 2 мыңнан астам адам құқық қорғау бағытындағы қоғамдық құрылымдар қатарында тұр. Бұлар – сақшы сарбазы, студенттік жасақтар, мемлекеттік емес күзет мекемелері, әртүрлі ұйымдар. Олардың мұрындық болуымен 2018 жылы және 2019 жылдың 2 айы ішінде 61 қылмыс ашылып, 783 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.

Облыс тұрғындарының қылмыскерлерді ұстауға көмек көрсетуінің пайдалы жақтары бар. Мысалы, Екібастұз қаласының тұрғыны Клименко көрші пәтердің терезесінен фонарик жарығын көріп қалып, учаскелік полиция инспекторына қоңырау шалған. Келген жасақ бір топ ұрыны ұстады. Черноярка ауылында азамат Плисовтің берген ақпараты көмегімен металл ұрлаудың 7 эпизоды ашылды. Қылмыскердің белгілері және ол жасырынып кеткен автомашина жайлы «Сардаркузет» ЖШС-нің күзетшісі Абдыгаликов берген ақпарат бойынша Павлодар қаласында «Фаворит» букмекерлік кеңсесіне жасалған қарақшылық шабуыл «ізі суымай» ашылды.

Қоғамдық тәртіпті сақтауға белсенді атсалысқаны үшін 7 жарым млн теңгеден астам сомаға 446 полиция көмекшісі ақшалай сыйақымен көтермеленді. Сондай-ақ, азаматтарға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Өзге өңірлердегі жұртшылықтың пікірінше, Павлодар әлі де қазақ тілі аз қолданылатын облыстар қатарында. Дегенмен, департаментте мемлекеттік тілді дамыту жұмысына қатысты көптеген жұмыстар жасалып жатқанынан хабардармыз. Осындай бір маңызды іс-шараның бір-екеуін кеңірек таратып өтесіз бе?

– Біз үшін мемлекеттік тіл қандай маңызды болса, шекаралық ынтымақтастықтың да рөлі зор. Жуырда Павлодар полицейлері көрші елдің Алтай өлкесі, Омбы және Новосібір облыстарынан келген 20 отандасымызбен кездесті. Павлодар облысы Ресей Федерациясының шекаралас өңірлерімен ұзақ мерзімді мәдениетаралық ынтымақтастықты іске асыру шеңберінде облыстық Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен төртінші жыл қатарынан шекаралас өңірлерде тегін қазақ тілін оқыту курстары ұйымдастырылып отыр. Осы жылғы кезекті курстардың ерекшелігі – Ресей Федерациясындағы қазақ диаспорасының өкілдері Павлодар қаласында оқытылатын болады. Ішкі істер министрі, полиция генерал-майоры Е. Тургумбаевтың тапсырмасы бойынша осыған ұқсас семинарды Павлодар облысы Полиция департаментінің базасында полицейлердің қатысуымен өткізу жоспарланып отыр.

– Сұхбатыңызға рахмет!

                                                                                                                                           Сұхбаттасқан Жадыра ШАМҰРАТОВА,

                                                                                                                                                                    Астана-Павлодар-Астана.

 

 

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*