Алатау баурайынан – шежірелі Семейге

Төтенше жағдайлар қызметі үшін байланыстың үздіксіз қамтамасыз етіліп тұруы өте маңызды. Сол себептен де 1959 жылы 4 қазанда КСРО ІІМ-нің бұйрығымен Алматы өңірінде төтенше жағдайларда жедел қызмет атқаратын байланыс торабы құрылған болатын. 1964 жылы Қазақ КСР-і Азаматтық қорғаныс штабының нұсқауына сәйкес байланыс торабына 68303 әскери бөлімі атауы берілді.

1997 жылдың 17 қарашасында Қазақстан Республикасы Президентінің Үкімімен Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеттің Байланыс торабы, ал 2004 жылдың 28 қыркүйегінде Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің Байланыс торабы болып қайта құрылды.

2014 жылдың қараша айында Елбасының Жарлығымен төтенше жағдайларда қызмет атқаратын әскери бөлімдер, соның ішінде 68303 әскери бөлімі де Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланына берілді.

Төтенше жағдайлар кезінде байланыспен қамтамасыз етіп келген 60 жыл ішінде әскери бөлімнің жеке құрамы қайсар мінез бен табандылықтың үлгісі бола білді. Әскери бөлімнің тарихына ерен еңбек пен ерлік және адал қызметтің шежіресі жазылып келеді. Солардың біразын сипаттап өтсек, 1966 жылдың қазанында Алматы қаласының Медеу ауданындағы тау сілемдерін жару орнында су тасқынынан сақтау үшін екіжақты байланысты ұйымдастыруға белсенді қатысты. 1999 жылдың тамызында Түркияда болған жер сілкінісінің зардаптарын жоюда Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігінің шұғыл әрекет етуші кезекшісімен Түркиядағы шұғыл әрекет етуші құтқарушылар тобы арасында радиобайланысты ұйымдастырды. 2002 жылдың қыркүйегінде Ақмола облысының Ақкөл аулында болған алапат өртті сөндіру кезінде 52859 әскери бөлімнің жеке құрамына тәуліктік кезекшілікті қамтамасыз етіп отырды.

2002 жылдың қазан айында Медеу шатқалында болған өртті сөндіруде байланысты ұйымдастыруға қатысты. 2003 жылдың наурызында жорықтық байланыс торабының жеке құрамы Алматы облысының Талғар ауданындағы Береке саяжайында болған көшкіннің салдарын жоюға қатысты. 2003 жылдың мамыр айында Жамбыл облысының Луговой елді мекенінде болған жер сілкінісі зардаптарын жоюға қатысты. 2004 жылдың ақпанында Төтенше жағдайлар министрлігінің басшыларына Қызылорда қаласында болған су тасқыны орнымен байланысты қамтамасыз етті. Сол жылдың наурыз айында Алматы облысының Талғар ауданындағы Болан саяжайында болған селдің салдарын жоюға қатысты.

2005 жылдың ақпанында жорықтық байланыс торабы Алматы-Таразтас жолында болған төтенше жағдайда байланысты, ал 2006 жылы Сорбұлақ көлінің ауданында болған Үкімет комиссиясының мүшелерін байланыстың барлық түрімен және 2007 жылы «Алтын Емел» ұлттық паркіндегі қорғандарды қалпына келтіру кезінде байланысты қамтамасыз етті. 2007 жылы Жамбыл облысының Жуалы ауданында қар басқан елді мекендегі құтқару жұмыстарына қатысты.

2010 жылы Алматы облысының Қызылағаш ауылындағы су плотинасының жарылуынан болған төтенше жағдай кезінде құтқарушыларды байланыспен қамтамасыз етті. 2013 жылы Алматы облысының Қызылту елді мекенінде болған ұшақ апаты салдарын жоюда байланысты жолға қойды. Бұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Әскери бөлімнің құрылған уақытынан бері көптеген әскери қызметшілер өздерінің жанқиярлық ерліктері үшін мемлекет тарапынан жоғары дәрежедегі марапаттарға ие болды.

Әскери бөлімнің жеке құрамы сан алуан сынақтардан өтті. Дегенмен, бөлімнің алдына қойылған міндеттер әр уақытта ойдағыдай орындалып, азаматтарға төтенше жағдайлардың салдарларын жою кезінде табандылық танытып, көмек қолын созуда алдыңғылар қатарында көрініп келеді.

Ішкі істер министрінің 2018 жылғы 13 сәуірдегі «Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 68303 әскери бөлімінің қайта құрылуы және көшірілуі туралы» №287 бұйрығы негізінде жақында 68303 әскери бөлімнің жеке құрамы Семей қаласындағы жаңа қызмет орнына аттанды. Әскери бөлімнің атқаратын қызметіне табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға қатысу, төтенше жағдай аймақтарына гуманитарлық көмек ретінде тасымалданатын жүктерді алып жүру, күзету және басқа да жаңа міндеттер енгізілді.

Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскерилері және Ардагерлер кеңесі, Алматы облыстық, аудандық әкімдіктердің, Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері 68303 әскери бөлімнің жеке құрамын салтанатты түрде шығарып салды. Қызметтегі ынтасы, үлгілі әскери тәртібі және өз міндеттерін адал атқарғандығы үшін бірқатар лауазымды тұлғалар «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Қайрат Ақтановтың атынан алғыс хаттармен марапатталды. Бөлімнің қоныс аударған жаңа орнына тез бейімделіп, қызметте табыстарға жете берулеріне тілек білдірілді.

                                                                                                                                Данара БАЙМАҒАНБЕТОВА, Алматы қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*