Жеңістің жолы жеңіл емес

  Петропавлда облыстық Полиция департаменті және өзге де құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арасында Қысқы президенттік көпсайыстан ІІМ Чемпионаты өтті. Екі күн бойы еліміздің 50 полицейі үздіктер мен шымырларды анықтады.

Чемпионат салтанатты түрде А. Винокуров атындағы Спорт сарайында ашылды. Шараға Полиция департаментінің басшылығы, жеке құрамы және облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет, ІІМ «Динамо» ДШСҚ ҚБ басқармасының бастығы Владимир Марьин, облыстық мемлекеттік органдардың, құқық қорғау құрылымдарының басшылары, полиция және спорт ардагерлері қатысты. Чемпионатқа республикамыздың 12 өңірінен командалар келді.

«Бүгінгі жарысқа қатысушыларға жоғары нәтиже, абыроймен жеңіске жетулерін тілеймін. Бұл іс-шара спорттағы жетістіктерді ғана көрсетіп қоймай, барлық өңір полицейлерінің, сонымен қатар, өңір жастарының өзара қарым-қатынасын нығайтуға септігін тигізеді. Биыл – Жастар жылы, сондықтан бұл іс-шара осы жылды ажарландыра түседі», – деді облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет.

Погонды спортшылар өз дайындықтарын Макаров тапаншасынан оқ ату, күштік гимнастикадан спорт залдарында, атыс тирлерінде ғана көрсетіп қоймай, Қазақстанның қайыңды өлкесі атанған орманды қала маңында шаңғы тебуден бақ сынасты. Ерлер 5 шақырым, қыздар 3 шақырымға жүгірді. Күн райы жылып, шаңғы жолындағы қар ерісе де, барлық спортшылар керемет нәтиже көрсетті.

Чемпионаттың жабылуы ашық аспан аясында өтті. Командалық біріншілікте 3-орынды Қостанай облысының Полиция департаменті, 2-орынды сайыс иелері – Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің командасы еншілесе, жүлделі 1-орын Астана қаласы Полиция департаментінің командасына бұйырды.

32 жасқа дейінгі ерлер арасында жекелей сында үшінші орынды Астана қаласының ПД қызметкері Нұрлан Байкенже, екінші орынды Қарағанды облысының ПД қызметкері Бауыржан Абзал, бірінші орынды Солтүстік Қазақстан облысының ПД полицейі Олег Гурский иеленді.

Нәзік жандар арасында жекелей біріншілікте 3-орынды Қостанай облысының ПД қызметкері Екатерина Деткова, 2-орынды Астана қаласының ПД қызметкері Нұрсәуле Дәуітқалиева, 1-орынды Солтүстік Қазақстан облысының ПД спортшысы, полиция аға лейтенанты Лидия Логинова алды. Жеңімпаздар кубоктармен, медальдармен, грамоталармен, сондай-ақ, құнды сыйлықтармен марапатталды.

Жүлдегерлерді, қатысушыларды және құрметті ардагерлерді құттықтаған облыстық ПД бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов, бүгінгі қазақстандық полицейдің әрбірі дене шынықтыру дайындығының мықтылығымен және төзімділігімен ерекшеленуі тиіс екенін жеткізді. Облыстық полиция ведомствосының басшысы ардагерлерге белсенділік танытқандары үшін алғыс білдіріп, барлық қатысушыларға қызметте табыс, спортта жоғарғы жетістіктерге жетуді тіледі.

                                                                                                                                Юрий КЛЫКОВ, Солтүстік Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*