Министр азаматтарды қабылдады

Кеше Ішкі істер министрі, полиция генерал-майоры Ерлан Тургумбаев «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалының ғимаратында халықпен алғашқы ашық кездесуін өткізді.
Әр облыстан өздерінің арыз-шағымдарын арқалап келген тұрғындар министрмен бетпе-бет отырып, мәселесін айтып, өтініштерінің оңтайлы шешілетініне нық сеніп, ризашылықтарын білдірісті. Сондай-ақ, бұл ашық кездесу онлайн түрінде өтіп, әр облыстағы Полиция департаменттерінің басшылары, жауапты қызметкерлер тұрғындардың мәселесі бойынша министрдің алдында жауап беріп отырды. Министр әртүрлі шағыммен келген бұл азаматтардың мәселесі күн тәртібінен түспейтіндігін және оны әділ де тез шешу үшін полиция бөліністері басшыларының жұмыс тәртібін қатаң қадағалап отыратынын шегелеп тұрып жеткізді. Тіпті, бұл мәселелер шешілмеген жағдайда, онда олардың орнын халықпен ашық та әділ жұмыс істей алатын азаматтармен ауыстыратынын ескертті.
– Біз қарапайым халықпен әрқашан да ашық та тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін боламыз. Халықтың құқығын қорғау – біздің борышымыз. Олар нақақтан-нақақ күймеуі керек, полиция халыққа таяқ емес, қалқан болуы тиіс. Ешқандай да полицияның өз лауазымын пайдалануына жол бермейміз. Қарапайым тұрғындардың ісіне әділдікпен қарамағандарға, оларды алалағандарға қатаң шаралар қолданамыз. Осыны ашық жеткізу үшін сіздермен кездесіп отырмыз. Бұл қоғамдық кездесу әрі қарай да жалғасын тауып отырады. Ал енді кімге қандай арыз-шағымдарыңыз бар, қандай әділетсіздікке тап болдыңыздар, бәрін ашып айтыңыздар! Дәл осы жерде сол мәселелер бойынша жұмыс істейміз», – деді министр.
Шара барысында Ішкі істер министрінің кеңесшісі – ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз: «Өздеріңіз көрдіңіздер, бүгінгі мәселе бойынша Ішкі істер министрінің алғашқы қабылдауына 36 адам келіп жазылған болатын. Олар тек қана Астана қаласынан емес, әр облыстан өздерінің арыз-шағымын айтты. Көптеген сұрақтар қойылды. Ішкі істер органдарындағы түрлі қылмыстардың дұрыс тергелмеуі, болмаса, полиция қызметкерлерінің үстінен түскен арыздар жан-жақты талқыланды. Одан бөлек, көптеген азаматтар өздерінің ризашылықтарын білдіріп, полиция қызметкерлерінің арасында сауатты әрі өзінің орнын білетін, халыққа адал қызмет ететін жандардың барын айтып алғыстарын білдірді. Яғни, біздің негізгі бағытымыз – полиция ашық болуы керек, халықтан қашық болмауы керек. Полиция халықты емін-еркін, еш кедергісіз қабылдаулары тиіс. Бұдан бөлек, біз бірнеше алаңқайлар дайындап жатырмыз. БАҚ өкілдерімен, әртүрлі блогерлермен ашық жұмыс істейміз. Қоғамда шешімін таппаған түйткілдер өте көп. Мәселен жол-полициясы қызметкерлерін алайық, сол жерде өте көп қордаланған мәселелер бар, осы саладағы жемқорлықтың алдын алуымыз керек. Біздің халықпен алғашқы ашық байланысымыз, күнделікті call-центр, жедел орталыққа келіп түсетін ақпараттар, одан бөлек, халықпен күнделікті қарым-қатынасқа түсетін жол-патрульдік полицейлері бар, осы желідегі бүкіл күрделі мәселелердің барлығын түзеуіміз қажет. Полицияны ашық қылу үшін, министрдің арнайы тапсырмасы бойынша қарапайым халықты үнемі қабылдауымыз керек. Тек министр ғана емес, бүкіл деңгейдегі бірінші басшылар – облыстық департамент басшылары, орталық аппараттағы департамент басшылары мен комитет төрағалары халықпен тығыз қарым-қатынас жасап, осындай қабылдау жүргізуі керек», – деп пікір білдірді.

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ, суретті түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*