Фронт-кеңсе – халыққа жақын орын

Жыл басында Алматы қаласындағы ЛА-155/18 мекемесінде (тергеу изоляторы) фронт-кеңсе ашылған болатын. Жуырда қаладағы ең үлкен тергеу изоляторының осы фронт-кеңсесіне Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев келіп, еліміздің қылмыстық-атқару саласындағы тұңғыш фронт-кеңсе жұмысымен танысты.
Қазіргі заман талабына сай салынған фронт-кеңседе 24 адамдық күту залы, кеңес беру секторы, ақпарат-стендтер және күту кезегін реттейтін электронды аппарат бар. Келушілерге арнайы бағытта 5 терезе қызмет көрсетеді. Бірінші терезеде Алматы қаласының сотқа дейінгі тергеу аумақтық органдарында есепте тұратындарға, екінші терезеде Алматы облысының сотқа дейінгі тергеу аумақтық органдарында есепте тұратындарға, үшінші терезеде Алматы қаласы мен Алматы облысының аумақтық соттарында есепте тұратындарға қызмет көрсетілсе, төртінші терезеде жоғарыдағы 3 терезеге қатысы жоқ мәселелер шешіледі. Ал бесінші терезе режимдік қызметке қатысты жұмыстарға, яғни кездесу ұйымдастыру мен сәлемдемелер қабылдауға арналған.
Сонымен қатар, фронт-кеңседе металлға қарсы детектор, адамдарды және қол жүгін тексеруге арналған рентген құрылғысы, мекеменің кезекші бөлімінен көрініп тұратын 16 бейнебақылау камерасы, шағымдар мен ұсыныстарға арналған жәшік, қалалық және ішкі телефон байланысы бар. Жыл басынан бергі келушілер санына жасалған сараптамаға сүйенсек, фронт-кеңсеге күн сайын 85-90 адам келеді екен.
Жұмыс сапары барысында фронт-кеңсенің қызметімен жан-жақты танысқан агенттік басшысы әлі де қызмет көрсету сапасын жақсарта түсу жолдарын көрсетті.
Осыған орай, жуырда Алматы қаласы Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің үкіметтік емес ұйымдар, Алматы қалалық адвокаттар алқасы өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтіп, онда ЛА-155/18 мекемесінің жұмысын ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Дөңгелек үстел отырысына қатысушылар адвокаттар мен қоғамдық қорғаушылардың Тергеу изоляторында ұсталатындармен кездесуі кезінде туындайтын мәселелер мен изолятор аумағына тыйым салынған заттарды енгізудің алдын алу туралы пікір алмасты.
Дөңгелек үстел барысында Алматы қаласы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы, әділет подполковнигі Дархан Белгібаев Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың ашықтық пен қызмет көрсету бағдарына, есеп беру міндеттілігіне қатысты талаптарына тоқталып, фронт-кеңсенің жұмысын алдағы уақытта да жетілдіре түсу қажеттілігін атап өтті.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА, сурет автордікі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*