Айыппұл төлеу жолдары

Айыппұл – әр азаматтың мойнына жүктелген берешек төлемі. Заң үстемдігі орнаған қоғамда әрбір адам айыппұл төлеудің жолдары мен тәртібін білуі шарт. Осы мақсатта ішкі істер органдары тарапынан салынған айыппұлдарды төлеуге қатысты кейбір сұрақтардың жауабын ұсынып отырмыз.
Қай жағдайларда әкімшілік айыппұлды 50 пайыздық жеңілдікпен төлеуге болады?
– Салынған әкімшілік айыппұлды 50 пайыздық жеңілдікпен төлеу мүмкіндігі жөнінде білген жөн. Егер полиция қызметкері Сізге қатысты әкімшілік хаттаманы рәсімдеу барысында, Сіз өз кінәңізді мойындап, жазасымен келіссеңіз, 7 тәулік ішінде салынған айыппұлдың 50 пайызын төлеу мүмкіндігін пайдалана аласыз.
Мысалы, егер жүргізушіге қатысты қауіпсіздік белдігін тақпағаныңыз үшін әкімшілік хаттама рәсімделсе, оған 5 АЕК, яғни 12 625 теңге айыппұл салынады. Осы жағдайда жүргізуші өз кінәсін мойындап, салынған айыппұлмен келіссе, ол айыппұлдың 50 пайызын, яғни 6312,5 теңгені 7 тәулік ішінде төлеуге құқығы бар. Полиция қызметкері әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманың көшірмесін белгіленген үлгідегі түбіртекпен бірге жүргізушіге тапсырады.
Айта кететін жайт, төленген түбіртекті жүргізуші әкімшілік практика бөліміне тапсыруы қажет. Көп жағдайларда тұрғындар бұл мән-жайларды ескермей, түсініспеушілікке әкеп соқтырады.
Айыппұлдарды қайда және қалай төлеуге болады?
– Айыппұлды төлеудің бірнеше жолы бар. Бүгінгі таңда айыппұлды әдеттегі кассалардан бөлек, екінші деңгейлі банктердің терминалдары арқылы төлеуге де болады. Бюджеттік сыныптама коды – 2014106, айыппұлды төлеуге әкімшілік хаттама нөмірі де крек. Сонымен қатар, айыппұлды egov.kz электронды сайты арқылы да төлеуге болады.
Еgov.kz электронды сайты арқылы айыппұлды төлеу үшін құқық бұзушының ЖСН-і болуы тиіс. Төлеген соң, төлем парақшасын шығарып ала аласыз.
Біздің облыс тұрғындары үшін айта кетейік, Қызылорда қаласы Жібек Жолы көшесі №22 мекенжайында орналасқан Жергілікті полиция қызметінің ғимаратындағы әкімшілік практика бөлімінде кассадан бөлек, терминал және Еgov.kz электронды сайты арқылы да төлей аласыз. Қала тұрғындарына төлеуге кеңесшілер көмек көрсетуде.
Төленген түбіртекті қай жерге өткіземіз?
– Айыппұлды төлеп қана қоймай, төленгені жөніндегі түбіртекті өткізу қажет екендігін тағы да естеріңізге саламыз. Осы мәселе көп жағдайларда түсініспеушілік тудыруда.
Бұны Заң талап етеді. Салынған әкімшілік айыппұлды төлеген соң, ӘҚБтК-де лауазымды тұлғаны хабардар ету жөнінде көрсетілген. Ал Заң – бәрімізге ортақ. Айыппұл төленгені жөнінде түбіртекті әкімшілік практика бөліміне өткізуіңіз қажет. Егер фото-видеофиксация бойынша салынған айыппұл болса, онда ӘПБ Процессингтік орталығына өткізу қажет. Екі бөлім де біздің қаламызда Жібек Жолы көшесі, 22 (бұрыңғы ОблГАИ) мекенжайы бойынша орналасқан.
Сонымен қатар, түбіртекті пошта қызметі арқылы да жолдауға болады. Бастысы құжат уақытылы өткізілуі қажет.
Егер де айыппұл 30 күн мерзімде төленбеген немесе төленген түбіртек уақытылы өткізілмеген болса, ерікті төлеу мерзімінің өтуіне байланысты, әкімшілік қаулы мәжбүрлеп орындату мақсатында жеке сот орындаушыларына жолданады. Бұл жағдайда құқық бұзушы өзіне салынған айыппұлдан бөлек, жеке сот орындаушысының қызметін төлеуге міндетті болады. Яғни, ол – салынған айыппұлдың 25 пайызы. Бұдан бөлек, уақытылы төлемеген жағдайда басқа да жағымсыз жағдайларға тап болуыңыз мүмкін екендігін ескертеміз. Мысалы, шет елдерге шығуда және мемлекеттік қызмет көрсетуде қиындықтар туады.

Қызылорда облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*