Сыр елінің тұңғыш генералы

Қызылорда қаласының орталығында сұлу Сырдария өзені жағалауынан басталып, облыстық Полиция департаменті ғимаратына келіп тірелетін көше киелі Сыр елінің тумасы әрі тұңғыш генералы Нұрылла Алмағамбетовтің атымен аталды.
Биыл 8 наурызда абзал азамат, жерлесіміз, 19 жыл Қазақ КСР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, орынбасары болған, жауынгерлік «Қызыл жұлдыз», екі «Еңбек Қызыл ту» ордендерінің, «Ерлігі үшін» және т.б. 14 медальдің иегері, КСРО Ішкі істер министрлігіне және Қазақ КСР Ішкі істер министрлігіне еңбегі сіңген қызметкер, милиция генерал-майоры Н. Алмағамбетов тірі болғанда 100 жасқа толатын еді.
Ол 1919 жылы Қызылорда облысының Жалағаш ауданына қарасты Бұқарбай батыр (бұрынғы Қызылту ұжымшары, Калинин кеңшары) ауылында туған. Әуелі Қызылорда қаласындағы орта мектепті, кейін Қызылорда медициналық училищесін «фельдшер» мамандығы бойынша аяқтап, Алматы денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің білімін жетілдіру институтының курсынан соң Алматыдағы денсаулық сақтау бөлімінде жауапты қызмет атқарған. 1938 жылы Қызыл Әскердің қатарына шақырылып, 1939 жылы Финн соғысына қатысады.
Ұлы Отан соғысы басталарда ол Ақтөбеде құрылған 101-ші Ұлттық жеке бригаданы (көпшілігі Қазақстаннан барған дивизиялар, оның басым бөлігі – қазақтар) жасақтауға қатысып, ерекше бронды пойыз бөліміне әуелі аға-әскери фельдшер, кейін бөлімнің әскери медициналық қызметінің бастығы, санитарлық ротаның командирі ретінде Калинин, Балтық жағалауы, Төртінші Украина майдандарындағы қанды шайқастарға, Псков облысы, Беларусь, Латвия, Литва, Эстония және Шығыс Еуропа елдерін фашизмнен азат етуге қатысады. 1942 жылдың аяғында Ногинск қаласына жеткізіліп, Жоғарғы Қолбасшының құзырындағы 39-шы армияның қарамағына еніп, Мәскеуді қорғауға атсалысты.
Журналистер Одағының мүшесі Рысбай Кәрімнің «Елім деп соққан жүрегі» атты кітабында 101 ұлттық бригада командирінің орынбасары, қызылордалық майор Мұса Сәдібеков 1942 жылдың 24 желтоқсанында Қызылорда облысы партия комитетінің бірінші хатшысы Төлебаевқа жазған хатында: «Менің жерлесім Нұрылла Алмағамбетов жауынгерлер арасында үлкен беделге ие. Ол ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсетіп, ұрыс даласында жараланған 30 жауынгерге медициналық көмек көрсетіп, оларды ұрыс даласынан алып шығып, ерлік көрсетті. Осы ерлігі үшін ол «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды. Әлі алда Жеңіс күніне дейін талай ерліктер жасай беретін болады» деп көрсетеді.
1943 жылдың наурызында «Ржев асуынан» кейінгі шайқастардан соң, батысқа қарай жорық жолдарын бастаған Н. Алмағамбетов атақты «Багратион» операциясына қатысып, Беларусь жерін неміс басқыншыларынан азат етеді. Полоцк қаласын жаудан босатқан шайқаста ол көрсеткен ерлігі үшін Жоғарғы Бас қолбасшы И.В. Сталиннің Алғыс хаты және «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Сол кездердегі шайқастарды еске алған қаруласы, ардагер, отставкадағы полковник Кәкен Әбенов: «Нұрылла күні-түні ұйқысыз, демалыссыз жаралы жауынгерлердің өмірі үшін күресті. Оларды тірі алып қалу үшін білімі мен тәжірибесін аямады. Ал жаудан «тіл» әкелуге жасақталған арнайы командаға ол бірінші шақырылатын. Финн соғысында осындай тапсырмаларды орындаудағы оның тапқырлығы, бай тәжірибесі, ер жүректігі ескерілетін еді» деп жазды.
Нұрылла ағаның соғыстың ең сұрапыл жерлерінде, әсіресе, Ржев қаласын алудағы басынан кешкендерін өз аузынан талай естігенмін, кейін бұл шайқас туралы оқып, білдім. Ржев асуындағы шайқас Кеңес азаматтарының есінде «Ржев еттурағышы» ретінде қалды. Бұл соғысты немістер де қорқынышпен еске алады екен. Қазір бұрын жалпы айтылмай, жазылмай келген ұғымдар пайда болды. Бұл шайқаста Кеңес әскерлері әскери техника мен адам саны бойынша өте көп шығынға ұшырады, ал немістер аз шығынмен қаланы тастап шықты. Шабуылмен қалаға кірген Кеңес әскерлері немістің 9-армиясы тастап кеткен бос қала мен онда әскер және әскери техникаға ұқсатып көз қылып орналастырылған «арьергардқа» тап болған.
Ржев-Вяземск операциясы Кеңес Одағы басшылығының бақылауында болған. Жау Мәскеуден бар болғаны 150-200 шақырымда Ржевте мықты плацдарм құрған. Ржев қаласы 1943 жылдың 3 наурызында босатылды, ал 4 наурызда Ұлыбритания Премьер-министрі У. Черчилль Сталинге құттықтау хат жолдаған. Қазіргі Ресей тарихшыларының деректеріне сенсек, Сталин бүкіл Ұлы Отан соғысы барысында бір-ақ рет шайқас болған жерге барған екен. Атап айтқанда, 1943 жылдың 3-5 тамыз күндері Ржев асуы мен қаласына барған. Соғыс шығыны туралы әртүрлі деректер бар. Қаза тапқан, із-түссіз жоғалғандардың саны – 392 554, жарақат алғандар – 768 233, тұтқынға түскендер – 63 700.
Қазіргі Ресей тарихшылары бұл алапат шайқасқа кезектесіп жалпы басшылық жасаған Жуков пен Коневті кінәлауда. Ржевте бас қолбасшы болған Жуков өз мемуарларында бұл шайқасқа бар болғаны бірнеше қатар ғана арнаса, Конев ол тақырыпты айналып өтіп, мүлдем ештеңе жазбайды. Бұл шайқаста Кеңес әскерлері жеңгенмен, техника мен адам саны өте көп шығындарға ұшырап, ауыр зардаптарға әкеліп соққан.
Ржев шайқасынан қаншама адам жер жастанғанда, сол жерде соғыстың басынан аяғына шейін қатысқан, қаншама қиыншылықтарды көріп, майдандастарын, достарын ұрыс алаңынан алып шығып, кейбіреулерін жерлеп, қанша рет жаны күйзеліске ұшыраған Нұрылла ағаның «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» демекші, елге аман-есен қайта оралуы оны періштелердің қорғап жүруінен деп түсінуге болады.
Осындай қиян-кескі ұрыстар кезінде Н. Алмағанбетов бірнеше рет жараланып, контузия алып, екінші топтағы мүгедек болған. Бірақ, ол майдан сапындағы әскер қатарында қала берді. 1998 жылы Алматыда «Атамұра» баспасында шыққан «Сыр өңірі» тарихы (көне заманнан бүгінге дейін) кітабының 146-шы бетінде ол туралы төмендегідей жолдар бар: «…Осындай бір ұрыстың кезінде Қызылорда медицина мектебінің түлегі, жалағаштық Н. Әлмағанбетов ұрыс даласынан 30 ауыр жарақаттанған адамды алып шықты. Осы ерлігі үшін ол «Қызыл жұлдыз» орденімен наградталды».
Соғыс аяқталғаннан кейін өзінің командалық құрамымен Н. Алмағамбетов Шығыс Германияның Оңтүстік Саксониясындағы Кетен қаласына әкімшілік қызметке жіберіледі. Соғыстан кейін офицер 2 жыл бойы Германиядағы Кеңес әскерінің қатарында саяси жетекші, кейін өзі қызмет атқарған құрамда медицина қызметінің бастығы болып қызмет атқарады. Соғыс аяқталғаннан кейін Германияда нацистік топтар шабуылдарына тойтарыс беріп, қираған ғимараттарды қалпына келтіру, халықты бейбіт өмірге бейімдеу, дәрігерлік көмек көрсету, халық шаруашылығын қалпына келтіру жұмыстарын ұйымдастыруда Н. Алмағамбетов өзінің іскерлік қабілетін көрсете білді.
Менің әкем соғыстан 1946 жылдың қарашасында келсе, Нұрылла аға елге 1947 жылы оралды. Н. Алмағамбетов бейбіт өмірге араласып, әуелі облыстық денсаулық сақтау бөлімінде эпидемиологиялық науқастарға қарсы күрес секторының меңгерушісі лауазымын атқарып, кейін 1948 жылы ол Қызылорда облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, Қызылорда қалалық партия комитетінің хатшысы лауазымдарын атқарды.
1955 жылы Мәскеудегі КОКП ОК жанындағы жоғарғы партия мектебін аяқтаған соң, Сырдария өзенінде салынып жатқан Қызылорда плотина құрылысына парторг лауазымына тағайындалды. Соғыстан кейінгі ел тұрмысын түзеу үшін Сыр елінің күріш алқаптарын арттырып, оны сумен қамтамасыз ету, Сырдария өзенінде көктемдегі көп суды реттеу үшін бұл құрылыстың стратегиялық маңызы бар еді. Өзіне сеніп тапсырылған бұл жұмыста да Н. Алмағамбетов алдыңғы қатардан көрініп, өзіне көрсетілген сенімді ақтай білді. 1956 жылы плотина құрылысы аяқталған соң, мемлекеттік қауіпсіздік органдарын партияның кадрларымен нығайту саясатына байланысты, ол Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің ШҚО бойынша төрағасының орынбасары қызметіне жіберілді. Бұл қызметте 6 жыл еңбек етіп, Мәскеудегі ҰҚК біржылдық курсын бітіреді. Осы кездері ол мемлекеттік қызметпен қатар, Өскемен қалалық партия комитетінің мүшесі, қалалық Кеңестің депутаты сияқты қоғамдық жұмыстарды белсене атқарды.
Сол кездегі елдегі саяси-әлеуметтік жағдайларға байланысты түрмелердегі 1 181 260 сотталғанға рақымшылық беріліп, бостандыққа шыққан болатын. Олардың көбі тың игеруге, Қазақстанға ағылып келіп жатты. Олардың ішінде рецедивистер, қоғамда ауыр қылмыс жасаушылар, т.б. қылмыскерлер көп болатын. Олармен бейбіт өмірде жұмыс жүргізу, азаматтардың тыныштығын сақтау күн тәртібінде тұрды. Оның үстіне елдегі қауіпсіздік органдары тарапынан жаппай қуғын-сүргін тоқтатылып, бұл органдар партия тарапынан қатаң бақылауға алынған кез болатын. Осы жағдайды ескерген үкімет ІІМ Орталық аппаратын нығайту мақсатында білімді, тәжірибелі, өмірдің ыстық-суығынан өткен кәсіби кадрлармен толықтыруды көздеді. Бұл талапқа майдангер, партия ҰҚК басшы қызметін мінсіз атқарған 43 жастағы Н. Алмағамбетов сәйкес келіп, Қазақ КСР ІІМ-нің бірінші орынбасары қызметіне жіберіледі. Өзіне сеніп тапсырылған бұл қызметті ол 19 жыл абыроймен атқарды. Ол министрліктің үлкен де, жауапты, ауқымды саласын басқарды. Тергеу, Социалистік меншікті жымқырумен күрес, еңбекпен түзеу (лагерьлер, колониялар, түрмелер), құрылыс саласына, өртке қарсы күрес қызметтері саласына жетекшілік етті. Әсіресе, Н. Алмағамбетов ІІМ-нің ауыр саласы – еңбекпен түзеу мекемелеріндегі еңбекпен қайта тәрбиелеу, оларды қоғамның кәдесіне жарату, оларға тұрмыстық жағдай жасау, т.б. өмірлік, өзекті мәселелерді республика көлемінде шешті. Ол түзеу колониялары мен мекемелердегі бас бостандығынан айырылған азаматтарды халық шаруашылығының түрлі салалары бойынша өндіріске тарту, еңбекке пайдалану, сол арқылы халық тұтынатын өнімдер шығару, мамандықтарға оқыту, т.б. шаруашылық орындарын ұйымдастырып, тәрбиелік мәні бар «министрліктер ішіндегі министрлік» саласын өмір талабына сай басқара білді.
Н. Алмағамбетов қай салада қызмет атқарса да өзінің өмірлік тәжірибесін көрсете білді. Оның басшылығымен бұрынғы мыңдаған қылмыскер құрылыс материалдарын, халық тұтынатын тауарларды өндірді. Республикада, қалалар мен қыстақтарда тұрғын үйлерді, зауыт-фабрикаларды, өндіріс орындарын салды. Осындай тәрбиелік маңызы бар жұмыстардың негізінде көптеген бас бостандығынан айрылғандар еңбек тәрбиесін алып түзеліп, отбасына оралып жатты. Осы жұмыстардың ұйытқысы және басшысы болған генерал Н. Алмағамбетов соғыстағыдай еңбек майданында алдыңғы сапта жүрді. Оның бейбіт күндердегі еңбегі ескеріліп, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды.
Тауқыметтер мен қиындықтарды басынан кешіріп, елін жаудан қорғауда, бейбіт күндері қылмысқа қарсы күресте қатардағы жауынгерден генералға дейін көтерілген жерлесіміз Н. Алмағамбетовтің өмір жолы бүгінгі келешек жастарға үлгі екендігі сөзсіз.
Ол кісі – менің әкем Ұлы Отан соғысына қатысушы, партия, Кеңес, кәсіподақ ардагері, «Қызыл жұлдыз», «Отан соғысы» жауынгерлік ордендері мен алты медальдің иегері Асан Қоразбаевтың Мариям апасынан туатын жиені. Өзім де кейін есейген кезде ол кісінің ақыл-кеңестерін естіп өстім. Оның аты Сыр бойына, Ұлы Отан соғысы мен ішкі істер органдары және т.б. тақырыптардағы көптеген кітаптарға енді, әлі де енеді. Сондықтан оның кімге болса да үлгі болатын өмірбаяны, қиын балалық шағы, Финн және Ұлы Отан соғыстарындағы өшпес ерліктері, соғыстан кейінгі Партия, Ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер органдарындағы халық шаруашылығын қалыпқа келтірудегі, социалистік заңдылықты сақтаудағы көрсеткен ерліктері айтуға, жазуға, өлең жолдарын арнауға, тіпті, ол туралы фильмдер түсіруге тұрарлық.
1978 жылы мен мектепте 9 сыныпта оқып жүрген кезімде үйімізде қонақта болып, маған көптеген сұрақтар қойып, біраз әңгімелескеніміз бар. Маған КСРО Ішкі істер министрлігінің Қарағанды Жоғарғы милиция мектебіне оқуға баруымды ұсынды және ата-анамның келісімін алды. Олардың бұл шешіміне қарсы болып, милиция қызметкері болғым келмеді. Ол үшін орта мектепті бітірер алдында құжаттар жинау барысын созып, қасақана ІІІ оқу тоқсанының табелін тығып тастау салдарынан, құжаттар ішкі істер басқармасына кеш тапсырылып, кейін кадр қызметкерлері менің милиция қызметкері болғысы келмегенімді байқап, Алматы өрт-техникалық училищесіне баруымды сұрады және мен солай істедім. Ол оқуда милиция емес, әскери киім киесің дегесін осы оқуды таңдадым. Кейін ол кісінің айтқанын істемегеніне ренжіп, өзіме, әкеме ұрысқаны бар.
1988 жылы қазан айында әкемнің қатты науқастануына байланысты Нұрылла телефон соғып, артынша үйге келді. Сол кісінің келгенін күткендей, көп ұзамай бірнеше күннен кейін әкем қайтыс болды. Сонда ол кісі әкемді Алматыға алып кетіп, жақсы дәрігерлерге көрсетпекші болды. Шешем көнбей, жолды көтере алмайтынын айтты. Ол біздің үйде болғанда, менің бір жастан енді асқан ұлым Ардақты ерекше жақсы көріп, қолына алып: «Тынышсыз бала екен, молданың шөбересі ғой…», – дейтін. Алматыдағы саяжайында мені баласынбай, әңгімеге тартып, көп нәрсені еске түсіретін. Қашан көрсең де қасында көп адамдар еріп жүретін. Мені жақсы көретін. Қатаң болатын кезде қатаң болатын, бірақ жұмсақ, ақжарқын, кішіпейіл, көпшіл, ағайындарды жақсы көріп, сыйлайтын, елді сағынатын.
Сол кісінің шын ықыласпен берген батасы қабыл болса керек, мен полицияда орта, жоғарғы басшы лауазымдарында абыроймен 40 жылға жуық қызмет істеп, полковник шенінде отставкаға шықтым.
Облыстық Полиция департаменті ғимаратының алдына орнатылған Жеңістің 70 жылдығына арналған мәрмәр тақтаға ол кісінің аты-жөні жазылған. Қазақстанның әр түкпірінде шәкірттері жетіп жатыр.
Иә, Нұрылла ағаның Сыр елінде іздері сайрап жатыр. Жалағаш ауданының орталығында да оның атымен аталған көше бар. Генерал оқыған Қызылорда медициналық колледжі мен облыстық өлкетану мұражайында ол кісіге арналған бұрыш ұйымдастырылып, ұстанған заттары, мундиры бүкіл орден, медальдерімен сақталуда. Халық ол кісіні әрдайым тек жақсы жағынан ғана еске алады. Бірнеше жыл бұрын генералдың інісі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Қызылорда облысы бойынша департаменті Ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы қаржы полиция полковнигі Ж. Бекішовтің ұйымдастыруымен Қызылорда қаласында ол кісіні еске алуға арналған іс-шаралар барысында генералдың өміріне, ерліктеріне арналған «Елім деп соққан жүрегі» атты кітаптың тұсауы кесілді.

Хұсайын ҚОРАЗБАЕВ,
Қызылорда облысы Полиция департаментінің
бөлім бастығы, запастағы полиция полковнигі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*