Денсаулыққа ден қойылды

Павлодарлық полиция қызметкерлері көпбалалы отбасылар үшін «Денсаулық жолы» акциясын өткізді.
Бұл іс-шараны құқық қорғау органдарының қызметкерлері «Полицияның игі істері» акциясы аясында жүзеге асырды. Себебі, көптеген отбасылар уақыттың тапшылығына байланысты бауыр еті – балаларына тиісті деңгейде көңіл бөліп, дұрыс тәрбие бере алмай жатады. Күнкөрістің қамымен бала-шағасына бас-көз бола алмай жүрген көпбалалы отбасылардың балаларын медициналық тексеруден өткізу үшін арнайы бригада жолға шықты.
Бригада құрамы дәрігер-терапевт, кардиолог, стоматолог, хирург, офтальмолог, ЛОР, гастроэнтеролог, невропатолог, т.б. 10 шақты маманнан тұрады. Осынша медицина мамандарының басын біріктірген бригада Павлодар қаласының көпбалалы отбасыларын қарады. Сонымен қатар, мамандар зертханалық зерттеулер, электрокардиография, ішкі ағзаларды ультрадыбыстық тексеру жүргізді.
«7 күнге созылатын акция кезінде дәрігерлер 300-ден астам адамға қызмет көрсететін болады. Тексеру жүргізуді бастап та кеттік. Адамдар дән риза. Осы аптада бригада облыстың ауылдарында және қалаларында жұмыс істейді. Менің ойымша, біздің жылжымалы медициналық кешеніміз көпбалалы отбасылардың денсаулығын жақсартуда маңызды рөл атқарады», – деді Павлодар облысы Емханасы бар госпиталінің меңгерушісі Марат Қабиденұлы.
Полиция қызметкерлері мен олардың отбасылары әмбебап медициналық көмек үшін алғысын білдіріп жатыр. Енді олар облыс орталығына барған кезде уақыт пен күш жұмсамайды. Себебі, олар білікті медициналық көмек алады.

Павлодар облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*