Жемқорлықпен күрестің жаңа жоспары

Ішкі істер министрлігіндегі табысты реформа шарттарының бірі – жемқорлықпен күрес. Ведомство бұл бағыттағы жұмыстарды Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірге және азаматтық қоғаммен тығыз байланыста жүргізуге ниетті.
Ынтымақтастықтың басты мақсаты – жемқорлықты іс жүзінде азайтып, ІІМ жүйесі мен еліміздің жемқорлыққа қарсы саясатына халықтың сенімін арттыру.
Ішкі істер министрі, полиция генерал-майоры Ерлан Тургумбаев пен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың басшылығымен және қоғам өкілдерінің қатысуымен арнайы кеңес өтті. Басқосуда ІІМ-ді реформалаудың Жол картасы негізінде әзірленген құқық қорғау органдарындағы жемқорлықпен күрес мәселелері жөніндегі 2019-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының жобасы талқыланды. Жоспарды әзірлеу кезінде соңғы жылдарда, әсіресе, әлеуметтік желіде талқыланған қоғамның ұсынысы сарапқа салынды және жан-жақты талданды. Мәселен, жоспарда тіркеу-емтихан алу бөлімінің, жергілікті полиция қызметі жұмысының айқындығын одан әрі жақсарта түсуге бағытталған іс-шаралар да қарастырылған. Соның ішінде IT-шешімдер және тиімді бизнес үрдістерді енгізуге, жемқорлық төзімсіздігіне тексеру жүргізуге (адалдығын тексеру), тұрғындармен кері байланыстың тиімді жүйесін енгізуге назар аударылады.
«Бірлескен іс-шаралар жоспары – ІІМ және Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшылығы және азаматтық қоғам институты тарапынан қадағаланатын үлкен жұмыстардың бастамасы. Жоспардың жобасы қоғам талқылауынан өткеннен кейін бекітілетін болады. Осы құжатты іске асыру барысы жарияланып отырады. Соның нәтижесінде, қоғаммен кері байланыс орнату қамтамасыз етіледі және оған қажетті түзетулер енгізуге мүмкіндік жасалады. Біздің мақсатымыз – ішкі істер органдары қызметінің әрбір бағыты бойынша себеп-салдарлар мен жағдайларды барынша көп және толық анықтау, сол арқылы жемқорлықты жоюдың тиімді шаралар кешенін әзірлеу», – деп атап өтті Ерлан Тургумбаев.
Алик Шпекбаевтың айтуынша, жемқорлыққа қарсы күрес бойынша ортақ міндеттерді шешу үшін ведомстволық мүдделерді айналып өтіп, министрлік қызметінің тиімді транспаренттік жүйесін құру қажет. «Мемлекет басшысы тұрмыстық жемқорлықты жоюда, көрсетілетін қызметтердің сапасын аттыруда біздің миссиямыздың маңыздылығын атап өткен болатын. Мұның бәрі өз кезегінде халқымыздың әл-ауқатын арттыруға септесері сөзсіз. Біз өз жұмысымызда заңдылық пен адалдық ұстанымдарын қатаң басшылыққа алып, жемқорлық құқықбұзушылықтар фактісінің орын алуына жол бермеуіміз қажет. Біз барлық мүдделі мемлекеттік органдарды және қоғам өкілдерін осы жұмыстарға өз үлесін қосуға шақырамыз», – деді ол кеңесте сөйлеген сөзінде.
Барлық мүдделі мемлекеттік органдар және қоғам өкілдері ішкі істер органдары жүйесіндегі жемқорлықпен күреске өз үлестерін қоса алады. Сол үшін жоспар жобасы ІІМ және аталған агенттіктің сайтында орналастырылады және талқылауға қолжетімді болады. Жоспар азаматтардан түскен ұсыныстар есебінен толықтырылады. Агенттік өз кезегінде ІІМ-ге тек осы іс-шаралар жоспары аясында ғана емес, одан әрі атқарылатын жұмыстарға да әдістемелік көмек көрсетеді. Кезектен тыс аттестаттауды өткізу бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында заңнаманы білуі тестіленеді және агенттік базасында өткізіледі. Аттестаттаудың ашықтығын қамтамасыз етуді аталған агенттіктің азаматтық қоғаммен бірлесе әзірлеген рәсімдер мен материалдар негізінде өткізу жоспарланып отыр.
Шара барысында Ішкі істер министрінің кеңесшісі – ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз: «Полиция ашық әрі халыққа жақын болуы керек. Өздеріңіз көргендей, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп қоғам өкілдерін, сондай-ақ, БАҚ өкілдерін қатыстыра отырып үлкен мәселені талқыладық. Өткен жылы Жол картасы бекітілді. Елбасының тікелей тапсырмасымен осы Жол картасы ІІО-ның қызметін жандандыру, одан әрі халықпен тығыз қарым-қатынасын күшейту үшін тоғыз бағыт анықталған болатын. Соның бір бағыты – сыбайлас жемқорлықты тазарту. Яғни, Ішкі істер министрлігінің сапында сауатсыз әрі өз бас пайдасын ойлайтын қызметкерлерге орын жоқ. Осыны біз бәріне ұғынықты ету үшін осындай жиынды ұйымдастырып отырмыз. Айта кететін болсақ, бұл жерде тек Ішкі істер министрлігіне Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мүшелері ғана емес, қоғам өкілдері, белсенділері өздерінің талабымен барынша атсалысып, бізге қолдау білдіріп, сыбайлас жемқорлықпен күресуде нақты ұсыныстарын енгізіп жатыр. Бұл мәселені көпшілік талқысына шығарамыз, содан соң нақты іс-шараларды Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бекітіп, әрі қарай жұмыс істейтін боламыз. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің сайтына жарияланады», – деді.

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ, суретті түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*