Ұлан арулары – ұжым мақтанышы

8 наурыз мерекесі қарсаңында «Ұлан аруы-2019» фотобайқауы ұйымдастырылған болатын. Дауыс беру нәтижесінде ефрейтор Жанар Рзадинқызы жеңімпаз атанды.
Байқау қорытындысы Астана қаласында Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне арналған салтанатты шарада жария етілді.
Мереке алдында үлгілі қызметімен көзге түскен Орталық аппараттың әйел әскери қызметшілері Ішкі істер министрі мен Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрығымен марапатталып, оларға төсбелгілер, марапаттау мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Сұлулық сайысының нәтижесін жариялау барысында Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, генерал-майор Мұхаметқали Сатов, иықтағы погондар мен қызмет жауапкершілігі нәзік жанды әскери қызметшілерге аяулы ана, адал жар, отбасының ұйытқысы болуға кедергі келтірмейтінін айтып өтті.
Сайысқа еліміздің әр өңірінен бір өкіл қатысқан болатын. Оларды марапаттау салтанаты әр өңірде болып өтті.
Фотобайқауда үшінші орынға Өскемен қаласындағы 5518 әскери бөлімнің қаржы қызметінде аға маман (бухгалтер) болып қызмет атқаратын қатардағы Айдана Жұмаділова ие болды. Риддер қаласының тумасы 2697 лүпіл жинады. Ұлттық ұланда қызмет атқарғанына көп болмаса да, жас ару әріптестерінің зор құрметіне ие болып үлгерді.
Екінші орынға 4264 лүпіл жинаған Петропавл қаласының тумасы, Ұлттық ұлан ән-би ансамбілінің аға музыканты, ефрейтор Әйгерім Молдыбаева ие болды.
«Ұлан аруы-2019» фотобайқауының жеңімпазы болып «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының өкілі, ефрейтор Жанар Рзадинқызы танылды. Ол Алматы қаласындағы 3650 әскери бөлімде техника, қару-жарақ және материалдық қамтамасыз ету бөлімінің маманы болып қызмет атқарады.
Байқаудың бірінші кезеңінде дауыс беруге 20 қатысушы жіберілді. Жеңімпазды анықтау үшін Ұлттық ұланның Инстаграмм әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында дауыс беру жарияланған болатын. Кез келген адам өзіне ұнаған үміткер үшін дауыс беру мүмкіндігіне ие болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фотосайыс жарияланғанда Ұлттық ұланда қызмет атқаратын үміткерлерін барлық өңір ұсынған болатын. Орайы келгенде айту керек, барлық қатысушы «Ұлттық ұлан аруы» атағына лайықты. Сол себепті, «Ұлан аруы» фотосайысын жыл сайын 8 наурыз қарсаңында өткізіп тұруға шешім қабылданды.

Ұлттық ұланның баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*