Жүз жасаған аналар

Жалағаш ауданы Полиция бөлімінің қызметкерлері жүз жасаған әжелерге құрмет көрсетті.
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай, Жалағаш ауданы Полиция бөлімінің бастамасымен Мәдениет ауылының ең егде тұрғындары – 100 жастағы Бибайша Қайырбаева мен 97 жастағы Өтеш Маханова әжейдің үйіне ат басын тіреді.
Аудандық Полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Нұрлан Ағаділов бастаған қызметкерлер және Жалағаш ауданы Полиция бөлімі Ардагерлер кеңесінің төрағасы Б. Ержанов, бөлім ардагері, ҚР Журналистер одағының мүшесі Б. Нұржанов барып, оларды арнайы құттықтады. Бөлім бастығы Нұрлан Ағаділов ғасыр жасап отырған аналарға арнайы құттықтау хатын тапсырып, иықтарына қазақы сәнді қамзол жапты.
Бөлім бастығының орынбасарлары А. Ералиев пен А. Сералиев қарт әжелердің балалары мен немере-шөберелерінің өте тәртіпті, басқаларға үлгі боларлық азаматтар мен жасөспірімдер екенін айтып өтті. Ал Ардагерлер кеңесінің төрағасы Б. Ержанов бұрын осы ауылда учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарғанын айта келе: «Сіздер тәрбиелеп өсірген ұрпақтарыңыз бұрын да үлгілі азаматтар еді, бүгін де сол қалыптарынан айнымапты, келешекте де осылай бола беретініне сенімдімін», – деді.
Қос ғасырдың куәгер аналары өздері бұрын полиция қызметкерлерін тек жаза басқандарды тезге салатын қатал адамдар қатарына жатқызып келгенін айта келе: «Балалар, өркендерің өссін, бақытты болыңдар, ел тыныштығын қоғаудағы қызметтерің жемісті болсын! Аналар мен көптің алғыстарына ие болып, ел сенімін ақтай беріңдер!», – деген ақжарма тілектерін білдіріп, баталарын берді.
Полицейлер мен ардагерлер осыдан кейін Жалағаш кентіндегі қарт аналар Балажан Тойшыбекова мен Мұңсыз Қожахметовалардың да отбасына барып, арнайы құттықтап, сый-сияпат жасады.

Қызылорда облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*