Көктемгі көңілді кеш

Елордалық полицейлер ұжымы әйелдер қауымын 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтады.
Мерекелік іс-шара «Бейбітшілік және келісім сарайының» концерт залында өтті. Ішкі істер министрі, полиция генерал-майоры Ерлан Тургумбаевтың ПД әйел қызметкерлерін құттықтау телеграммасы оқылды.
Елордалық полиция басшысы, полиция генерал-майоры Марат Қожаев департаменттің әйел қызметкерлерін, сондай-ақ, өз өмірін ішкі істер органдары қызметіне арнаған ардагерлерді салтанатты түрде көктем мерекесімен құттықтап, өзінің оларға деген шексіз құрметі мен алғысын білдірді. «Бұл мереке Сіздерге мінсіз еңбектеріңіз үшін де алғыс білдіретін сәт деп ойлаймын. Сіздердің екі жұмысты қатар алып, яғни отбасы шаруасы, бала тәрбиесімен қатар, заңға қызмет ете жүріп, осындай әдемі қалыптарыңызды сақтағандарыңыз бізді таң қалдырады. Көктем мерекесі көңіліңдеріңізге қуаныш, жүздеріңізге нұр, шаңырақтарыңызға шаттық әкелсін!» – деп жүрекжарды тілегін білдірді. Қазіргі таңда қалалық департаментте 800-ден астам әйел азамат қызмет атқарады.
Еңбекте ерекшеленген әйел қызметкерлерді марапаттау рәсімі салтанатты түрде өтті. Салтанатты марапаттау бөлімі аяқталғаннан кейін әйелдерге Полиция департаментінің шығармашылық ұжымы ұйымдастырған концерттік бағдарлама ұсынылды.

Астана қаласының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*