Өңір полицейлері үздік атанды

Облыс орталығында «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының дәстүрлі қысқы спартакиадасы бастау алды. Күш құрылымдарының 14 ұжымы өзара күш сынасты.
Жарысты ашқан Солтүстік Қазақстан облысы ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қапез Дәулетбаев жарысқа қатысушы нәзік жандыларды келе жатқан 8 наурыз мерекесімен құттықтады. «Погон таққан нәзік жандылар құқық тәртібі қызметінде қажетті шыдамдылық пен спорттағы жақсы қалпын әрқашан көрсетуге дайын», – деді ол.
Алты жүлделі орынның төртеуі полиция қызметкерлеріне бұйырды. Бірінші орынды облыстық ПД Арнайы даярлық басқармасының инспекторы Лидия Логинова иеленді. Екінші орынға 6637 әскери бөлімінің ұжымынан Оксана Барсай табан тіресе, ал үшінші орынды Облыстық Мамандандырылған күзет қызметі басқармасынан Алина Омарова місе тұтты.
Ерлер арасында жүлделі орынға талас тартысты өтті. Әсіресе, мәре сызығына санаулы қадамдар қалғанда кімнің жүйрік екені белгілі болды. Біріншіліктің бас жүлдесі облыстық ПД Оқу-жаттығу взводының қызметкері Олег Гурскийге бұйырды. Жеңіс тұғырының екінші сатысына Ұлттық ұлан Әскери институтының өкілі Бақытжан Жангулин көтерілді, ал үшінші орынға Аққайың ауданы ПБ Жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік инспекторы Азатбек Темірханұлы табан тіреді.
«Жүлдегерлер қатарынан көрінгеніме қуаныштымын, – дейді Азатбек. – Жарыс өте тартысты өтті. Барлық жеңімпаздар – мықты спортшылар, спорт шеберіне үміткерлер. Өзім әуесқоймын. Алғаш рет шаңғы тебумен Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде оқып жүргенде айналыстым. Сол кезден бастап осы спорт түріне ден қоя бастадым. Үнемі жарыстарға қатысатынмын. Бокспен айналысуға да уақыт бөлемін».
Жалпыкомандалық есепте 6637 әскери бөлімі дене шынықтыру ұжымының қатысушылары чемпион атанды. Екінші орынды Әскери институттың, үшінші орынды Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкерлері иеленді.
«Динамо» қоғамы мүшелерінің спартакиадасы жаздың соңына дейін созылмақ. Күш құрылымдарының қызметкерлері волейболдан, Макаров тапаншасынан атудан, Президенттік тесттен, гір спортынан бақтарын сынайды. Спартакиада соңында шағын футбол мен самбодан жарыс өтеді.

Солтүстік Қазақстан облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*