Адамдықтың асылы – қайырымдылық

Өмірде барлығы біз ойлағандай жаксы немесе мінсіз бола бермейді. Сондықтан өмірдің бұралаң да қиын жолдары мен кезеңдері әр адамды әбігерге салатын кездері болып тұрады.
Жаратушының пендесіне қалаған сынағы шығар, бірақ, деміккенге демеу, қиналғанға қамал болу және аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсыну – адамзаттың басты парызы.
Өзі туып-өскен Қостанай облысының мерейін үстем етіп жүрген спортшы, еркін күрестен спорт шеберіне үміткер Динара Иманбаева әпкеміз бүгінде бір ауыр сынақтың алдында тұр. Құдай қалап, дертінен құлан-таза айығып, арамызға қайта қосылатынына сенеміз.
Қайырымдылық пен жанашырлық – қазақ халқының ең ізгі қасиеттерінің бірі емес пе?! Біреу қиналғанда қол ұшын созу, оны демеу, ауырғанға, қамыққанға қолғабыс етіп, халін білу – адамгершіліктің ең үлкен белгісі. Сол себепті, Қостанай облысы спорттық самбо және жауынгерлік самбо федерациясының басшылығы мен жаттықтырушыларының бастамасымен ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясының басшы құрамы, соның ішінде тәрбие жұмысы бөлімі мен жауынгерлік және дене дайындығы кафедрасының қызметкерлер құрамы Қостанай облысының чемпионаты аясында Динара Иманбаеваға қолдау көрсетуге арналған «Балуандар бір-бірін қолдайды» атты қайырымдылық акциясын өткізді.
Әлеуметтік желі арқылы халыққа үндеу жасап, акцияны қолдауға шақырған самбо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Асылбек Әлкей, дзюдо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дидар Хамза сынды ағаларымыз Қазақстан халқын осы іс-шараны қолдауға шақырды. Тек елімізде ғана емес, сонымен қатар, Украина елінің Еңбек сіңірген спорт шебері, әйгілі «Партер күші» жобасының авторы және жүргізушісі Иван Васильчук сынды самбо күресінің майталманы да ниетімізді қолдады.
Осылайша, жұдырықтай жұмылған ұйымдастырушыларға қол ұшын созып, көмегін көрсеткен жанашырлар аз емес. Жүрегінде жылуы бар тұлғалардың істеген жұмыстарының арқасында іс-шара жоғары деңгейде өтіп, бірқатар адамдарды мейірімділікке, қайырымдылыққа шақырды.
Жарыс барысында Айкүнім Шешенғарақызы Динара әпкемізді қолдау үшін отбасы және жолдастарымен қосылып, «My_Moon_Sun_Мейірімді_Жүрек» атты іс-шарада әртүрлі торттар, көптеген тәтті тоқаштар және спортшыларды қуаттандыратын тағамдар әзірлеп, сайыс барысында оларды көрермендер мен спортшыларға ұсынды. Айкүнім апамыздың жасаған адал ісінің басты мақсаты – барлық жиналған қаражатты Динара сіңлісіне арналған қолдау жәшігіне салу болатын.
Сондай-ақ, додамызды қолдап, демеушілік көрсеткен «Вот Так» жарнама агенттігінің директоры Юрий Троян жарнамалық банерлерді жасап, қайырымдылықтың үлгісін көрсетті.
Осындайда ауызбіршілік таныта білген аға-апаларымыз аз емес. Аталған азаматтардың ұйымдастыруындағы сайыстың басты ниеті түскен қаражаттың барлығын Динара әпкеміздің еміне жұмсап, «көп түкірсе – көл» дегендей, оның бір пайдасы болатынына сеніміміз мол.
Ашылу салтанатында алғаш сөз алған Академия бастығы, полиция генерал-майоры Мирлан Қызылов балуандарға сәттілік тілеп, бұл акцияның маңызы зор әрі орынды екенін айтып, толығымен қолдайтынын білдірді. Құрмет төрінде болған қонақтар өздерінің ізгі лебіздерін айтып, үлесін қосып, спортшылардың шеберлігін сүйсіне тамашалады. Ал спортшылар бір жағынан жарыстың жалынын жандыра түссе, екіншеден, аталмыш іс-шараға үлесін қосып, белсене атсалысты.
Жарысымыздың ашылу салтанатында Қазақстан Республикаының еңбек сіңірген қайраткері Қалибек Деріпсалдин басқарған академиямыздың домбырашылар ансамблі күмбірлеген күйімен, Әлия Сүлейменованың жетекшілігімен «Индиго» хореографиялық студиясы, қалалық балалар шығармашылық мектебінің мың бұралған биші қыздарымен қосылып, академиямыздың 1-курс бишілер ұжымы да өнер көрсетіп, сайысымыздың сәнін келтірді.
Турнирге 12 команда қатысып, 9 салмақ дәрежесінде бақтарын сынап, өздерінің бабында шынығып жүрген, бәйгеде алдыңғы қатарда көрінетін хас тұлпардай мықтылары ағымдағы жылдың 4-8 сәуір аралығында Семей қаласында өтетін республикалық додада бақтарын сынап көруге мүмкіндік алды.
«Жүзден – жүйрік» шыққан жүлдегер самбошылар қатарында 52 салмақ дәрежесінде Аслан Жанай, 57 салмақ дәрежесінде Ақжол Балтабаев, 62 салмақ дәрежесінде Нұржан Жұмабеков, 68 салмақ дәрежесінде Нұрбол Товбоев, 74 салмақ дәрежесінде Асқар Балтабаев, 82 салмақ дәрежесінде Ержан Темірбаев, 90 салмақ дәрежесінде Ғазиз Қунақов, 100 салмақ дәрежесінде Темірлан Сапаров, 100+ салмақ дәрежесінде Талғат Жиентаев жеңімпаз атанды.
Жауынгерлік самбодан «мыңнан – тұлпар» шыққан балуандар: 52 салмақ дәрежесінде Алтынбек Тасанов, 57 салмақ дәрежесінде Данияр Файзолла, 62 салмақ дәрежесінде Арман Беспаев, 68 салмақ дәрежесінде Нұрсұлтан Жакенов, 74 салмақ дәрежесінде Артем Кулик, 82 салмақ дәрежесінде Жұмахан Сейдрахманұлы, 90 салмақ дәрежесінде Еркебұлан Омаров, 100 салмақ дәрежесінде Әлібек Темірбаев топ жарды.

ІІМ Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясының баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*